Халықаралық балалар кітап күні аталып өтті

Халықаралық балалар кітап күні

2 сәуір- Халықаралық балалар кітап күні. Балалар жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай белгіленген дата 1967 жылдан бастап аталып өтіледі. Еліміздегі барлық балалар кітапханасы  бұл күні түрлі байқаулар мен жарыстар, ойындар өткізіп, кітап туралы түрлі көрмелер ұйымдастырады.

Шымкент қаласында кішкентай оқырмандарға арналған Гайдар атындағы қалалық және Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы бар болса,  мектеп оқушыларына арналған балалар және жасөспірімдер кітапханасы қызмет етеді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған рухани орын бар.

Гайдар атындағы кітапхана кітап күніне орай мектеп оқушыларының қатысуымен сайыс ойынын өткізді. Қазақ ақындарының кітап туралы өлеңдерін жатқа оқу, екінші кітапқа қатысты жұмбақтар жасыру, бір-екі сөз арқылы мақал-мәтел құрастыру сынды бөлімдер арқылы ұстаздар оқушылардың білімділігін, тапқырлығын, сөзге шешендігі мен есте сақтау қабілетін анықтауға тырысты. Әр білім ордасының атынан шығып, білімділігін таразыға салған 6 қатысушы әсіресе, Күләш Ахметова мен Қадыр Мырзалиевтің, Мұсафар Әлімбаев пен өзге де ақындардың кітап туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

Тек алғыр мен шапшаң және білімді оқушы үздік деп танылды. Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды марапаттап, сыйлықтар ұсынды. Олар кітаптың адам баласына дос екендігін, оның пайдасын, артықшылықтарын айтып түсіндіріп, жүлдегерлерге кітаптарды сыйға тартты.