Доллардың дәурені өтті ме?

Әлемнің біраз мемлекеттері долларға қырын қарай бастады. Бірінші Еуро Одақ бөлінді. АҚШ-тың кеңестік империяны жәукемдеуден қолы босамай жатқан тоқсаныншы жылдары ол өзгелерді қарызбен қатырды. Байлады-матады. Нәтижесі міне: Италия, Испания, Исландия, соңғысы Грекия. Құлап жатыр бірінен соң бірі. Ал неміс жұрты «жатыпішерлерді сүйремейміз», – деп ұрандатып жүр. Енді ше, бар ауырлық Француз бен Алман еліне түсіп отырса?! Осымен, доллардың дәмесін басамыз дегендердің даусы өшкендей болған еді. Бірақ, доллардың қарқынын түсіру керек дегенді енді Азия елдері, Кедендік одаққа мүшелер де айтып қалып жүр.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері әлемдік ақша атағын алған доллардың бұған көнгісі жоқ. «Сэм ағайдың» доллардың күшін сақтау жолындағы қадамдары тым қатты. Тұяғы кімдерге тимеді дейсіз? Біздерге де талай тиген. Сұрақты төтесінен қоялық. АҚШ-қа біздің ұстаным неге ұнамайды? Естіген шығарсыз әлде ой жүгірткен де боларсыз?! Неге сыртқы саудадан түскен пайда доллармен пұлданады? Мәселен, сіз 15 мың теңгені 100 долларға ауыстырмақ болдыңыз. Валюта айырбас бекетіне бардыңыз. Тиеселі «бакс»-ты қалтаңызға бастыңыз. Енді сол 100 долларды қайта теңге еткіңіз келіп, бекетке тағы беттедіңіз. Бірақ, бұл жолы 14 мың бірдеме тиын ғана бұйырады. Қалған ақша кассада қалды. Енді осыны әлемдік деңгейге келтірсек, АҚШ-тың пайдасына бәрі шешіліп отырғанын түсінесіз. Тағы бір мысал: Орыс пен қазақ саудаласса, ақша АҚШ-тікі болуы керек. Бұл әлемдік талап. Саусағын қимылдатпай-ақ ақша табу деген осы. Бірақ бұл кімге ұнасын? Әйтеуір, балама валюта іздегіштер көп-ақ. Доллардың қабірі де дайын. Тек көрге түсіру ғана қалды дейді білетіндер.

Десек те «Әуелі саясат, сосын ғана экономика» деген қасаң қағиданы қасқиып ұстанатын заман келмеске кетті. Ақпараттық тасқын басталды деп, біресе ойға, біресе қырға қарап, алақтап жүргенімізде, әлемдік оқиғалар, ғаламдық саясат, құқықтық, басқа да реформалар түбірімен өзгеріп, төңкеріліп түсті. Бір сөзбен айтқанда, заман ағымы көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп шыға келді. Күллі әлемге ортақ ұлы өзгерістердің ішінде қаржылық жүйе, экономика саласы да бар. Қазақ елі біртұтас мемлекет боп құрылғалы бері, бір емес, салқыны үш қайталап сезілген ғаламдық қаржы дағдарысы саясаттың экономиканы емес, экономиканың саясатты билейтіндігін көрсетті. Қалай десек те, қуатты ел үшін экономика бәрінен маңызды. Сол қуатты елдің одан әрі дами түсуі үшін, әріптес мемлекетпен келісім жасар алдында қай басшы да әуелі елі үшін экономикалық тиімділікті санамалап алып қана, саяси іс-қимылға көшетін болды. Мұның бәрін текке тізіп отырғанымыз жоқ.

Жуырда ғана арасында Нобель силығының оншақты иегері бар әлемнің ондаған елінен келген мыңнан астам өкілдің қатысуымен өткен V Астана экономикалық форумның басты мақсаты – ғаламдық экономикада қатталып қалған мәселелерді заманауи тетіктермен шешудің жолын табу, аузы дуалы сарапшылар дабыл қағып отырған күллі әлемге ортақ қаржы дағдарысының қайта айналып соғуының алдын алу, ең құрығанда оның салдарын азайту, ортақ валюта мәселесін де қаузау тұғын. Форум мақсатына жетті ме, жетпеді ме, ол туралы бірдеңе дей қою қиындау әзірге. Өйткені, бұлуақыт өте келекөрінетін нәтиже.

Жиын барысында Елбасы бүтін әлемге ортақ мәнді әңгіме айтты. «Дағдарыстың басты сабағы – экономикалық саясатта теңгерімсіздіктерге жол бермеу. Осы ретте ауыр болса да бақылаусыз бетімен кеткен қаржы рынокын төтенше қысымда ұстаудың маңызы мен пайдасы зор. Реттелмеген қаржы секторына үйлестірілген ашық капитал – бұл баяу жарылатын бомбамен тең. Ол бұған дейін де бір рет жарылды, әлі де талай жарылуы мүмкін» деген Президент мұны дағдарыстың бірінші сабағы деп түсіндірді. Президент айтқан дағдарыстың екінші сабағы, дамушы елдер үшін индустриялық және инновациялық саясаттың маңызының артуы болды. Үшінші сабағы, жеткілікті дәрежедегі әлеуметтік саясаттың қажет екендігіне түсініктің артқандығымен ерекшеленеді.
Форум барысында Нобель сыйлығының иегерлерінен бастап, әр елден келген өкілдер өздерінше ой айтқан болды. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың макроэкономикалық саясат, қаржылық реттеу, тиімді валюталық жүйе енгізу туралы ұсыныстары халықаралық сарапшылардың назарын аударған еді.

Астанада өткен халықаралық экономикалық форум барысында Мемлекет басшысы макроэкономикалық саясатты үйлестіру, жаһандық нарықты шикізаттан қаржылық реттеу және тиімді валюталық-қаржылық жүйе енгізу сияқты мәселелерді де көтермей кеткен жоқ. Әлемге ортақ бірыңғай валюта енгізу сарапшылар айтып отырған қаржы дағдарысын айналып өтуге қаншалықты әсер етпек деген сұрақ туады осы жерде.
Бүгінде әлемде пайдаланылып келе жатқан резервтік валюталардың бірде-бірі тауарлар мен қызметтердің шынайы құнын нақты бағалай да, өлшей де алмайды. Дүниежүзілік валюта – доллардың өзі ақаулы, оны Елбасы бейнелі түрде «дефектал» деп атаған. Соңғы жүз жылда доллар он еседен астамға құнсызданған. Бұл үрдіс соңғы жылдары үдей түсті. Мысалы АҚШ-та инфляция деңгейі 2008 жылы бес пайызға жетіп, соңғы он жеті жылдың ең үлкен деңгейі болған. Әлемдік валюта – қаржы қатынастарын долларландырудың келеңсіз факторлары қаржы дағдарысы барысында айрықша көрінді. Жаһандану жағдайында мұның өзі американдық ақша бірлігінің рөлін әлемдік резервтік валюта, жалпыға ортақ балама ретінде сақтауға ұмтылыс пен жаңа ойыншылардың пайда болуы – еуро, иена, юань, рубльдің арасындағы қарама-қайшылыққа соқтырған. Жаһандық дағдарыстан шығудың мәні осынау өздерін әлдеқашан түгесіп болған әлемдік валюталардан жаңа саладағы жаңа қаржы құралдарына көшу болып отыр. Әлемдік жаңа қаржы құралының бірнеше нұсқалары ұсынылуда. Бірақ, олардың қай-қайсысының да өзіне тән кемшіліктері бар көрінеді.

Нақты экономиканың мәселелерін терең түсінетін Президент Назарбаев жаһандық экономиканы біртұтас валютаға көшіру үшін қажетті тұтас ұсыныстар шоғырын назарға салған. Мұндағы сындарлы ұсыныстар қатарында оның жұмыс істеуіне қажетті құқықтық базаны құру, тиісті эмиссиялық орталықтардың, тиімді жұмыс істейтін әлемдік қаржы жүйесіне басқа да қажетті элементтер қалыптастыру бар. Бұл ретте Елбасы орынды түрде жинақталған бүкіләлемдік тәжірибені барынша пайдалану, мәселені шешуге Біріккен ұлттар ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік сауда ұйымы және басқа құрылымдарды тарту қажет деп біледі.

 Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

P.S.Халықаралық сарапшылар әлем Назарбаев ұсынған ұлттық валюталардан жоғары тұратын бірыңғай валютаны ертерек қабылдамаса, қаржылық қиындықтар күн санап қыртыстанып, жаһандық экономика жазылмас дертке шалдығудың аз-ақ алдында тұр деп шуласып жүр бүгіндері. Оның үстіне, әлемдік қоғамдастықтың жаңа ғасырдың жаңа онжылдығына қадам басқандығын, қазіргі процестердің дүние дамуының жаңа қарсаңында тұрғандығын ескерсек, қазақ мемлекеті басшысының бастамасы шұғыл шешілуі тиіс, ғаламдық мәселе екені дау туғызбайды.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

 Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Расында, қазір дүниежүзінде долларға қарсы майдан жарияланды. Бірақ, менің ойымша, бұл валютаны халықаралық мінберден құлату мүм­кін емес. Сондықтан біз әлемдік саясаттың осы позициясына қо­сыл­мауымыз керек. Асығыс қадам жасауға болмайды. Өйткені Қа­зақ­стан – шағын мемлекет. «Әліптің артын баққан ұтылмайды» де­ме­к­ші, кейін болып жатқан жайдың мәнісіне қарай шешім қа­былдармыз. Жалпы, мұнайдан түскен доллар еліміздің ма­кро­эко­но­микасының жайына қарай теңге бағамының қалыпты болуын рет­тей­ді. Сондықтан одан бірден бас тарту бізге қиынға соғатын секілді. Қазір америкалық экономика үшін доллардың әлсірегені керек-ақ. Сон­да халықаралық нарықта АҚШ тауарлары бағасы жағынан бәсекеге қабілетті болып, экспорттан түсетін пайда молая түседі. Сол себепті де мұның бәрі сол жақтан қолдан жасалып жатқан нәрсе болуы әбден мүмкін.