Көксәйектің тұрғындары Үкіметтен өтемақы талап етуде

Төлеби ауданына қарасты Көксәйек ауылының тұрғындары жергілікті шенеуніктерге наразы. Өйткені, ауылдағы Көксәйек арығын жоспарлы тазалау кезінде осындағы баспаналардың шаруашылық нысандары қиратылып кеткен. Гаражы мен сырттағы асхана, монша, сарайларын бір күнде жоғалтып алған халық енді үкіметтен өтемақы талап етіп отыр.

Мәселен, Көксәйек ауылындағы аядай баспанада Светлана Прудовикованың өмір сүріп жатқанына 15 жылдан асты. Енді оның тістеп-тырнақтап жүріп тұрғызған 4-5 сарайы жоқ. Ыбырсыған заттары үйдің кез келген жерінде шашылып жатыр.

Светлана Прудовикова, ауыл тұрғыны: «Арықты тазалайтыны жөнінде бізге үш күн бұрын ғана хабарлап айтты. Мұны естіп таң-тамаша күйге еніп, қайран қалдық. Ешбір затымызды да реттеп үлгере алмадық. Біз деген бұл дүниені қанша жылдардан бері жинадық қой. Жайлы өмір сүру үшін оны сырлап-әктедік те».

Нысандарды бұзып, заттарды шашқан жұмысшылар 21 мамыр күні бұл былықты бастаған.  Көксәйек арығын елдің игілігі үшін деп жергілікті әкімдік тазартуға пәрмен берген екен. Ауылдың азаматтары ұзақ жылдардан бері осы ауылда тіршілік етіп келе жатқанымен мұндай сұмдықты бұрын-соңды көрмепті.

Ауылдық әкімдіктегілердің сөзінше, жағдайдың бұлай өрбуіне тұрғындардың өздері кінәлі. Өйткені, заң бойынша ағынсу жанына орналасқан кез келген баспана оған 6 метр жетпей салынуы тиіс. Төлебиде негізінен 76 арық болса, соның биыл 8-і тазартылып жатыр. Бұл 10-15 жылда бір жасалатын жоспарлы жұмыс. Соның салдарынан зардап шегіп енді 10-нан аса баспананың қожайындары жүр. Ал арықтарды тазалау былтырдан бері облыстық табиғатты қорғау басқармасының балансына өткен.

Сейітхан Кемелов, Көксәйек ауылы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы: Өтемақы, төлемақы деген сұраққа облыстық табиғатты қорғау басқармасы жауап береді. Сол кісілерге хабарласып, шешпесеңіздер, біздің қолымыздан бұл ретте келетін ештеңе жоқ».

«Өтемақы төлеу жағы бұлыңғыр». Бұл табиғатты қорғау басқармасының сөзі. Айтуларынша, ескерту де уақытында берілген.

Өсерхан Рысбаев, ОҚО табиғатты қорғау басқармасы, су пайдалануды реттеу бөілімінің бастығы: «Өтемақы зардап шеккен тұрғындарға берілмейді. Өйткені, заң бойынша канал бойына қора-жай салуға болмайды. Мұны тұрғындардың өздері де біледі. Ал бұл азаматтарға өтемақы беру мәселесі заңға қайшы іс.»

Бұл күндері Көксәйектің тұрғыны Нина Прачева тас-талқаны шыққан бақшасын көрген сайын көз жасына ерік беретін болған. 63 жастағы кейуана қазір жалғыз ғана сарайын бұздырмай аман сақтап қалғанына қуанады. Аталмыш нысанның орны да тегістеліп қаларма еді кім білсін, жалғызілікті жанның сол сәтте жүрегі сыр беріп, шенділердің зәре құтын алмағанда. Дегенмен, тұрғындардың осылай әбігерге түсуі о бастағы өзімбілемдіктің нәтижесі екені шындық.