4000 озат оқушы «Жас ұлан» ұйымының мүшесі

Облыста мыңдаған оқушы балалар ұйымының қатарына өтті

Шымкент қаласында ең үздік мектеп оқушыларын республикалық «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымдарына қабылдау рәсімі өтті. Айта өтейік, 2011 жылдың 1-қыркүйегінде Елбасы балалар және жасөспірімдер ұйымының алғашқы мүшелерін қабылдаған болатын. «Жиырма жұлдызды күн» атты шара аясында өтіп жатқан екінші толқынды қабылдау ОҚО-нда да жалғасын тапты.

Қаз-қатар тізіліп, жүректері лүпілдей соққан оқушылар тек оқу озаттары мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары. Бұл ұйымға қабалданатын балаларға да қойылатын талап осы. Үлгілі болу. Осындай Жас ұландықтар мен жас қырындықтардың міндет-мақсатын түсіндірген облыстық білім басқармасының бастығы Альбина Елшиеваның сөзінен кейін 300-ге жуық оқушы төс белгі мен көк галстук тағып, мүшелікке өтті.

Ұйымның төменгі «Жас қыран» буынына 1, 4-сынып, ал жоғарғы «Жас ұлан» буынына 5-11 сынып оқушылары қабылданды. Оны айғақтайтын аспан түстес көк галстук пен қыран бейнесі бейнеленген төсбелгі. Жас буындар күн сәулесі шашыраған ашық аспан астында қырандай самғасын деген ой мен ниет жатыр мұнда.  Ертеңіміз деп еленіп, мәртебесі марқайғандар үшін бұл артылған сенім мен жүктелген міндет болмақ.

Қалалық мүшелікке қабылдау рәсімінде 400-дей оқушының жауапкершілік жүгін арқалап, елінің патриот ұл-қызы болып, тарихымыз бен тілімізді сақтауға ант берген №65 мектеп -гимназияның озат оқушысы Жорабек Амал  артылған үмітті ақтаймыз деп уәде берді.

Салтанатты рәсімге қатысқан аға буын өкілдері, мектеп директорлары мен ата-аналар болса, «Пионер», «Октябристер» сынды Совет Одағы кезіндегі қоғамдық ұйымдар оқушылардың сабақта алғыр, зерек болып, тек ғана алға талпынып, өзгелерге үлгілі болып қалыптасатынына сенімді.

Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған қоғамдық ұйымға республика бойынша 20 000 оқушы қабылданса, ОҚО-нан 4000 бала аталған үйымның қатарына енді. Осылайша маңызды мақсатымен ерекшеленген мұндай іс-шараның оқушыларды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде алар орны ерекше.