Шымкентте жас музыканттардың облыстық байқауы өтті

Жас музыканттардың өнер сайысы

3 жылда бір рет өтетін өнер байқауы қайта өнерлі орындаушыларды анықтады.  46-шы жас музыканттардың облыстық байқауы  биыл қаламыздағы балалар өнер мектебінде өтті. Облысымыздың барлық аудандарынан келген 100-ге жуық қатысушы домбыра, гитара, қобыз, аккардион мен баян және ансамбль ұжымы болып бақтарын сынады.

Өнер сайысына Отырар ауданы, Темір ауылындағы саз мектебінен келген Қашқынбек Бажғанғалиұлы алғаш рет қатысып отыр. Домбыра сыныбында оқығанына 3 жылдың жүзі болған ол байқауға екі күй дайындапты.

«Мені алғашында ата-анам домбыра үйірмесіне қатыс деп, акелген болатын. Кейін өзім де қызығып, домбыраны жанымнан тастамайтын болдым. Сондықтан бүгінгі жарысқа қатысқаныма қуаныштымын және мені дайындаған ұстаздарыма рахметім шексіз»,- дейді Қашқынбек қуанышын жасырмай.

Әділ-қазылар алқасы әрбір үміткердің аспаптарды ойнап, оларды тарту шеберлегіне. шертістеріне зер салып, әділ бағалауға тырысуда. Әрине кемшіліктердің де бар екендігін жасырмайды.

«Бүгінгі байқауда халықтық шығармалармен қатар шет елдік классикалық шығармалар да орындалуда. Байқағанымыз, үміткерлер шет елдік туындыларды жақсы ойнап шыққанымен, өзіміздің төл шығармаларды ойдағыдай орындай алмауда. Осы бізді қынжылтады. Бірақ қатысушылар өте талантты»,- дейді қазылар алқасы.

Жас орындаушылар қалалық, аудандық іріктеуден сүрінбей өткендер. Олар кіші, орта, жоғарғы топ болып бөлініп, жеке-жеке өнерлерін көрсетті. Ал ұстаздар қауымы жас орындаушыларды шыңдап, оларды жетістікке жетелейтін мұндай сайыстар жиі өтіп тұрса екен деп тілейді.