Кәмелет жасқа толмаған тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды

27

22 қараша 2022 жылы 16 жасар мектеп оқушысы Қ.Б. анасымен бірге автокөлігімен Сарыағаш ауданы Құркелес ауылындағы базарына барған. Қ.Б.-ның көлік басқару құқығы жоқ, алайда сол күні ол автокөлікті анасының рұқсатымен өзі басқарған.

Базардан шыққан соң Қ.Б. автотұрақтан шығып жатқан кезде автокөлікті игере алмай, жанында тұрған автокөлікпен соқтығысқан. Аталған жол көлік оқиғасынан кейін Қ.Б. полиция қызметкерлерінің келуін күтпей, оқиға болған жерден кетіп қалған.
Сонымен, кәмілет жасқа толмаған Қ.Б. бір күн ішінде 2 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған: көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ адам бола тұра көлік құралының бүлінуіне алып келген жол көлік оқиғасын жасаған және оқиға болған жерден кетіп қалған.
Қ.Б. сотта кінәсін мойындаған, істеген әрекетіне өкініш білдіріп, екінші рет мұндай заңбұзушылықтарға жол бермейтіні жөнінде сөз берген. Сотта Қ.Б.-ның анасы баласы жылап жүріп автокөлікті басқаруды сұрап жүрген соң оған көлікті басқаруға рұқсат бергенін айтып көрсетті.
Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 1 желтоқсанындағы қаулыларымен Қ.Б. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610, 611-баптарының 3-бөліктерімен кінәлі деп танылған.
Әрбір құқық бұзушылық үшін сот 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 30 630 теңге, жылпы 61 260 теңге мөлшерінде айыппұл шарасын қолданған. Айппұлды төлеу Қ.Б.-ның анасына жүктелген.
Сот қаулылары заңды күшіне енбеген.
P.S. Сот кәмілет жасқа толмаған құқықбұзушыларды жауаптылықтан босатып, заңды түсіндірумен шектелуге құқылы. Алайда, осы іс бойынша сот баланың анасына айыппұл салуды дұрыс деп тапты.
Бұған себеп – кәмілет жасқа толмаған баланың әкімшілік жауаптылыққа тартылуына анасының әрекеті (әлде әрекетсіздігі) негіз болып отыр. Екіншіден, “кінәлі тарап” жәбірленушімен татуласпаған және келтірілген шығынды өтеп беруге әрекеттер жасамаған.