«Заң көбіне жұмыс беруші тарапынан бұзылып жатады»

2046

«Оңтүстік Рабат» газетінің редакциясы наурыздың 1-і күні ОҚО бойынша Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Бастар ЕСҚАРАЕВпен онлайн-сұхбат өткізген болатын. Бір сағаттан астам уақытқа созылған сұхбат барысында оқырмандар тарапынан Еңбек қатынастары, Еңбекті қорғау заңдылықтарының орындалуына, бұзылуына байланысты 67 сауал қойылды. Бұған дейін де хабарлағанымыздай, сауалдар otyrar-tv.kz сайтына және газет редакциясына телефон арқылы да келіп түскен-ді. Кейбір сауалдар қайталанатындықтан бас еңбек инспекторына сұрақтар іріктеліп қойылды. Газет оқырмандарының сұрауы бойынша сол онлайн-сұхбаттың баспа нұсқасын ұсынып отырмыз.

 Сұрақ:

Маржан, Шолаққорған ауылы:

– Мен несие алып, кейін төлей аламай қалған едім. Бүгінгі таңда Банк мені сотқа беріп, жалақымның жартысын ай сайын құйюды талап етіп отыр. Осы қаншалықты заңды? Еңбек кодексінде бұл туралы не делінген?

Жауап:

– ҚР Еңбек кодексінің 137 бабының 3 тармағында «Ай сайынғы ұстап қалудың жалпы мөлшерi қызметкерге тиесiлi жалақының 50 % аспауға тиiс» делінген.

 Сұрақ:

Х. Төлеби ауданы, Көксәйек ауылының тұрғыны:

– Аты-жөнімді айтудан қорқамын. Қыр соңыма түсіп, қудалайды ма деп… Біздің Төлеби атындағы орта мектепте жалақы алу мәселесі қиындап кетті. Айлығымызды уақтылы бермейді. Берген күнде де түгел ала алмаймыз, 50, 70 % ұсынып, бөліп-бөліп береді. Бізде ғана емес, бұл жағдай көрші Дулати атындағы мектепте де сондай. Мұндай жағдайда кімге шағымдана аламыз? Не себепті есепшіміз бізге айлықты осылай төлейді? Зейнетақы қорымызға да уақтылы қаржы түспейді.

 Жауап:

– Бұл жағдай мені таңқалдырып отыр. Себебі бүгінгі күні жалақыны уақтылы төлеу үшін бюджетте қаражат жеткілікті. Оның үстіне көп мемлекеттік мекемелер қазіргі күні айлық жалақыны бұрынғыдай айдын соңында емес, одан да ерте беретін болған. Енді бұл кісілер өздерінің аттарын айтуға қорқып отырса, білім мекемесінің аты белгілі болды, бізге тиісті шара көру үшін осы мәлімет те жетеді. Қоңырау шалған азаматшаға рахмет. Біз бұл мәселені жан-жақты тексеріп, «Оңтүстік Рабат» газеті арқылыСізге алдағы күндері жауап беретін боламыз.

 Сұрақ:

Бекмұхамет Бегалиев, «Қайнарбұлақ» саяжайы елдімекенінің тұрғыны:

– Еңбек туралы заң көбіне жұмыс беруші тарапынан бұзылатыны бар. Осыны болдырмау үшін облыстың бас мемлекеттік инспекторы ретінде түсініктеме, ереже жасаттыңыз ба? Оны жұмыс берушілерге тарттыңыз ба?

Жауап:

– Облыс көлемінде статистикалық мәліметтер бойынша 27 мыңға жуық мекеме мен кәсіпорын тіркелген болса, оның бүгінгі күнге 13 мыңы жұмыс жасайды деген мәлімет бар. Ал мемлекеттік еңбек инспекторларының саны облыс бойынша небәрі 22-і. Жұмыс берушілер мен қызметкерлерге арналған нормативтік-құқықтық актілердің саны жеткілікті, Еңбек кодексі, еңбек заңдылықтарына түсіндірме беретін «Еңбекті қорғау» айлық журналы бар. Қысқасы, оқимын, танысамын, үйренемін деген адамға құжаттар жеткілікті. Одан қала берсе, облыстық мемлекеттік еңбек инспекторлары міндеттерінің бірі- түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Мен әрбір мемлекеттік еңбек инспекторына тексеру жүргізген мекемеде кемінде жарты сағаттық семинар өткізуді талап етемін.

сұрақ:

Серік, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Біз жекеменшік фирмамыз. Бізге Боданов деген еңбек инспекторынан ұдайы хат келіп түседі. Ол хатта міндетті түрде еңбекті қорғауға байланысты семинар курсқа маман жіберуді талап етіп жазады. Бұл қаншалықты заңды? Талабын орындамаған жағдайда бізге қандай жаза көрілуі мүмкін?

Жауап:

– Ешқандай шара көре алмайды. Соңғы кезде, өткен жылы да бірен-саран осы Бодановқа қатысты ауызша осы мағыналас мәліметтер түскен болатын. Өкінішке орай, міне тыңдап отырмын, ол кісі мұндай әдетін әлі де доғармағанға ұқсайды. Ресми түрде айтарым, А.Боданов басқаратын «Еңбекті қорғау қоғамының» бізге ешқандай қатысы жоқ. Бұл әңгімеге өзек болып отырған мәселе мекеме басшылары мен тиісті жауапты мамандарды еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға оқыту мәселесі. Бұл семинар аталған лауазым иелерін оқыту және оның қорытындысы бойынша олардың білімін тексеру, яғни емтихан қабылдауға негізделген.

Оқытуды мемлекеттік емес мекемелер жүргізетін болса, емтихан қабылдау комиссия құрамын облыстық Бас мемлекеттік еңбек инспекторы бекітеді және емтимхан нәтижесі бойынша берілетін сертификат департаментте тіркеледі. Міне осы мәселеге келгенде А.Боданов пен осы тектес оқу жүргізетін мекемелер бізбен түйіседі. Мүмкіндікті пайдаланып, мен барлық жұмыс берушілерге «ешкімнің алдауына түспеңіздер, оқитын мекемені таңдау өздеріңіздің құқықтарыңыз» дегенді айтқым келеді.

 Сұрақ:

– 0,5 ставкамен жұмыс істейтін қызметкерлерді бір жылдан аз уақытқа келісім шарт жасасып жұмысқа қабылдауға бола ма?

 Жауап:

– Егер келісім шарт белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына, жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына немесе маусымдық жұмысты орындау уақытына түзілмеген болса, бір жылдан кем емес мерзімге жасауға жол берілмейді.

Сұрақ

Айгүл, Түркістан қаласының тұрғыны:

– Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанмын. Баламның жасы 2-ге толғанда жұмысыма барап, жұмысқа қайта шығамын десем бастық: «сенің орның жоқ…» дейді. Енді не істесем болады?

 Жауап:

– Бастықтың бұл іс-әрекеті дұрыс емес. Себебі ҚР Еңбек кодексінің 195 бабының 3 тармағында бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында қызметкердің жұмыс орны сақталады деп нақты атап өтілген. Мұндай жағдайда сіз облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясына арыз беріңіз. Біз сол арыз негізінде тексеріп, мәселенің заңды шешілуіне уәде етеміз. Бала күтімінде болған әйелдің жұмыс орны қысқартуға ілікпеуі тиіс.

 Сұрақ:

Гүлдана, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

– Менің жұмысым аса ауыр емес. Бір орында отырып атқара беруіме болады. Мұндай жағдайда декреттік демалысқа шықпай-ақ, 9 ай бойына жұмыс істей беруіме бола ма?

 Жауап:

– Жоқ, мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Дәрігерлердің талабы бойынша да мұндай әрекетке рұқсат етілмесе керек-ті. Физиологилық жағдай бойынша жүкті әйел босанардан 56 күн бұрын декреттік демалысқа шығуға тиіс. Жұмыс беруші осы талапты орындауға міндетті.

Сұрақ: Жансая, Кентау қаласының тұрғыны:

– Жұмыс берушінің еркінсіз жұмыс уақытша тоқтатылған кезде айлық жалақы сақталады ма?

 Жауап:

– Егерде еңбек шартында немесе ұжымдық шартта бұл туралы айтылмаған болса, 50 пайыздан кем емес түрде төленеді.

Сұрақ Дмитрий Ким, Шымкент қаласының тұрғыны::

– Ресей азаматтарын шетел жұмыс күші ретінде жұмысқа қабылдау үшін өкілетті органның рұқсаты қажет пе?

Жауап:

– Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары еуразиялық экономикалық Қенестің шешіміне (2011 жылғы 19 желтоқсандағы) сәйкес 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Санкт-Петербург қаласында 2010 жылғы 19 қарашада қол қойылған Көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімі (бұдан әрі Келісім) қолданысқа енгізілді.

Келісімнің 3-бабына сәйкес көшіп-қонушы еңбекшілерге тараптар мемлекеттерінің аумақтарында еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алу қажет емес. Бұл ретте, аталған ереже Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын көшіп-қонушы еңбекшілерге қатысты қолданылады.

Сонымен қатар, Келісімнің 5-бабына сәйкес көшіп-қонушы еңбекші мен оның отбасы мүшелері жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағына келген күнінен бастап 30 тәуліктің ішінде жұмысқа орналастырушы мемлекеттің уәкілетті органдарында тіркелуден (келген жері бойынша есепке қоюдан) босатылады.

Көшіп-қонушы еңбекші мен оның отбасы мүшелерінің уақытша болу мерзімі көшіп-қонушы еңбекшінің жұмыс берушімен жасасқан еңбек шартының қолданылу мерзімімен айқындалады.

 Сұрақ Зауре Маханова, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Қызметкердің жұмыс өтілін растайтын құжат ретінде еңбек кітапшасының қызметкерде болуы шарт па? Ол кітапша жұмыс беруші тарапынан толтырылуы міндетті ме?

 Жауап:

– Шын мәнісінде көп жұмыс берушілер еңбек кітапшаларын рәсімдеумен және оны сақтаумен айналысқысы келмейді. ҚР Еңбек кодексінің 31 бабында еңбек шартын жасау үшін керек құжаттардың түрлері көрсетілген. Оның ішінде жұмыс өтілі бар тұлғаларға жұмыс өтілін растайтын құжат делінген.

ҚР Еңбек кодексінің 34 бабына сәйкес Еңбек кітапшасы қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірі болып табылады.

Еңбек кітапшасы бар болған жағдайда ҚР Еңбек кодексінің 35 бабы бойынша ұйымдағы еңбек қызметі туралы тиісті жазбалар енгізуге міндетті. Еңбек шартын тоқтатудың себептері туралы жазбалар еңбек кодексінің баптарын көрсете отырып, жүргізілуі тиіс.

Сұрақ Ринат Бакилов, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Ережеге сәйкес жұмыс беруші еңбек шартын тоқтатқан күні еңбек кітапшасын беруге міндетті делінген. Қазақстан бойынша бірнеше филиалы бар, ал кадрлық құжаттардың барлығы орталықтандырылған бас кеңсесінде іс жүргізіліп, еңбек кітапшалары сонда сақталатын жағдайда қалай болмақ? Қызметкердің жұмысы вахталық жұмыс болатын болса және оның кеңсесі жұмыс орнынан 1000 км дейін алшақ жерде орналасқан болса, жұмыс беруші не істеуі тиіс?

 Жауап:

– Ереженің 25 тармағына сәйкес жұмыс беруші еңбек кітапшасын еңбек шартын тоқтатқан күні беруі тиіс. Бірақ сіз көрсеткен жағдайларда еңбек кітапшасын беру мәселелері қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің басқа да актілерінде қарастыруға болады.

 Сұрақ Александр, Ленгір қаласының тұрғыны:

– ҚР Еңбек кодексінде еңбек шартының бір данасын жұмысшының алуы жазбаша расталады делінген. Сонда бұл қалай жүзеге асырылады?

 Жауап:

– Бұл үшін еңбек шартының жұмыс берушідегі данасында қызметкердің екінші данасын алғандығы туралы растайтын жазу жеткілікті.

 Сұрақ: Дамиля Иманбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Мен жұмысқа сынақ мерзімімен тұрдым. Бірақ ешқандай еңбек шартына қол қоймадым және маған лауазымдық нұсқауды таныстырмады. Жұмыс берушіден осы құжаттарды талап ете аламын ба?

 Жауап:

– Сіздің қойып отырған сауалыңыз өте орынды. Расында да көп жағдайда жұмысшы, қызметші бастығынан келісім шартты талап етпейді. Мұның соңы түсінбеушілікке, заңбұзушылыққа апарып соғатыны жасырын емес. Жұмысқа қабылдау барысында жұмыс беруші міндетті түрде еңбек шартын жасауы тиіс, жасалған еңбек шартында сынақ мерзімі туралы шарттар да енгізілуі мүмкін. Одан бөлек, жұмыс беруші Сізді атқаратын жұмысыңыз бойынша лауазымдық нұсқаулықпен таныстыруы міндетті.

 Сұрақ: Сәуле, Шымкент қаласының тұрғыны:

 – Еңбек шартында жұмысқа кешіккенім үшін тәртіптік жаза ретінде ақшалай айып төлеу керектігі көрсетілген. Бұл шарт қаншалықты заңды?

 Жауап:

– Бұл шарт заңға қайшы, себебі ҚР Еңбек кодексінің 72 бабында көрсетілгендей (оның ішінде кешігу мәселесі де бар) жұмыс беруші:

1) ескерту,

2)сөгіс,

3)қатаң сөгіс,

4) еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу…

секілді тәртіптік жазаларды қолдануға құқылы. Өзге заңдарда көзделмеген тәртіптік жазаларды қолдануға жол берілмейді.

Сұрақ: Айзада Құрманбекова, Сайрам ауданының тұрғыны:

– Менің өзіме тиесілі жер телімі аумағынан үй, монша және дүкен салсам деген ниетім бар. Шебер ұсталарды көршілес мемлекеттердің бірінен шақырғым келеді. Бірақ, маған кездескен азаматтар құжаттарын көрсетпей, жұмыс істей беретіндіктерін айтады. Құжаты жоқ азаматтардан құралған жұмыс күшін пайдалану заңға қайшы болмай ма?

 Жауап:

– Еңбек Кодексінің 23 бабының 2 тармағының 2 тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмысқа қабылдаған кезде қызметкерлермен еңбек шартын жасауға міндетті.

Еңбек кодексінің 31 бабына сәйкес еңбек шартын жасау үшін:

1. Жеке басының күәлігі немесе төлқұжаты (16 жасқа толмағандар үшін тууы туралы куәлігі);

2. Шетел азаматтары үшін «ықтиярхаты» немесе «азаматтығы жоқ адамның куәлігі» болуы қажет.

Бұл құжаттар болмаған жағдайда, жұмыс беруші, өкілеттік органнан шетел жұмыс күшін пайдалану үшін рұқсат қағазын алуы тиіс.

 Сұрақ: Кәміл Абдуллаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Жұбайым аудандардың біріндегі «Денсаулық» емханасында жұмыс істейді. Осыдан он шақты күн бұрын ұжымның келісімімен оған «аға медбике» лауазымы берілген болатын. Бірақ оның біліктілігіне өзгелер келіспейтінін айтып жатқанға ұқсайды. Заң жүзінде мұндай жағдайда мәселені қалай шешуге болады?

 Жауап:

– Қызметкерді лауазымға тағайындау тек жұмыс берушінің құзыретінде болғандықтан, бұл мәселені тек жұмыс беруші шешеді.

Сұрақ: А.Бөбеева, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Мен мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінде оқытушымын. Біздің декан: «Сабақтан тыс уақытта тобыңдағы студенттердің қай-қайсысы болмасын, бір жағдайға ұрынып қалатын болса сен жауап бересің» – дейді. Бұл қаншалықты заңды? Сабақтан тыс уақыттағы жағдайға не себепті мен жауап беруім керек?

 Жауап:

– Әр мекемеде қызметкерлердің Лауазымдық нұсқаулықтары бекітілуі тиіс, қызметкер тек сол Лауазымдық нұсқаулықта көрсетілген мәселелер бойынша ғана жауапкершілікке тартылады.

 Сұрақ: Арман Қанатбаев, Бәйдібек ауданының тұрғыны:

– Жаз маусымында жекеменшік үй құрылысын жүргізуге адамдар көп жалданады. Мұндайда еңбек қауіпсіздігі ескерілмегендіктен, кейде жазатайым жарақат алып қалатын кез болады. Былтыр біздің ауылдың бір баласы осындай оқиғаға тап болып, жазатайым жағдайдың кесірінен мүгедек болып қалды. Содан бері мүгедектікке шыға алмай жүр. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

 Жауап:

– Егер құрылыс кезіндегі жарақат өндірістік жарақат болып табылса, жұмыс беруші тарапынан Акт Н-1 нысаны толтырылып, осыған сәйкес жарақат алған адам мемлекеттік әлеуметтік сараптама комиссиясы арқылы тексеруден өтіп, егер жұмыс істеу қабілетін жоғалтқан жағдайда, оған мүгедектік топ беріледі.

 Сұрақ: Қуаныш Әбдіраимов, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Бүгінде жекеменшік кәсіпорындарда еңбек тәртібі сақталмайды. Олар жұмысшыға 8 сағат емес, 12 сағат бойы жұмыс істетеді. Ауырып қалса, төлемақы төлемейді, еңбек демалысын қаржыландырмайды. Оларға тіпті еңбек демалысының да ақысын төлемейтіндері бар. Осыны төлеуге міндеттеуге бола ма?

Жауап:

– ҚР Еңбек кодексінің 77 бабына сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс. ҚР Еңбек кодексінің 127 бабына сәйкес қызметкерді үстеме уақыттағы жұмыстарға тартқан кезде оған лауазымдық айлық ақысының кемінде 50 % мөлшерінде қосымша ақы төленуі тиіс.

ҚР Еңбек Кодексінің 159-бабына сәйкес жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкерге еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті. (15 АЕК-тен аспайды).

ҚР Еңбек кодексінің 105 бабына сәйкес жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу ол басталардан үш күнтізбелік күннен кешіктір3лмей төленуі тиіс.

 Сұрақ: Т.Қыстауов, Түлкібас ауданының тұрғыны:

– Өндірісте орын алған қайғылы жағдайдан болған өлімге қанша айлық есептік көрсеткіш бойынша өтемақы төленуі тиіс? Артында қалған бала-шағасына жұмыс беруші тарапынан көмек беріліп тұрады ма? Сонымен бірге, Еңбек қауіпсіздігін сақтамаған мекеме басшылығына қандай шара қолданады?

Жауап:

– Өндірістегі болған өлімге өтемақы төлеу мәселесі жұмыс берушімен сақтандыру компаниясы арасында түзілген келісім-шарт бойынша төленеді. Одан бөлек, қызметкердің кәмелет жасқа толмаған балалары болған жағдайда оларға 18 жасқа толғанға дейін ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес өтемақы төленеді.

Жазатайым жағдайды тергеп-тексеру нәтижесі бойынша кінә дәрежесіне байланысты Ішкі істер басқармасы тарапынан қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Іс қозғалмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 89 бабының 3-тармағына сәйкес әкімшілік айыппұл салынады.

 Сұрақ: Бауыржан:

– Мен Шардара ауданында туып-өстім. Қазір Шымкент қаласында тұрып, осында еңбек етемін. Маған экологиялық аймақта туғаным үшін жәрдемақы төленеді ме?

Жауап:

– Жоқ төленбейді. Сол экологиялық аймақта тұратын болсаңыз ғана аталған төлемдер жүрігізіледі.

Сұрақ:Күлімхан, Ордабасы ауданының тұрғыны:

– Мен ұзақ жылдардан бері мектепте мұғалім болып қызмет атқарып келемін. Биыл бес баламен зейнеткерлікке шығамын. Соны естігелі директорымыз, «орнынызды босатыңыз, зейнеткерлікке шыққан соң орныңызды босатуға тиістісіз» дей беретін болды. Осы қаншалықты заңды? Мен зейнеткерлікке тек көп балалы ана ретінде шыққалы жатырмын ғой. Әлі 58 жасқа дейін жұмыс істеуге қақым бар емес пе?

 Жауап:

– Директордың бұл іс – әрекеті дұрыс емес: Себебі 5 баласы бар аналарды «жеңілдітеліген» зейнеткерлікке шығару, мемлекеттің осындай санаттағы аналарға жасап отырған қамқорлығы, деп түсіну керек және бұл жағдай оларды атқаратын қызметінен айыруға негіз болмайды. Егер мектеп директоры – жұмыс беруші тарапынан қандай да бір заңсыз іс әрекеттер (жұмыстан босату) орын алып жатса, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарласуыңызды сұраймын.

Онлайын сұхбатты жүргізген- Жәмила МАМЫРӘЛІ.