Әкім мәдениет пен өнерге мән беруде

206
Бекзат ескерткіші

Түркістанда көбіне көзден таса қала беретін мәдениет саласын жаңғыртуға бағытталған іс-әрекеттердің қарасы кейінгі жылдары арта түсті. 2010 жылы екі ауылдық клуб қайта жөндеуден өтсе, 2011 жылы ауыл-аймақтардағы үш клубтың ескірген ғимараты өнер сүйер қауыммен жаңарып, қайта жүздесті. Ал осы жылы төрт ауылдық клубтың ғимараты қалпына келтірілмек.

Қала әкімі Қ.Молдасеитов бұл саланы дамытудың өзге де қырларына ерекше мән беруде. Атап айтсақ, мәдениеттің мәйегінен тәрбиелік мәні бар жұмыстарды ұғынған қала басшысы көпшілік алдындағы бір сөзінде, «Мен осында қызметке келгенімде, ел ағалары «Түркістаннан шыққан ер тұлғалы азаматтармыз бар, соларды ел жадында мәңгі сақтау үшін арнайы ескерткіш орнату керек», деп ұсыныс жасаған болатын. Сол жұмысты біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында шешуді қолға алып отырмыз», деп ағынан жарылған болатын. Ә, дегенде әкімнің сөзі мен ісін салыстыра қарауды дағдыға айналдырған қасиетті өңірдің жұртшылығы бүгінгі күні қала әкімнің сөзі мен ісінің арасындағы байланысқа өз ризашылықтарын білдіруде.

Өйткені отыз тістен шыққан сөздің соңы тиянақты іске айналды. Нәтижесінде қазіргі күні Түркістанның төрінен қарсы алатын Бекзаттай батыр ұл мен қазақтың қара нары Әбдісаланның ескерткіштері алыстан «мен мұндалап» тұр. Ал, волейбол ойынының шебері О.Жарылқапов пен қазақ спортында өзіндік өрнек қалдырған Х.Аққалиевтердің монумент ескерткіштері де кейінгі жас ұрпақтың еске алып, үлгі тұтар орындарына айналды.
Міне, Түркістан қаласындағы мәдениет саласының бүгінгі аяқ алысы осындай. Ал жергілікті өнер сүйер қауым бұл жылдан да мол үміт күтіп отыр.