Өмірімде пара алған адам емеспін

  ОҚО-да алғашқы радиокешеннің редакторы қызметін атқарып, журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтың бірі Елтай Мырзайұлы. Тыл ардагері. Еңбек жолын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қара шаңыра­ғында бастаған ол, облыстық радионың бас редакторы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Бүгінде зейнет жасында болса да, қоғамның белсенді мүшесі. Талай қызметтің тізгінін ұстаған азаматтар көп қой. Ағын судай сырғып өте шыққан елес сияқты, көбінің таңертең көрсең, түске жетпей түсін ұмытасың. Бір көргеннен жарқ етіп жүрек түбі, көңіл төрінде бедерленіп бекіп қалатыны некен-саяқ. Сол аздың бірі, бірегейі маңғаз басып жанымызда жүрген марқасқасы – Елекең десек, артық айтқанымыз емес шығар.

Елтай атамен әуелі сырттай таныстым. Бірден тәнті болдым, пайым-парасатына. Ардагер қаламгер ретінде талай із қалдырыпты артына… Енді міне, өзімен тікелей жүздесіп, сырласуға мүмкіндік туды. Өзі тұратын үйге барып, есігін қақтым. Алыстан ағайыны келгендей қуанып, «айналайындап» қарсы алды. Сексеннің үш қырынан асқан ақсақал деп айтпайсың. Сергек. Дөңгелек келген жүзіне де әжімнің терең тарамдары түспепті. Жас кезінде сұңғақ бойлы, сымбатты азамат болғандығы көрініп тұр. Аман-саулықтан кейін, Елекеңнің жұмыс бөлмесіне ендік. Қабырғадағы сөреде қатар-қатар тізілген кітап, ұқыпты түрде жиналған түрлі басылымдар. Сөреге жақындай түсіп, бір кітабын қолыма алдым. Көгілдір мұқабамен қапталған кітаптың бетіне Домалақ ана кесенесінің суреті түсіпті. «Ұрпақ бойтұмары». Авторы Елтай қажы Мырзайұлы.

– Ә-ә-ә, бұл жер толған кітап, тіпті сыймай кетті. Мұнда да көп деп ұзынша келген екі есікті шкафтың аузын ашып, тақтайша қаланған мол дүниесін көрсетті. Жас кезімде жинаған байлығым ғой-дейді, мол мұраға көзін жүгіртіп.

Өмір атты ұлы күштің өн бойында елімен бірге есейіп, қалың оқырман халқын өзіне баурап келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының бірі де бірегейі баспасөз болса, оның өміршеңдігіне өз үлесін қосып жүрген журналист екені даусыз. Ал осы қаламгерліктің жолын салған аға буын өкілдерінің айтары мол екенін білеміз. Тыңдар құлақ болса әрине. Осыны ойлап отырып,

– Қызметіңізді сағынасыз ба?-дедім.

– Жастығын кім сағынбайды қызым. Әрине сағынам ғой. Не тындырдым, қызметте жүргенімде не істедім деген сауалды әлі де қоям өзіме. Журналистікті бітіріп, Алматыдан елге оралған соң қара шаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жұмысқа тұрдым. Газеттің мәдениет және тұрмыс бөліміне әдеби қызметкер болып қабылдандым. Міне, содан бастап газеттің дәрежесін, беделін, абыройын арттыруға, оның шын мәнінде бұқаралық болуына белсенділік таныттық. Жұмыс істеу барысында қатаң талап әрқашан да жоғары тұратын. Бетің бар, жүзің бар демей шалағай, көмескі жазылған мақала ойсырата сынға ұшырайтын. Әрбір аптада өткізілетін «летучка» деп аталатын лездемеде тезге түсіп шығатынбыз. Дегенмен сынның ар жағында ешқашан да зіл болмайтын. Жиыннан шыққан соң қалжың, әзіл-оспақ ешнәрсе естіп білмегендей өз жалғасын тауып жататын. Осы бір сәттер есіме жиі оралады. Қазір заман басқа-а-а-а қызым. Өзің де білетін шығарсың. Сын айтқан адам ешкімге жақпайды.

– Неге олай дейсіз, сын айтам деп жақпай қалған кезіңіз болды ма?-дедім әңгімені үзіп алмауға тырысып.

– Қазір адамдықтан надандық басым. Белгілі бір мақсат, мүддемен қалам тербейді журналистер. Бәрін қаралаудан аулақпын әрине. Бірақ, зығырымды қайнатып, көңіліме қаяу салатын тұстар көп. Бірін-бірі қаралау, жамандау, даттау, ғайбаттау. Міне, осыны көреміз біз басылым беттерінен. Мұның кімге керегі бар?! Осыған ашынамын қызым. Ортақ мүдде мен ортақ мақсат, халықтың қамына жазылатын, айтылатын дүниелер аз. Журналист қашан да әдеп пен мәдениет әлемін бір бойына жинаған тұлға болса, тіршілік көзін көптен іздеп, өрімтал тұстарымен өзекті мәселелерін қозғап, қоғамның сан салалы қырларын қырағы көзбен қарап, мәдениетіміздің дамуына іргелі еңбектер жазып, елеулі еңбегін сіңіре білуі керек қарағым.

– Соңғы кезде зиялы қауым жайлы сын көбірек айтылып жүр. Түптеп келгенде сіз де сол қауымның біріне жатасыз. Бүгінгі зиялы қауым туралы пікіріңізді білсек? -деп кезекті сауалымды жолдадым. Көзін бір нүктеге тіктеп, аз ойланды да, – Мен осы сауалға тиянақты жауап беремін деп айта алмаймын. Өйткені түсінбейтінім көп. Оның үстіне зиялылар неге бүгінгі болуы керек? Ондайлар бұрын да болған. Омырауларына тізіп алған ордендеріне, алтын жұлдыздарына, лауазымы биіктерге қарай төрден орын берілетін, сыйлылар деп соларды айтатын. Ал қазір ше? Қазір кімнің қалтасы тоқ, қөйлегі көк, уайымы жоқ – сол зиялы, сол ақылды, білгіш және данышпан. Ал қалтасы таяздар екінші сорттың қатарында есептеледі. Олар көп жағдайда елеусіз болып, көлеңкеде қалып қояды. «Мен өйткенмін, бүйткенмін, кезінде атқа міндім, ел биледім, жатқыздым, тұрғыздым, ананы ан, мынаны мына қызметке қоюға көмектестім, адам еттім, осының бәрі өзімнің ақылдылығымның арқасында болған іс» деп қолымен төсін ұрып, кінәсі мен күнәсін ажырата алмай тіпті, адасып жасаған кінәсін жақсылық іске жорып жүрген алдамшы зиялылар емес,менің түсінігім бойынша халықтың нағыз жанашыры, жеті өлшеп бір кесетін,ақылы айшықты, имандылығы басым, пайымдаушылық қабілеті жоғары, салауатты қай қырынан болса да өздерін өзгеге таныта білетіндерді, міне, осыларды зиялылар осылар деп айтар едім. Жақсының аты әрқашан да жақсы., ондайларды әмманда басыңа көтересің, үлгі тұтып мақтаныш етесің.

– Күнәсі мен кінәсін ажырата алмай қалады дейсіз, пендешілік деген бар. Өзіңіз бұл тұрғыда дәл осы пендешілікпен астамшылдық әрекетке бардым деп ойламайсыз ба? Қаншама жыл басшылық қызмет атқардыңыз дегендей?

– Сұрағың орынды шығар. Пендешіліктен асып түсетін адам болмайды. Дегенмен, мен өмір жолымды көз алдыма әкелсем, пара беріп, пара алған адам емеспін. Мұным анық. Тіпті, үйдегі апаңды да осыған үйреттім. Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ол кісіге де разылығын білдіріп, сый-сияпатын ұсынушылар көп болды. Бірақ, бірде біреуін алып, разылықтарына бөленген емеспіз. Жұмысын жақсы жасаса, мемлекеттен айлық алады. Ал өзгенің сыйы керек емес. Осы қағидамен әлі де ғұмыр кешіп келеміз. Барынша әдепті, барынша әділ болуға тырыстық. Біз үшін бұл өмірлік заң еді. Осы кезде біз отырған бөлмеге атайдың өмірлік зайыбы келіп, – Атасы, шай дайын деді. Тура бір жаңа түскен келіндей, ақырын ғана байыппен, ізет көрсетіп дастархан басына шақырды. Апамның бұл қылығына мен қызыға қарадым. Мұнымды сезген Елтай ата,

– Бұл менің зайыбым Лескүл апаң. Апаңның дәрежесі менен биік. Еңбек ері деп жұбайыңның дәрежесін айтып, мақтап алды. Үшеуміз дастархан басына жайғасып, Елекеңнің отбасы туралы сөз қозғадық. 58 жыл бір шаңырақта, бір үйдің түтінін түзу ұшырып келе жатқан жұбайларға қарап қызықпау мүмкін емес.

– Бір қыз, бір ұлымыз бар. Қызымыз Алматыда тұрады. Отбасылы. Ұлымның да бала-шағасы бар. Қазір өкінем, осы бір сары қатынға жабыспай-ақ, шет жақтан өзге де келіншектер алмаппын, сонда перзентім көп болар ма еді деп әзілмен қарқылдай күлді Елағаң. Лескүл апа да әзілді зіл көрмей,

-Әй, бекер-ақ істеген екенсің ғой расымен де,- деп әзіліне әзілмен жауап қатты. Жарысымды-ақ.

-Жаңа бір кітабыңызды көріп қалдым, бас аяғы қанша кітабыңыз бар. Қара жаяу емес екендігіңізді жұрт біле ме?

– Өзімнің 70 жасыма тарту ретінде «Сарасана» деген кітабымды жазып шықтым. Өмірбаяннан өрбіген естеліктер, хикаялар, пайымдаулар, әңгімелер мен пікірлер топтастырылған кітап. Одан кейін «Шыққан тегіңді ұмытпа» деген қанатты қағиданы алға тартып, сонау түп аталардың бірі туралы ой қозғап, неше ғасырлар өтті, бір кезде ел басқарған, батыр атанған әулиелік қасиеті мол атамыз ескерусіз осылай жата бермек пе деген пікірмен, тәуекелге барып, ата ұрпақтарының басының бірігуіне ұйытқы болып,»Шымыр ата» қорын құрған болатынмын. Рухқа тағзым етуге бас бұра бастаған іскерлердің көрсеткен қайырымдылық көмегі арқасында кейінгілер мақтан тұтар тамаша да сәулетті Шымыр ата жайлы ізденістер жасап, «Шымыр атаға тағзым» атты кітапты жарыққа шығардым. Қазақ тарихының толыға түсуіне тамшыдай болса да үлес қосайын, екінші жағынан кейінгі ұрпақтарға үлгі тұтарлық өнеге болсын деп, жүрек түкпірінде қазақ секілді ардақты ұлттың даңқты ұлдары бар екенін білсін деп «Қолбасшы-Қойгелді батыр» атты кітапты оқырмандарға ұсындым. Тағы бір кітабым шықты. Ол Меккеге барып, қажылық сапар жасап қайтқаннан кейінгі жазып шыққан «Нұр жауған қасиетті жерде» деген кітабым. Осы жерде үлкен өкінішім бар. Ол қолымды мезгілінен кеш сермегенім. Жетпіс жасқа толардың алдында ғана емес, кітап жазуды жасырақ күнімнен бастасамшы деген… Мұңлылау жанарына қараған Лескүл апа, жолдасын дереу жұбатуға кірісті.

– Жаздың ғой, жазасың әлі. Үш -ақ кітабым бар дейсің, сол үш кітабыңның өзі 30 кітапқа татымай ма, атасы?! – дейді қиылып.

– Не аманатыңыз бар біздерге ата? – дедім мен сұқбатты аяқтамақ болып. Сәл кідіріп, жүзіме тіке қарады да

– «Жер басқанға мәз болма, жерде ізің қалмаса»- деп бекер айтылмаған қызым. Бүгінгі күніңде тау қопарып, ерлік жасамасаң да адалдығыңмен, адамдығыңмен ізіңді қалдыр. Шыншыл болыңдар, сабырлы болыңдар. Ең бастысы иманды болыңдар. Иманды жүректен ибалы сөз шығады. Қазақ осы қасиетімен танылуы тиіс, қарғам. Иманды адамның күнәға жол бермейтіні анық. Дәл осы ізгі қасиет бүгінгі адамның бойынан табылса, ақшақұмарлық, сыбайластық, мансапқойлық болмас еді деп ойлаймын. Бір тамшыдан жаратылып, дүниеге келгеннен кейін әрбір адам баласы өзінің өз ғұмырындағы тіршілігіне сын көзбен қарап, үлгі боларлықтай іс атқарса жерде ізің қалады. Айтарым осы.

Елтай Мырзайұлының осы әңгімесінен кейін, өзгеше бір күй кешіп, рухани ләззат алдым. Кезінде облыстық радионың, теледидардың жұмыстарын жақсартуға баға жетпес үлес қосқан Елағаңмен болған сұқбатым есімнен шықпасы анық. Ойыма «…жаныңда жүр жақсы адам» деген ән орала берді…

Ақмарал Мырзахметова