Ұлағатты ұстаз Роза Ниязбекова 60 жасқа толды

Роза Ниязбекова 1

Оңтүстікте экономика және қаржы факультетінің негізін қалаған азаматтардың бірегейі, профессор Роза Ниязбекова бүгін асқаралы 60 жасқа толды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ұжымы мен ұлағатты ұстаздың шәкірттері білікті басшыға осы күні бар құрмет пен ізетті көрсетті. Айта өткен жөн, аталмыш оқу орнының экономика кафедрасын басқарудағы 20 жылда Роза Қалманбайқызының қолынан көптеген білікті мамандар мен басшылар шыққан.

Профессор Роза Ниязбековаға өзі құрған ғылым мектебіндегі шәкірттері дән риза. 60 жастың асуын асып, алғысқа бөленген ұстаздарына шәкірттері оған профессорлық мантиясын кигізіп, гүл шоғырын сыйлады. Дос-жаран, әріптестері болса, ақ тілегін жаудырды. «Сіз, шындығында, Қазақтың қызына тән, басына бақ қонған, ерекше  адамсыз. Өйткені, 33 жасында Ресейге барып ғылым докторлығын қорғап, әрі отбасыны да бірге алып жүру деген үлкен іс»- десті жан-жағын қаумалаған достары.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да Роза Қалманбайқызы құрған экономика және қаржы факультеті өз кезегінде елдің әл-ауқатын дамыту мәселесінде айтарлықтай үлес қосты. Білікті басшысының қолынан соңғы 20 жылда 35-тен аса ғылым кандидаты мен 26 магистр және 1 ғылым докторы шыққан. Әріптестері іскерлігін бағаласа, тәлімін алған шәкірттері қазір бір-бір орынтақтың иесі.

Сапар Жақыпбеков, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың банк ісі кафедрасының меңгерушісі: «Роза Ниязбекова экономика факультетін басқарған жылдары оқу орнының ректоры 8 рет ауысты. Осы жылдар аралығында бұл кісі өз жұмысында тиянақтылығымен көзге түскен айрықша тұлға. Ол өз шәкірттерін көшбасшы болуға ылғи да үйрететін. Оның ұшырған түлектері бүгінде экономика мен қаржы саласында айтулы мекемелердің білікті маманы мен басшысы болып, еңбек сіңіріп жүр».

Тумысынан сабырлы жанның бас ұстанымы – адам өз ісін қандай жағдай болмассын сүйе білуі қажетке саяды. Жан-жағын дос-жаран қаумалаған жан отбасында бақытты ана, сүйікті жар болса, жұмысында білікті басшы. Бейнеттің зейнетін көру деген осы шығар, бәлкім.