«Мираста» мүмкіндігі шектеулі балалар оқиды

318
Мирастық тігіншілер

Оңтүстік Қазақстан облысындағы құлағы естімейтін жеткіншектер «Мирас» колледжінде оқиды. Қазір мұнда жалпы саны 60 студент дәріс алуда.

Бұл студенттер бағдарламашы және тігінші мамандықтары бойынша білім алуда. Бағдарламашыларға соңғы үлгідегі компьютерлер беріліп, аудиториялары солардың ыңғайына байланысты жасалған.  Аудиторияларындағы қажетті көрнекі құралдардың басым бөлігін жарымжан студенттер өздері жасап, өздері сызған.

Минченко Галина Юрьевна: «Мирас» колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары: «Біздің студенттердің тіккен киімі, қытайлық тауарлардан он есе артық. Олар сөйлей алмаймын, естімеймін деп, қол қусырып отырған жоқ. Бойларындағы таланттарын ашып, өздерінің болашақта нағыз тігін маманы болып шығатындықтарын дәлелдеп-ақ жатыр».

Жуырда ғана тұрмыс құрып, оқуын жалғастырып жатқан Динара Үсенованың туғанынан құлағы естімейді. Бірақ болашақта сән әлемін бағындыруды көздеген оған бұл кедергі емес. Динара оқу озаты. Болашағының баспалдағын дәл осы жерден бастаған бойжеткен отбасын баға алатынына дән риза.

Динара Үсенова, колледж студенті: «Мен тігінші болуды армандаған едім. Енді сол арманым орындалғандай. Болашақта өз кәсібім бойынша қызмет етіп, отбасымды асырай алсам болғаны».

Иә, еңбек нарығында қоғам бәсекеге қабілетті мамандарды қажет ететіні белгілі. Осындайда, естімейді екен деп бұл студенттерді қоғамнан ысырудың өзі үлкен қателік. Өмір сүруге құштар бұл жандар өз несібесін теріп жеуге ынтық. Лайым, армандары ұштала бергей.

Қымбат Даулетова, сурдо-аудармашы: «Алғашында өте қиын болды. Бірақ, уақыт өте келе біз оларға, олар бізге үйреніп кетті. Олардың оқуға деген ынтасы жоғары. Білсек, оқысақ, үйренсек деп тұрады».