Оңтүстікте дүркіреп айтыс өтті

382
Кәрима Оралованың жауабы болмай қалды

Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын Оңтүстік жұртшылығына азулы ақындар жырларын арқалап келіпті. Жиналған жұртшылық алдында іркілмей, астарлы сөзбен ақиқатты жеткізген жас ақындар халықтың көңілін серпілтіп тастады. 8 ақын атсалысқан айтыста Жандарбек пен Кәрима Оралованың жыр-айтысы ұзаққа созылды. Нәтижесінде Жандарбек сөз асылын саптауда шеберлік танытты. Әрдайым ұшқыр ойы, қылыштан өткір өлеңімен ерекшеленетін Кәрима Оралова бұл жолы көпшіліктің ойынан шыға алмады.

Жүректері жыр деп соққан жас ақындар да айтыстан шет қалмады. От ауызды , орақ тілді өнер иелері көрермендер залында жастардың аз жиналғанын дұрыс насихаттың жүргізілмеуінен деп біледі. Сондай-ақ бұл күні айтыскер ақындардың көңіл күйі төмен болды. Себебі Оңтүстік жұртшылығының ыстық ықыласына бөленгелі келген ақындардың үміті су сепкендей басылды.

Қазақтың қара өлеңіне қанат бітіретін айтыс өнерін бағалау баршамызға тиесілі міндет. Атадан жалғасын тапқан асыл мұрамызды ұлықтау да жастарға жүктелген.  Халыққа жағатын сөз айтсаң, қазыларға жақпайсың деген ұстаныммен жүретін ақындарға да астарлап, Сөз қадірін бағалайтын халық барда, айтыс өнері мәңгі жасай бермек.