«Қошқар ата» демалыс аумағы қоқыстан көз ашар емес

313
"Қошқар ата" өзенінде сағатына 500-дей адам шомылады

«Қошқар ата» өзенінің бойындағы демалыс орнының бүгінгі күйі сын көтермейді. 4 қызметші 12 гектар жерді қоқыстан тазартып үлгере алмауда. Келушілердің ластығы мен салғырттығынан. Оның үстіне, төңіректегі үйлердің тұрғындары да қоқысты өзен жағасына тастауды әдетке айналдырған. Қоршау тіптен жоқ, маскүнемдер мен бұзақылар осы жерде сайран құрмай қайтсін.

Құралай, демалыс аумағының қызметкері: «Өздерімен бірге алып келіп, осында ішімдік ішеді. Ол аз дегендей өздерінен кейін қоқысты тастап кетеді. Өзеннің төбе жағындағы тұрғындар болса үйінен қоқысты осында лақтырады. Қойыңыздар десек, тазаламасаңдар неге жүрсіңдер деп өзімізге бас салады».

Ұзындығы 1,5 шақырымға созылған Қошқар ата өзеніне күніне 4-5 мың демалушы келеді екен. Сағатына 500-дей адам болады дейді демалыс аумағын тазалаушылар. Бірі күннің аптап ыстығынан осында саяласа, өзгелері бұлақтың емдік қасиетіне сеніп келеді.

Ольга Сухих, демалушы: «Бұл жердің суы бізге ем болады. Сол үшін де келеміз. Қызымды ертіп, мұнда күнде келемін. Қызым да ауырмайды. Емдік қасиеті бар дегенге сенемін».

Өзен бастауынан су алып, емге ішіп жатқандар да көп. Алайда мұнда санитарлық жағдай сын көтермейді. Қошқар ата өзені ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына жатады. 2011 жылдан бастап қала дендрология саябағының еншісіне берілген.

  Әбутәліп Құламетов, Шымкент қ. Дендралогиялық саябағының директоры: «Санитарлық  нормаларға сай келмейді.  Тұрғандардан келіп құйылатын шайын суларды тоқтату қажет, қоршауды да қажет етеді. Алдағы жөндеу жұмыстарының жобасында мұның барлығы да бар. Ол дегеніміз жақын арада бұл проблема шешімін тауып қалуы әбден мүмкін».

Жақын күндері жөндеу жұмыстары басталады деп саябақ әкімшілігі үміттеніп отыр. Бүгінде тендерді жеңіп алған серіктестік бұл жердің жобалық сметалық құжатын дайындауға кірісіпті. Содан кейін ғана құрылысқа жұмсалатын қаржы көлемі анықталып, абаттандыру жұмысы басталуы мүмкін.

Әбутәліп Құламетов, Шымкент қ. Дендралогиялық саябағының директоры
«Жөндеу жұмыстарының жобасы бойынша бұлақ көздерін ашу, өзеннің ескі қаптамаларын алып тастап, жаңалау. Емдік қасиет үшін шомылатын тоғамдардың көлемін үлкейтеміз».

Жоспар көп. Алдағы уақытта мұнда балаларға арнайы алаңшалар салынып, аяқ жолдар мен отыратын орындықтар да жөнделеді, олардың саны артады екен. Өзеннің суы тазаланып, демалыс аумағы қоршауға алынады. Алайда, бұл әзірге қағаздағы жоспар ғана.