«Құрбандыққа бала шалады» дегендер қолға түсті

244
Салтанат Қаракөзова

Үш апта бойы Оңтүстік Қазақстан облысында «әлдебіреулер жас балаларды ұрлап немесе өлтіріп кетіп жатыр», деген дақпырт тұрғындарды дүрліктірді. Бүгін тәртіп сақшылары осы үрейлі сыбысты ресми түрде жоққа шығарды. Ал осы алып қашпа әңгімеге арқау болған бірнеше парақша табылып, оны таратқандар тұтқынға алынды.

Елді елеңдеткен әңгімеге Мақтарал ауданында таратылған парақшалар себеп болған. Полиция қызметкерлері Мырзакент және Атакент ауылдарынан « алдағы күндерде 12 жасқа дейінігі 70 бала құрбандыққа шалынатыны туралы жазылған» 8 парақша тәркілепті. Оны таратты деген күдікпен 21 мен 36 жастағы екі жігіт пен бір әйел ұсталды.
Ұсталғандардың бірі, Алматы облысының тұрғыны, бұрын қарақшылық жасағаны үшін сотты болған. Қалған екеуі жергілікті тұрғандар. Күдіктілердің бәрі еш жерде жұмыс істемейтін болып шықты. Тәртіп сақшыларының айтуынша, олар ешқандай діни ұйымға қатысы жоқ және күдіктілер бұл әрекетін бұзақылық ниетпен жасағанын мойындап отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысында «Құрбан айт мерекесі қарсаңында жас балалар ұрланып жатыр, тіпті оларды өлтіріп кетіп жатыр» деген суық хабардың желдей есіп жүргеніне үш апта болды. Осыны естіген кей ата-аналар балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорықса, бұл сыбысқа салқын қарағандар да бар.
Бақытжан Тағаев, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Мен оған сенбеймін. Өйткені Ислам дінінде ондай жоқ. Ондай нәрсе жазылмаған Құранда.

Лариса Конончук, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Мақтаралдан туыстарымыз телефон шалып, «балалар ұрланып жатыр» дегенді хабарлады. Бойды қорқыныш биледі. Сенерімді де сенбесімді де білмеймін.

«Самауырынның суы тасыса, Самарқанды су алдыратын» ауыз күнгейдің кей аумақтарында жаппай балалар ұрланып жатқанын да жұртқа жеткізіп үлгерді. Тіпті, балаларды басқа емес, мектепте бауыздап кетіп жатыр деген дақпырт та тарады. Бірақ, мектеп жасындағы балаларға қатысты қылмыс ресми органның бірде біреуінде тіркелмеген.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Ішкі істер органдарының өкілі ретінде облыс аумағында жедел жағдай бір қалыпты екенін баяндаймын сіздерге. Полиция қызметкерлері жағдайды қатаң бақылауға алғанын және алдағы уақытта да қатаң бақылауда болатынын нақты мәлімдеймін.