Алматы бағытындағы күре жол бір сәтке жабылды

267

Алматы бағытындағы күре жолды жапқандар «Самал» шағынауданындағы Болсынай Дауылбаева көшесінің тұрғындары.

«Былтырдан бастап ауыз суға жарымай қойдық. Енді суды тартып береміз деп келгендер 55 мың теңге сұрап отыр. Үкіметтің бағдарламасы бар емес пе, неліктен су жүйесін біз өзіміздің қаражатымызға тартуымыз керек»,-деп наразылықтарын білдіруде самалдықтар. «Көше жолы жазда шаңға, жауын-шашында лайдан  жүруге мүлдем болмайды. Газды жүргізуге де қомақты қаржы керек»-десті барлығы бір ауыздан.

«Жан айқайымызды осылайша жеткізуге бел буғандар-Алматы күре жолын жапқан Дауылбаева көшесінің тұрғындары.

«Арызданып бармаған жеріміз қалмады-аудан, қала облыс әкімдігіне де жеттік. Халықтың мұңына құлақ асады деп «Нұр Отан» партиясына да жүгінген едік. Одан да нәтиже шықпады»,-дейді жұрт.

Болат Тәтишев, «Самал -3» шағынауданындағы Дауылбаева көшесінің тұрғыны: «Қоныстанғаныма 12 жыл болды. Былтырға дейін әупірімдеп жүріп, тәулік бойы ішпесек те суымыз бар еді. Тендер деген бәле болды. Мына көрші Ақниетте су бар ма. Көршілеріміздің барлығы  24 сағат суды пайдаланады. Ал біз болсақ өз қаржымызға  суды жүргізуміз керек. «Таза су», «Ақ бұлақ» деген  мемлкеттік бағдарламалар бар емес. Бюджетте қаржы қарастырылмайды ма? Әкімдер, сайлаған депутаттар қайда осы?».

Кеңес Одағы кезеңінде жүргізілген жүйе бойынша көшеге су тәулігіне екі рет беріледі екен. «Күніміз суды аңдумен өтуде. Соңғы кездері ол да лайланып келеді. Асқа қайнатып ішеміз. Электр жарығының мұңы да жанымызға батып бітті»,-дейді зейнеткер.

Гаухар Мансурова, «Самал 3» шағынауданының тұрғыны: «Міне баклажка бар ма, ванна, үйдегі барлық ыдыстарға суды құйып қоямыз. Киімдерді кір жуғыш машинаға салғанмын. Тұрғанына екі күн болды. Электр жарығы да  мәз емес. Трансформатордың күші жетпей, сөніп қалуда».

«Жолдың сиқы осы, жыл сайын 7 мыңнан жинап өзіміз тас төгеміз. Бюджеттегі қаржылар қайда кетіп жатыр? Оны қадағалайтын жан бар ма?»,-деп ашынады Самалдықтар.

Нұрлан Жаманкөз, қалалық ТҮКШ бөлімінің энергетика секторының меңгерушісі: «2012 жылдың 20-наурызында ОҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы «Самал -3» шағынауданын су жүйелерінің құрылысын атқаруға мемлекеттік сатып алуға конкурсын жариялады. Лот №9 Самал -3 шағынауданына  су өткізгіштерінің құрылысы және тарту жүйелерінің қосу, құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме «Шымкент Автоматика» ЖШС анықталды. Құрылыстың 1-кезеңі бойынша шағынауданға   77,5 шақырымға су құбырын жүргізу жұмыстары жүргізіледі. Республикалық бюджеттен   239 млн. 543 910 теңге қаржы қаралады. Алматы-Ташкент айналма жолынан Б.Момышұлы көшесінің қиылысы және Юсупов көшесіне дейінгі аралықта су құбырларының құрылыс монтаж жұмыстары жүргзіледі. «Самал 3″ шағынауданын 2 –  кезеңі ЖСҚ әзірлеуге бюджеттік тапсырыс берілді».

Маманның сөзіне қарағанда сонда Дауылбаева көшесі /бұрынғы  Бірлік/ жобалық сметалық құжатқа енгізілмеген. Су жүйесін жүргізуге тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі. Бір емес, бірнеше көше  құжатқа енгізілмей қалып қойған. Қала құрылысы бөлімінің салғырттығы ма, әлде ұсыныс уақытылы түспеген бе. Әйтеуір Дауылбаева көшесіне биыл су жүйесі жүргізілмейді. Келер жылы мүмкін, бірақ  қаржы бөлінсе ғана.

Нұрлан Жаманкөз, қалалық ТҮКШ бөлімінің энергетика секторының меңгерушісі: «Электр жарығы бойынша Смал -3 шағынауданын электр желісімен қамтамассыз етудің 1 -ші  кезеңін «Люк строй» ЖШС-і /жоба бойынша/ толық аяқтады. 2011 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарына 194 млн. тенге қаралды. Екінші кезеңді бастауға ЖСҚ дайындау үшін жергілікті бюджеттен 9 млн. теңге қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып «Авангард» ЖШС атанды. Серіктестік жақынарада жұмысқа кіріседі».

Самал-3 шағынауданын табиғи газбен қамту бойынша, 1-кезең 2012 жылы шілдеде аяқталады. 35,9 шақырымға газ құбыры тартылды. Құрылысты «СМУ Шымкентгазмонтаж «АҚ жүргізді. Бұл мақсатта 295 393000 теңге қаржы жұмсалған.

2-кезеңі бойынша ЖСҚ дайындау үшін  жергілікті бюджеттен 8,0 млн. теңге қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып «Әсем Жоба Құрылыс ЖШС»  танылды».

Бала шағасымен жолды жауып жоғарыдағылардың назарын аудармақ болған самалдықтардың бұл әрекетін құптамаймыз дейді көлік жүргізушілері. Адамдарды осындай жағдайға жеткізген биліктегілердің немқұрайлығы. «Шенеуніктер тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен оларды таныстырғанда түсініспеушілікке жол берілмес еді»,-дейді теміртұлпардағылар.

Біздің қосарымыз,  қалалық әкіміндігіндегі құрылыс бөлімі мен тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі үлкен жобаларды жүзеге асыру барысында бір-бірімен ақылдаспай өзара-шешеді ме деген пікір туындайды.