Өз анасын айуандықпен өлтірген

Сурет www.otyrar-tv.kz cайтынан алынды

Қайғылы оқиға Састөбе ауылында 25-желтоқсан күні орын алған. Түлкібас аудандық полиция бөліміне 46 жастағы әйел азаматшасының өз үйінде өлігі табылғандығы жөнінде хабар келіп түскен. Қазір оны айуандықпен өлтіргені анықталып отыр.

Оқиға орнына жедел жеткен тергеу тобы қарау барысында, жәбір көрген марқұмның желке тұсынан 4 рет ауыр соққы алғаны белгілі болған.

Күдікті, марқұмның 21 жасар ұлы, оқиға орнында ұсталған. Өз анасын аямай, қанға қолын малған қаныпезер өз ісін мойындап отыр.  Дәлел ретінде саусақ ізі түскен балта табылған. Дактилоскопия сараптамасының нәтижесінде оның күдіктіге тиесілі екендігі анықталған. Өзге де криминалистикалық сараптама жүргізілмек.

ОҚО ІІД күдіктінің сөзі бойынша қайғылы оқиғаға отбасындағы кикілжіңі себеп болғандығын жеткізді.  Қамауға алынған қылмыскерге қатысты  «адам өлтіру» 96-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары әлі жалғасуда.