Шымкент өзіне – өзі ұқсаудан қалды

Мәдениетті сақтау, дамыту мәселелеріне байланысты ауылда туындап отырған проблемаларды үстірт болса да, айтып өттік. Енді қаладағы осы жайға аз-кем тоқталып өтсек дейміз.
Иә, көп нәрседе, әсіресе мәдениетке қатысты мәселелерді шешуге келгенде ауыл қалаға жалтақтайды. Өміріміз солай қалыптасқан. Шын мәнінде Оңтүстіктегі ауылдардың қай-қайсысы да Шымкентке қарап бой түзейді, осындағы құзырлы мекемелерден, өнер мен білім ордаларынан, жоғары шенді шенеуніктерден көмек күтеді. Облыс орталығы қолұшын созбай отыр дей алмаймыз.
Бірақ Шымкенттің өз проблемалары да шаш-етектен. Кезінде кейінге ысырыла берген мәселелер (газ, су, жол, жарық, т.б) жылдар өте келе қордаланып, шешілуі қиын түйіндерге айналған. Сондықтан ауыл қалаға қараса, ал қала жерге қарайды, яғни көмектесуге қауқарсыз, әсіресе мәдениет тұрғысынан үлгі бола алмай жатады. Шымкент қандай қала өзі? Мақтауға болады, солай етіп те жүрміз. Бірақ республикадағы үшінші қала атануға ұмтылған Шымкент соңғы жылдары өзін айнала қоршаған және өтпелі кезеңде жоспарсыз пайда болған көптеген ауылдарды ерікті де, еріксіз де құрамына қоса-қоса шашырап, ауа жайылып кетті. Өз проблемаларын әупіріммен шешіп келе жатқан көне де жаңа кент сусыз, жолсыз және жарықсыз жерде бой көтерген әлігі он-сан елді мекендердің түйінді мәселелерін қалай тез тарқата қойсын? Шымкент біреу, ал оған қарайтын ауылдар көп. Бұларға қала деуге келе бермейтін шағынаудандарды қосыңыз.
Оларды екінің бірі атап бере алмайды. Біз де түгендеп, түгелдеп бере алмаймыз. Дегенмен санамалап көрейік: «Самал – 1, 2, 3», «Қайтпас – 1, 2», Қазығұрт, Сәуле, Шапағат, Пахтакор, Наурыз, Чапаевка, Фосфор зауыты аймағы, Қорғасын зауыты аймағы, аэропорт аймағы, Қатынкөпір аймағы, бұрынғы Қайнарбұлақ саяжайлар аймағы, Бадам, Қошқарата өзендері бойында шашырап жатқан, ішкі және сыртқы ауылдар, Сайрам кентінің бергі тұсында пайда болған шағын мекендер, баяғыда-ақ қала ортасында қалып кетсе де, шаһар деуге келмейтін көшелер, орамдар (теміржол вокзалы, ескі автовокзал, цемент, шифер, фосфор зауыттары айналасы), қаланың орталығындағы 112-орам, Түркістан көшесі бойындағы үйлер (ал бұндай көшелер қаншама!), осылай да осылай тізе беруге болады.
Тіпті қазір «Қаланың негізгі орталығы қайсы?» деген сұраққа сарт еткізіп жауап та қата алмаймыз. Әл-Фараби алаңы ма? Ордабасы алаңы ма? Айтпақшы, қаланың айналасындағы он-сан ауылдардың тұрғындары таңертең автобустарға таласа-тармаса мініп жатады. – Қайда барасыздар? – деп сұрап көріңіз. – Шымкентке, – дейді. – Қалаға, – дейді. – Орталыққа, – деп ешкім айтпайды. Сонда Шымкентте тұратын адамдардың «Шымкентке барамыз» деуі қалай? Демек олар өздерін «қалалықпыз» дей алмайды. Оларда ондай сезім де, сенім де қалыптаспаған. Ол ауылдарда қалаға тән нәрселер, атап айтқанда қала мәдениеті, қалалық тұрмыс, сондай-ақ аурухана, емхана, т.б жоқ. Бәрі қаланың ескі бөлігінде шоғырланған.
Қалаға қарайтын ауылдарда соңғы жылдары жаппай мектептер салынды әйтеуір. Жоғарыда айтқанымыздай, жол, көлік, жылу, жарық, газ мәселелері толық шешілмеген. Жуық арада шешілмесі анық. Өйткені кезінде айнала төңіректегі жер аумақтарын асығыс қалаға қосып, мыңдаған жер телімдері оңды-солды үлестірілген. Сөйтіп қала сол тұста ұзынынан да, көлденеңінен де есепсіз өсіп шыға келген-ді. Соңғы жылдары тұрғын үй салу үшін жер бөлу тоқтамаса да, саябырсыды.
Бірақ Шымкенттің жақын маңдағы елді мекендерді «жұтуы» тоқтамады. Бір миллионға деген ұмтылыс бар. Ол межеге де жетерміз. Сонда Шымкент қандай болады? Қазірдің өзінде көпқабатты жылуы, жарығы, суы, газы, канализациясы бар үйлерде тұратындардан ондай игіліктерден дәлелденбейтін «қалалықтар» саны басым. Шымкенттіктерден гөрі «шымкенттіктердің» көп екені бесенеден белгілі.
Бір қызығы, көпқабатты үйлерден қашатындар азаяр емес, соның салдарынан да болар, қоржын тамдар қаптады. Шымкенттің болашағын тап басып айту қиын… Әр қаланың қалыптасқан өзіндік бет-бейнесі болады. Өзіне ғана тән. Шымкентте сол бар ма? Бар, әрине. Бірақ соңғы жылдары Шымкент өзіне-өзі ұқсамай барады. Қаптаған жекеменшік дүкендер, мейрамханалар, тойханалар үшін ортақ түсінік, ортақ жауапкершілік, ортақ сәулет дәстүрі мен талабы жоқ. Әркім өзінше сәулеткер.
Біреу Қытайға, біреу Самарқанға, тағы біреу Вавилонға еліктейді. Қаламызда бүкіл әлемдік сәулет өнерінің нышандары көрініс тапқан. Сол бір-бірімен үйлесіп тұр деп айта алмаймыз. Демек қала салу мәдениетінің дәстүрі дегенде басқаларға, ауылдарымызға ұсынар үлгіміз, көрсетер өнегеміз шамалы. Бұл орайда мемлекеттік тапсырыспен салынған ғимараттар, ескерткіштер, алаңдар ғана заман мен тәуелсіздік талаптарына жауап бере алатын болса керек. Сонда жекеменшік фирма, компания, серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлердің кейбірінде ортақ үйімізді көркейту, ортақ қаламыздың болмысын сақтау дегеннен гөрі ұлттық өзімшілдігі басым екен. Сол сияқты мәдениетті, сапалы қызмет көрсетуден бұрын пайда табуды ойлайтындардың ықпал-әсерінен шығар, палау, лаваш орталықтары көбейіп, мәдениет ошақтары азайып кетті. Оны айтасыз, жеке кәспкерлер нысанға ат қойғанда «империя» деген сөзді қолдана бастады. Олар, әрине, империя жүрген жерде отарлау да қоса қабаттасатынын біледі. Әдейі қыр көрсететін шығар. Бұндай астамшылықты қоятын кез әлі жеткен жоқ па? Әлде мәдениеттілік жетіспей тұр ма?
Көптеген өркениетті мемлекеттерде халықтың басым көпшілігі қалаларға шоғырланған. Адамдарды қаланың жайлы тұрмысы, биік мәдениеті тартатын болса керек. Білім ошақтары да қалаларда. Бізде де солай. Солай болуы керек. Алайда, өкінішке орай, әлі де солай болмай отыр ғой. Жолаушыларға қызмет көрсету, сауда-саттық, сөйлеу және жазу мәдениеті, түрлі мекеме, ұйым, компониялардағы көпшілікке деген көзқарас мәдениет ауылынан алыстау жатыр. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан он-сан іс-шаралар өз жемісін бере қойған жоқ. Жасыл желегімен, меймандостығымен аты шыққан көне қаланың тарихы біз ойлағаннан да тереңде жатыр екен. Археологтар солай дейді. Демек біздің мәдениетіміздің бастау-бұлақтары да ғасырлардың тереңінен жол тартады. Тәуелсіздк алғанымыз мынау. Сонда дейміз-ау, Шымкент сынды шаһардың әлемдік өркениет көшінен қалатындай, кешігетіндей жөні жоқ-ау.
Захардин ҚЫСТАУБАЕВ.

«Оңтүстік Рабат» газеті. №47, 23-қараша 2011 ж