ОҚО мектеп оқушыларының арасында қылмыс өршіп тұр

Шымкентте жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны өткен жылдармен салыстырғанда едәуір өскен. Бұл туралы ата-аналар кеңесінің ауқымды басқосуында айтылды.Жиынға қаланың барлық мектеп басшылары мен ұстаздары, ата-аналар мен өкілетті органның өкілдері қатысты. «Біз қылмысқа қарсымыз» атты акцияның кеңейтілген отырысында негізінен мектеп жасындағы балалардың тәртібі талқыланды.

Он күннен бері өткізіліп келе жатқан ауқымды акция №87 жалпы білім беру мектебінде жалғасты. Шараның күнтәртібінде негізінен екі мәселе қаралды. Жастар арасындағы қылмыстың өршуі мен мектеп жасындағы балалардың нашақорға әуестігі. Республика бойынша орын алған жалпы қылмыстың 13 пайызы мектеп оқушыларына тиесілі екен. Тағы 18 пайызы кәмелетке жетпеген жеткіншектердің еншісінде.

Жомарт Омаров, қалалық ата-аналар комитетінің төрағасы: «Біз қазір осы акция аясында барлық мектептерде ауқымды шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Себебі соңғы кездері кәмелетке толмаған мектеп жасындағы балалардың арасында қылмыс өршіп кетті. Бопсалау, қанау, урып соғу, өлтіру секілді қылмыстарға көбіне көп жас балдар бой алдыруда. Сондықтан, біз тек ата болып қана емес сонымен қатар ұстаздар мен өкілетті органның өкілдерімен бірігіп жұмыс жасап жатырмыз. Қоғам дерті болған нашақорлықтан да балаларымызды аулақ ұстауымыз керек. Түсіндіру жұмыстарын еш тоқтатпай қажет…

Бұдан былай бұл мәселемен ата-аналар мен қоғамдық ұйым, саяси партия және өкілетті орган өкiлдерiнен құрылған тәртiптiк кеңес жұмыс iстейдi. Сондай ақ, тәртібі қиын балалар тәрбие жұмыстары еселенбек.

Ғалия Дауытбаева, ата-ана: «Мен шынымды айтсам қазіргі мұғалімдерге қатты жаным ашып жүрегім ауырады. Бұрын кеңес кезінде ұстаздың ролі жоғары болатын. Қазір педогог мәртебесі аяққа тапталған. Қит етсе бала ата-анасына ұстазын жамандап барады. Тіпті баласының мұғалімін сотқа берген ата аналарды да көріп журміз. Сондықтан, бала тәрбиесін тек мектеп ұжымына артып қоймай ата өзі де айналысуы керек. ТІпті қазір кейбір баланың әке шешесі ата аналар жиналысына келуге ерінеді. Себебі уақыты жоқ. Оған басқадан гөрі жұмысы маңыздырақ кейіп танытады. Сондықтан аке шешемен ұстаз арасындағы байланысты реттеу керек…

Жалпы оқушылар арасындағы қылмысты азайту үшін көптеген іс шаралар қолға алынып жүр. Қазір Шымкенттегi 66 бiлiм ұясында мектеп полицейi қызмет етедi. Бүгінгі шара барысында жеткіншектердің еркін пікірі тыңдалып,оқушылар қоғам дертіне айналған мәселелерді сахналық қойылыммен көрсетті.

Аян Қалмұрат, №75 мектептің оқушысы: «Қазір менің замандастарымның арасында бұзақылыққа бой алдырып қылмысқа баратындары көп. Сондықтан, біз тәуелсіз қазақстанның болашағы екенімізді журекпен сезінуіміз керек. Ұлттық болмысымыз болмаса бұзақылықтан арыла алмаймыз. Мен өз басым қылмыс пен есірткіге қарсымын…

«Біз Қылмысқа қарсымыз» атты оқушылардың көшпелі акциясы енді өзге қала мектептерінде де ұйымдастырылмақ. Мамандар бұзақылыққа бой алдырғандардың мәселесін енді ауқымды жиналыстарда талқылап, олардың ата-аналарына түрлі деңгейдегі айыппұл саламыз деп отыр.