Жетісайда Абай ескерткіші ашылды

1463

Жетісай қаласындағы Абай және М.Әуезов көшелерінің қиылысынан Абай гүлзары бой көтерді. Бұл аудан орталығын көркейту, көріктендіру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған игі шара. Гүлзар ортасына субұрқақ орнатылды. Ауданның Құрметті азаматтарының тізімі жаңаша үлгіде жазылды.

Бұл-бұл ма, ең басты қуаныш Жетісай қаласының белсенді кәсіпкерлерінің қолдауымен құны 6 млн теңгеге Ұлы Абайдың ескерткіші орнатылды. Кешегі аптада аудан ардагерлері мен ұлттық-мәдени орталық өкілдерінің және іс-шараға арнайы қонақ болып келген жерлесіміз, ақын Аян Нысаналин мен филология ғылымдарының докторы, «Абайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Мекемтас Мырзахметовтің қатысуымен Абай ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Өз кезегінде М.Мырзахметов дана Абайдың өмірі, шығармашылығы жайлы сырт шертіп, ескерткіштің ашылуымен мақтарал жұртын құттықтады.

Той тойға ұласты деген осы болса керек-ті. Абай ескерткіші ашылған күні аудан әкімі Серік Тұрбеков ақын Аян Нысаналинді 70 жасқа толуымен құттықтап, ғалым ағамз Мекемтас Мырзахметов екеуіне сый-құрмет жасады.