Шымкентке Ресейдің Қазақстандағы елшісі келді

Бұл қызметте жарты жылдан бері жүрген Виктор Завьялов Оңтүстік Қазақстанға бірінші рет ат басын бұрып отыр. Ресей елшісі облыс басшылығымен кездесіп, Ресей Федерациясының мемлекеттік думасының жаңа сайлауына қатысты мәселелерді талқылады. Оңтүстікқазақстандық билік басындағылар дипломаттың жұмыс бағдарламасын кеңейтіп, Шымқаланың шырайлы жерлеріне саяхаттатты.

Ресейдің Қазақстандағы бас консулы үшін Шымкенттегі Даңқ мемориалына саяхаттау таңқаларлық жағдай болды. Өйткені, мұндайды көремін деп Виктор Завьяловтың өзі де күтпеген екен. Дипломатты әсіресе, кешеннің ғажап жоспары мен әсем құрылысы, ең бастысы соғыс жылдарында жауға аттанған азаматтардың мұрағатын тынымсыз іздеудің нәтижесіне елші мырза разы дән риза.

Құрметті қонаққа қаладағы өзге де көркем орындар көрсетілді. Ордабасы алаңы, Тәуелсіздік саябағы. Ресейлік елші тағы да таңырқады. Себебі, Қазақстанда өмір сүретін 130-дан аса ұлт пен ұлысты бұлайша құрметтеу елдің өзге өңірлерінде жоқ. Виктор Завьяловтың бұл Шымкентке тұңғыш сапары. Оңтүстіктегі қарқынды құрылысқа таңдай қаққан құрметті қонаққа біздікілер де айрықша разы болды. Себебі ол Шымкенттік ордабасы футбол командасының жетістіктері жайлы көп білетін болып шықты.