Бозбаланың көбі Отан қорғауға жарамсыз

Шымкентте әскерге шақырылушылардың 70 пайызы сарбаздар сапында тұруға жарамсыз. Шымкент қалалық қорғаныс басқармасының медициналық комиссия мүшелері осындай қорытындыға келді. Сәуірдің 2-сі күні өз жұмысын бастаған медициналық комиссия мұндай нәтижемен қорғаныс министрлігінің сұранысын қанағаттандыра алмай қалуымыз мүмкін дегенді айтты.

 Шымкент қаласы бойынша 3 мыңнан аса жігіт әскерге шақырылған. Олардың арасынан 400 сарбаз таңдалынып алуы тиіс. Яғни денсаулығы жақсы, физикалық төзімділігі жоғары және психикалық сынақтардан жақсы нәтиже көрсеткен жігіттер қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша еліміздің әр аймағында әскери борышын өтейді. Бірақ, Отан қорғауға шақырылған жігіттердің денсаулығы дәрігерлердің көңілін көншітпей отыр. Әскерге шақырудың көктемгі науқаны басталған алғашқы күндердің өзінде-ақ, комиссия әр жігітке күдікпен қарай бастады.

Ал жігіттер болса…Жігіттердің сарбаз атануға деген құштарлығы бар-ақ. Тепсе темір үзетін шақтарында қару ұстап, сапта тұрғылары келеді. Бірақ, саулығы сыр берген соң, амал жоқ «келесі шақырылымға» деген бір жапырақ қағазды қолына ұстап қала береді. Тіпті үшінші жыл қатарынан медициналық комиссияның «әскерге жарамды» деген рұқсат мөрін ала алмай жүрген жігіттер де бар.

Әскерге шақырушылардың тізімін алып, азаматтың дайындығын сынайтын комиссияның құрамы биылдан бастап өзгеріп отыр. Енді бұл комиссияға жергілікті әкімдік өкілдері мен денсаулық сақтау басқармасының өкілі қатыстырылады. Себебі жылдан-жылға әскерге қабылдау тәртібі қатаң бақылауға алынуда. Биылғы жылы қарулы күштер қатарына алынуы тиіс 18-27 жас аралығындағы жігіттердің қатары көп. Талап онсыз да күшейтілген. Денсаулығы жарамды болғанның өзінде сарбаз болам дегендер психологиялық сынақтан өтулері міндетті. Ал бұл сынақта ескерілетін тұстар өте көп. Жігіттің отбасылық жағдайы мен моральдық ұстамдылығын көрсетіп беретін екі түрлі тест сұрақтары дайындалған. Әрқайсысында 150 ден 300 сұрақ. Жеке тұлға ретінде азаматтың қандай адам екендігі айқындалып, сарапшылардың қорытынды пікірі талқыланады. Әскерге барған жігіттің маңдайын ешкім сипамайтындығы ескерілсе керек, сондықтан төзімділік деңгейі қатаң бақылаудан өтеді.

Тәуелсіз еліміздің шегедей нық тірегі, құрыш қамал қорғаны – оның айбынды әскері. Елдігіміздің еңселі, тұғырлы болмағы тікелей сол жандардың қолдарында. Осындай жауынгершілік борыш жүктелетін сарбаздар қатарына қосылу бүгінде оңай емес. Ал, оны тексеріп, іріктеуден өткізу жергілікті жерлерде жасақталатын медициналық комиссиялардың мойынына жүктелген. Облыс деңгейіндегі аудандардағы жағдайдың да мәз емес екендігі анық. Себебі мектеп қабырғасынан енді ғана шыққан жігіттердің өзі түрлі патологиялық дерттерге шалдыққан. Созылмалы аурулар бойынша есепте тұрады. Әсіресе асқазан, бауыр, бүйрек және варикозды аурулар белең алған. Соңғысы түсінікті де, себебі ер жігіт болған соң көбіне ауыр жүк көтеріп, ауыр еңбекпен айналысады, спортпен шұғылданады. Ал басқа аурулары негізінен зиянды әдеттерінің нәтижесі. Ол спирттік ішімдік ішу, темекі тартып, насыбай атудың салдары.

Бұрын әскерге шақырылған азаматтардың денсаулығының жарамды-жарамсыз екенін анықтау үшін көп уақыт кететін. Ал қазір барлық медициналық пункттер заман талабына сай, жаңа құрал-жабдықтармен жасақталғандықтан, тез арада медициналық сараптама жасап, нәтижесін білуге болады. Бұрын әскер қатарына шақырылғандардың денсаулығын тексеру үшін, аудан ауруханаларына дәрігерлер арнайы шақыртылып, жұмысына кедергі келтірсе, жыл басынан бері осы науқанды өткізу үшін арнайы штат ашылып, қызметкерлер алынды. Осылайша медициналық комиссиядан өту біршама жеңілдеді.

Биыл көктемде өткізілген әскерге шақыру науқанында абыройлы борышын атқаруға жарамдылардың пайыздық көрсеткіші алдағы жылмен салыстырғанда біршама төмендеген. Салыстырмалы түрде төмендегі кестедегі деректерді келтірсек:

Әскерге шақырылғандардың дені психикалық, неврологиялық, ішкі ағза аурулары және хирургиялық сырқаттарына байланысты “жарамсыз” деп танылғандықтан, қатарластарынан қалып қоюға тура келген.

 Ішкі аурулар – 24,7%

 Хирургиялық – 20,6%

 Құлақ, тамақ, мұрын – 12,1%

 Көз аурулары –10,9%

Тері аурулары – 6,4%

 Психологиялық – 6,1%

 Тіс аурулары – 5,8%

 Ішкі ағза ауруларына салмақ пен бойдың сәйкес келмеуі, хирургиялық ауруларға – валикацелия, плоскостопия, сколиоз сияқты аурулар кіреді. Осындай сырқат түрлеріне байланысты өте алмағандарға жағдайлары жақсарғанда ғана қайта шақырту қағазы жіберіледі немесе әскер қатарына барғысы келетін жігіт өзі өтінішін білдіреді.

 Облыстық қорғаныс департаменті- әскер қатарына барғысы келетін жігіттердің қорытынды тексерілуден өтетін орны. Мұнда да арнайы медициналық комиссия мен сынық алушы топ құрылған. 2-ші сәуірден бері күніне 50 жігіт әскерге жарамды-жарамсыздығын анықтау үшін арнайы алқалы топтың алдынан өтеді. Аудандардан жиналған болашақ сарбаздардың денсаулығы жақсы. Себебі бұған дейін де олар әбден іріктеуден өткен. Біздің облыстан биыл 2000 жігіт Қорғаныс министрлігінің тапсырмасы бойынша ел аумағында Отан алдындағы парызын өтеулері тиіс. Сондықтан әскерилердің алаңдауына да негіз бар.

Денсаулығынан бөлек, білімі мен біліктілігіне де сұраныс артып отыр. Себебі әскер бұрынғыдай емес, жаңа технологиялармен жасақталған. Яғни компьютерлік біліктілігі, сауаттылығы мен кәсіби шеберліктері қажет. Жай ғана қару ұстап, жаттығудан бөлек, логикалық-интелектуалды білімінің бар болуы заман талабына айналған. Әрине бұл міндеттелгензаңдылық емес.

Бірақ жылдар өте келе бұл талап қатаңдатыла түсетіні анық. Қалай десек те, төл әскерлеріміздің әлеуеті артып, абыройы асқақтап келе жатқан дәл қазіргідей шақта дені сау, шымыр да шыныққан, мығым жігіттердің саны молайса игі еді.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА

 Баһадүр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы:

-Біздің жас жігіттеріміз денсаулығы жағынан, шындап келгенде өте нашар. Қазірдің өзінде өткен азаматтарымыздың 70 пайызы жарамсыз болды. Алдын-ала өткізіп жатқан медициналық сараптамалардың өзінен сондай қорытындымен кетіп бара жатыр.

 Әлімжан Оспанов, облыстық медициналық комиссияның төрағасы:

– Қазіргі уақытта азаматтардың денсаулығын бағалау ғана емес, оның түрлі климаттық өзгерістеріне деген бейімділігі де есепке алынады. Бұл болашақ сарбаздарға қатысты жаңа сынның бірі. Әскердегілердің қатарын толықтыруға ниет білдіргендер қатары еселеп келе жатқанын ескерсек, мұның өзі орынды үрдіс екенін аңғаруға болады.

Артық болмас білгенің…

 1. Өткен жылға қарағанда жастардың әскерге баруға ынталары жасқы. Жастар арасында әскерге барудың беделі соңғы жылдары өсіп келеді. Себебі әскер қатарында болған жас азаматтардың мемлекеттік және тағы да басқа құрылымдарға жұмысқа тұру деңгейі едәуір мықты да сенімді.

2. Келісім шарт бойынша толық өз еріктерімен баратын азаматтарға және жедел әскери қызметтерін атқарғандарға арналады.

 3. Егер әскер жасындағы жігіт үйдің жалғыз ұлы болса, әкесі немесе шешеесі жоқ болып, отбасын асыраушы азамат өзі болса, екі немесе үш баласы бар болса, әскер қатарына алынбайды.

 4. Қорғаныс министрлігінің таратқан мәліметіне қарағанда, бұрын қылмыс жасағандар және республика аумағында қандай да бір әрекет етуге тыйым салынған діни бірлестіктердің біріне қатысы бар адамдар әскерге алынбайды.

 5. Қорғаныс министрлігі тарапынан өзіміздің дәстүрлі дінді ұстанатын азаматтар әскерге жалпы негізде алына беретіні айтылды. Тек діни-радикалдық ұстанымдағылар әскерге шақырылмайды. Дегенмен «Дін қызметі мен діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңға сәйкес, барлық әскери бөлімдердегі намаз оқу бөлмелері жабылады.