«Тазша бала» балалардың назарына ұсынылды

Хан тағына таласқан бас уәзір

Ж. Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры балалар мен жасөспірімдерге арналған тағы бір қойылымның шымылдығын түрді.  Ауыз әдебиетінде ойып тұрып орын алған  «Тазша бала»  халық ертегісі кішкентай көрерменнің назарына ұсынылды.

Коммедиялық жанрдағы спектакль ертегі желісі бойынша  жазылып, жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің арасындағы қақтығыс оқиғалар  арқылы өрбіп отырған.  Ал басты кейіпкер Тазша бала өз образынан таймай, зұлымдық пен жауыздықты күшпен емес, айла-тәсілмен, ақылмен жеңе отырып, өз діттегеніне жетеді.

Тазша баланың образын сомдаған әртіс Бахытжан Дәулетжанов.

«Қу, әккі, өз ақысын ешкімге жібермей, әжуамен өзгелерді сынап, патшаға бас уәзір мен жезтырнақтың арамдығына көз жезкізген Тазшаның рөлін сомдау қиын болмады», – дейді жас әртіс.

1 сағатқа созылған «Тазша баланы» әсіресе, балалар бар-ынтасымен тамашалады. Олар халық ертегісін оқумен қатар,  әртістердің ойнауындағы ертегіні тамашалау өте әсерлі дейді.  Содан да болар, театрда ине шаншар орын болмады.

Қойылымның авторы – «Сұлу мен суретші», «Екі жүрек», «Пейіштен түскен періште», «Қараторғай» пьесаларынын жазған, жазушы-драматург Талаптан Ахметжанов. Қоюшы режиссер – Өтеулі Тастамбетов болса, көркемдік жетекші – Ерғали Уразымбетов.

Спектакльдің келесі қойылымы ақпанның 14-не болады.