Жылудың қарызын жинап жүр

Жылу қарызын тезірек төлеуді "3-Энергоорталық" маманы талап етуде

Қыркүйектің 12-нен бастап жылудың қарызын төлемеген шымкенттік тұрғындарға ескерту айлығы басталған болатын. Қазір «3-Энергоорталықтың» мамандары сот орындаушыларымен бірге пәтерлерді аралап, қарызданған тұтынушылардың мүлкін тәркілеуді бастады. Жылуберушілер төленбей жүрген 737,3 млн. теңгені осылайша өндіріп алмақ.

Асқар Шипеков, «3-Энергоорталық» АҚ-ның сатып өткізу бөлімінің бастығы: Шымкенттегі Абай, әл-Фараби және Еңбекші аудандары бойынша, жылу қарызын төлемеген 2446 пәтерге сот шешімі шықты. Төленбеген жалпы соманың 644,1 млн. теңгесін жеке тұлғалар құрайды. Жылуға заңды тұлғалардың қарызы 93 млн. теңгеден асып отыр.

Рейдтік шаралар барысында соторындаушылары мен жылуберуші мамандар түрлі қиындықтарға тап болды. Мамандар рейд барысында аралаған бірнеше үйдің егелері «Қарызымды төлемеймінге» басты. Мәселен, «Күншығыс» шағынауданындағы №32 үйдің 3-пәтер тұрғыны жылудың қарызын өтемейтінін айтқанымен қоймай, бөлмесінен шықпай, мамандардың жұмысына кедергі келтірді.

Шерім Уақов, үй иесі: «Пәтерімде ешқашан жылу болған емес. Тіпті, қысты күні аяқ-қолымыз бір жылынбай-ақ қойды. Сонда менен 178 теңгені не үшін төлеуім керек?!»

Мамандар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жылуға қарызын олардың айлық жалақысы мен зейнетақысының есеп-шоттарын тұтқынға алу арқылы өндіреміз дейді. Қазір соторындаушыларының көмегімен жылуға қарыз азаматтардан 54 млн. теңге қайтарылған. Бұл 1100 тұтынушының төлемақысы.

Мұхтар Байысбеков, Еңбекші аумақтық соторындаушылары бөлімінің маманы: «Пәтер тұрғындарына ауызша түсіндіріп айтамыз. Жылу қарызын төлемеймін дегендерінің мүлкін тәркілеп жатырмыз. Он күндей мұрсат беріледі, онда да жылу қарызын төлемесе тәркіленген мүлікті саудаға шығаруға мәжбүрміз. Егер, қарызын қасақана төлемесе, әкімшілік жаза қолданылады».

Рейдтік іс-шара қазан айының 12-сіне дейін жалғасады.