Оңтүстік егістіктерін шегіртке қаптады

Облысымыздың бес ауданынан зиынкестер анықталуда

Оңтүстікте шегіртке қаптап кетті. Бұл күнде өңірдің бес бірдей ауданында қанаттылар жайылымдарды жайпап жатыр. Шаруалар болса зиянкестерді тездетіп көзін жоймаса, егістіктерді басады деп қорқып отыр. Өйткені шегірткелерден жылда зиян шегетін тұрғындар үш жыл бойы шөп-жемсіз қалған болатын.

Әлімтау аулылының тұрғыны Бейсенбай Алтеков күндіз-түні жайылымның қамын ойлаумен жүр. Өйткені шегірткелер жан-жақты жайпап барады. Шаруаның айтуынша екі апта бұрын пайда болған зиянкестерге әлі күнге дейін дәрілер себілмеген. Мұнда келген мамандар тек қанаттылардың ошағын зерттеумен ғана айналысуда.

«Биыл жер құрғақшылық. Мына шегіртке дегеніңіз көбейіп кеткен. Оны дер кезінде дәрілеп, дер кезінде қолға алмаса, қанат пайда болғаннан кейін дәрі шашқаннан пайда жоқ»,- дейді малшы Бейсенбай Алтеков.

Дәрілеу жұмыстарының кешігіп жатқанын өзге Әлімтаулықтар да айтып дабыл қағуда. Себебі, Морокко шегірткесі ауыл шаруашылығына да ауқымды зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе, малымызға шөп таба алмаймыз деп шырқырауда.

«Қазір шегірткені құртпаса, біз шөпсіз қаламыз. Онсыз да биыл зорға шықтық. Енді малға шөп болмаса, қырылып қалады. Оның үстіне, халық малымен күн көріп отыр»,- деп алаңдайды Әлімтау ауылының тұрғыны.

Ауыл халқы әсіресе жыл сайын жүргізілетін дәрілеу жұмыстарына көңілдері толмайтынын айтады. Өйткені, өткен жылы біраз аумақ дәріленгенімен, нәтиже шамалы көрінеді. Зиянкестердің ошағы толық залалсыздандырылмаған соң қанаттылар көбейіп кеткен. Тұрғындар бәрінен де  төрт жыл бұрынғыдай қара шегіртке қаптап кетпесе екен деп алаңдайды.

Түсірілім кезінде фитосанитарлар да қарасын көрсетіп қалды. Бірақ жағдайды түсіндіріп, қандай да бір ақпар беруден бас тартты. Ал, облыстық аумақтық инспекция мамандары морокко шегірткесін дәрілеуді 18-ші сәуірден бастап кеткенін айтады. Облыс аумағында  29 мың гектар жер дәріленіпті.  Сондықтан шаруалардың дәрілеу шаралары кешікті деп байбалам салуына  негіз жоқ дейді.

«Кешікпедік деп ойлаймын. Өйткені анықталған жерде жылдың басынан бері зерттеу жүргізілуде. Болжау- әдістеу орталығының мамандары сәуірдің он бесіне хабар берді. 18 сәуірден бастап группа, отрядтар жұмылдырылып, әрқайсысы өзінің бекітілген учаскелеріне жіберілген»,- деді өз сөзінде ОҚО аумақтық инспекциясының бөлім бастығы Сәбит Бекбосынов.

Қазір облыстың бес ауданынан зиянкестер анықталып,  186 адам алқаптарды улау жұмыстарына  жұмылдырылған. Мамандар  39 дәрі шашатын көлікпен 3 дельтолетті пайдаланып, 135 мың гектар жерді  залалсыздандыруда. Әзірге шегіртке  осы алқаптың жартысында ғана анықталыпты.