Қыз – өмірдің қызғалдағы

Мектеп оқушылары гинекологпен кездесті

«Қыз өссе, елдің көркі» дейтін халқымыз қыз бала тәрбиесіне ерекше  мән берген. Өмірдің гүлі, ел анасы деп қараған. Бой жете келе, жасөспірім шақта  қыз бойында, психологиясында өзгерістер болады. Мұндай жағдайда жақынынан қолдау таппаған олар түрлі келеңсіз жағдайға ұшырап қалуы да мүмкін.

Қаламыздағы №15 мектепте осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шарада оқушылар гинеколог мамандармен кездесті.

11-сынып оқушысы Айжарқын Темірхан қыздар клубының белді мүшесі. Ол мұндай шаралардың көмегі көп деп біледі. Өйткені үйде анасына айта алмаған ойларын жасөспірімдер гинеколог мамандардың көмегіне жүгініп, олардың ақыл-кеңестеріне құлақ түреді, дейді Айжарқын.

«Қыз- өмірдің қызғалдағы» деп аталған кездесуге тек бойжеткендер жиналды. Мектепте осыдан 2 жыл бұрын құрылған «Қызғалдақ» клубының мүшелері арнайы мамандарды шақырыпты.  Оған өтпелі кезеңде қыздар мен ата-аналардың арасындағы қарым-қатынастың шиеленісіп, күрмеуі шешелмей жатқаны себеп болған.

«Мектепке көбіне келетін ата-аналардың айтатыны біреу: қызым мені тыңдамайды, сөздірімді құлағына аспайды немесе сөзіміз жараспайды, ұрыссам үйден кетіп қалады. Сондықтан біздің мақсатымыз- ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту»,- деп, ойымен бөлісті мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Жанар Саржанова.

«Қазірде қыз балалар ерте есейеді де, өз проблемаларын өздері шешуге тырысады. Ал ата-анасы болған жайттан хабарсыз болады. Нәтижесінде олар аяғын шалыс басып жатады» дейді гинеколог мамандар.

«Мұның барлығы қыз бен ана арасындағы баланыстың жоқтығынан. Ашық әңгіменің болмауынан. Ал бойжеттім деген ару көп жағдайдан хабарсыз болады. Мұның салдарынан  15 жасар қыздардың жүкті болып қалған жағдайлар да кездескен»,-деді өз сөзінде акушер-гинеколог Лиза Ахметова.

ҚР Статистика агенттігінің дерегіне жү­гінсек, елімізде жыл сайын 15-19 жастағы 10 мыңға жуық қыз баланың аяғы ауыр болады екен. 2008 жылы осы жастағы әр мың қыз баланың 31-і перзент көрген. Тү­сік жасатқан 6000 әйелдің 84-і 15 жасқа де­йінгілер болса, олардың жартысы мұн­дай қадамға екінші рет барған.

Ал ұстаздар қауымы жеткіншек қыздардың гинеколог, психолог мамандармен бетпе- бет жолығудың көмегі көп деп санайды. Мәселен көптеген сұрақтардың жауабын алып, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады.