Мамандықты дұрыс таңдай алмай жатырмыз

Бейресми дерек көздеріне сенсек, елімізде жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің 50%-ы ғана өз мамандығы бойынша, яғни дипломына сай жұмыс істейді. Ал ЖОО-н бітірген түлектердің қалған 50%-ы жұмыссыздар қатарын толтыруға немесе басқа мамандықты қайта игеруге әрекет жасайды. Бұл дегеніңіз ата-ана мен мемлекеттің грантқа бөліп жатқан қаражатының 50%-ы желге ұшып жатқанын білдірмей ме? Ата-ананың перзентін оқытуға жұмсаған шығынын былай қойғанда, Үкіметтен грантқа бөлінетін 23 млрд. теңгенің 50%-ы тиімсіз жұмсалады. Елімізде даярланатын әрбір маман үшін орташа есеппен жылына 350 мың теңгедей қаржы жұмсалады. Ал үстіміздегі жылы тек педагогикалық мамандықтарды дайындау үшін бір студентке жылына 426 мыңдай қаражат бөлінеді деген сөз бар. Сонда бір маманды дайындап, дипломды азамат ету үшін мемлекет қазынасынан 1,5 млн. астам қаржы жұмсалмақ. Ал бұл шығын өзін-өзі өтей ме?

Қазіргі таңда ең маңызды мәселердің бірі мектеп түлектерінің ҰБТ тапсыруы болып отырғаны белгілі. Күнделікті өмірде «Осы мамандықты таңдауыма ата-анам себепші болып еді немесе жаным қаламаса да, үлкендердің айтуымен осы мамандықты таңдай салып едім, енді өзім қалаған мамандығыма қайта оқып жүрмін» деген әңгімені жиі естиміз. Бұл мәселеде қалай дұрыс шешім қабылдау керек деген сауалдар төңірегінде «Грант» дайындық курсының жетекшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Бақытғали Құрманәліұлы Рахашевпен әңгімелескен едік.

 

Бақытғали Құрманәліұлы, мамандықты қателеспей дұрыс таңдау үшін нені басшылыққа алған жөн?

– Таяу күндері ҰБТ тапсырып болған мектеп түлектерінің алдында осындай маңызды мәселе туындайтыны анық. Бізге мектеп түлектері мен ата-аналар тарапынан осындай сұрақтар шындығында да көп қойылады. Біздің «Грант» дайындық курсы талапкерлер мен ата-аналарға осы бағытта кеңестер береді. Себебі мектеп бітірушілердің көпшілігі әсіресе, ауылдық мектепті бітірушілер қандай мамандықтардың бар екенінен, оларды бітіргенде қандай маман болып шығатыны жөнінде аз ақпараттандырылған, тіпті кейбіреулер мүлдем хабарсыз болады. Сондықтан өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша жиі сұрайды. Біз тәжірибемізге сүйене отырып, балалардың қызығушылығы мен неге бейім екенін бақылап, сұрай отырып, оларға шамамыз келгенше кеңес беріп жатамыз. Себебі жаны қаламаған мамандық бойынша жұмыс істейтін маманды «жарымжан маман» деп атауға болады. Ол ешуақытта жоғары деңгейдегі маман бола алмайды. Сондай-ақ өзінің потенциалын толық пайдалана алмайды, дамымайды.

Психологтардың пікіріне жүгінер болсақ, өзіне-өзі көңілі толмайтын адам түрлі созылмалы, ауыр дертке шалдығады екен. Бұл бір жағынан ел ішінде науқастардың санын көбейтеді. Ендеше, бұл мәселе бүгінгі таңда экономикалық, әлеуметтік маңызға ие көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Мамандықты дұрыс таңдамау салдарынан есіл уақытын, қаржысын (ел қаржысын), денсаулығын жоғалтқан қаншама жан бар десеңізші. Менің ойымша, адам екі нәрседе таңдаудан қателеспесе, оның бұл өмірде жолы болды деп айтуға болады: біріншісі жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау.

– Осы өткір мәселені қалай шешуге болады?

– Өкінішке орай, әлі күнге дейін елімізде қандай мамандықтарға сұраныс көп, қай мамандыққа қанша адам дайындау қажет, еліміздің қай өңіріне қандай мамандар жетіспейді, қандай мамандық иелері жалақысының орташа табысы бойынша көш бастап келеді, қай мамандық иелері көш соңында деген сараптама жасайтын арнайы орталық жоқ. Мамандар дайындайтын ЖОО-ның нақты мамандықтар бойынша рейтингісін анықтаумен жүйелі айналысып, қай ЖОО-ның жыл сайын бітірген түлектерінің саны мен олардың жұмысқа орналасу пайызын жариялап отыру мәселесін талқылап, арнайы сараптамадан өткізіп, бақылап, бағыттап отырған арнайы мекеме де жоқ. Бар болса да, оның өз деңгейінде жұмыс атқарып жатқанына күмән көп. Сондықтан осындай сараптама жасайтын тәуелсіз мекеме ашу уақыт күттірмейтін күрделі мәселе.

Бізде ЖОО-нын бітірушілердің жұмысқа орналасуы туралы мәліметтер оқу орындарының берген есебіне қарай анықталады. Ал ЖОО-ы болса, жұмыспен қамтылған бітірушілердің санын көбейтіп көрсетуге мүдделі. Сондықтан бұл мәліметтер шындықтан әлдеқайда алшақ болары анық.

– Кейінгі жылдары ҰБТ-ны өткізу керек пе деген мәселе жиі қозғалып жүр. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

– Бүгінгі таңда ЖОО-на талапкерлерді қабылдау тестілеу арқылы жүргізіледі. Себебі бұл жүйенің кемшіліктері бола тұра, өзіндік артықшылықтары да бар. Соның ішіндегі ең басты артықшылығы орта мектепті жақсы оқыған бала өз білімімен ЖОО-на түсуге мүмкіндігі мол болуы. Бірақ ҰБТ-ның нәтижесі бойынша ЖОО-на талапкерлерді қабылдау заман талабына толыққанды сай деп айту қиын. Өткен жылдардағы қабылдау емтихандары нәтижесіне жасалған талдаулар оның сапасын көтеру керек екенін көрсетті. Сондықтан бірнеше жылдан бері осы мәселені тиісті сала мамандары зерттеп, жаңа ережелерін ендіруге әрекет жасап келеді.

– ҰБТ-ны өткізудің жаңа ережелері қандай болуы мүмкін?

– Алдағы жылдары мектеп бітірушілер ҰБТ-ны ауданға шоғырландырылған орталықта тапсырады. Бұл емтихандар мектеп бітіруші емтихандар ретінде өтеді. Оның қорытындысы бойынша оқушылар аттестаттарын алады. Ал ЖОО-на түсу үшін талапкерлер сол оқу орнының өзінде таңдаған мамандығына сәйкестендірілген блогтық тестілеуден өтеді деген жоба бар. Бұл жоба бұрынғы министр Ж.Түймебаевтың тұсында қарастырыла бастағаны белгілі. Келесі жылдан бастап ҰБТ-ны тапсыру осы жобаға сәйкес өткізіледі деген сөз бар.

– Бүгінде ҰБТ тапсырудағы тағы бір даулы мәселе – кәсіптік білім беретін колледж бітірушілерінің ЖОО-на қабылдануы үшін кешенді тестілеуден өтуі. Бұл туралы не айтасыз?

– ҰБТ-дан жүрексініп көптеген оқушылар 9-сыныпты бітірген соң колледждерге түсетіні жасырын емес. Колледжді бітірген соң жеңілдетілген түрде ЖОО-на қабылдау емтиханын тапсырып, студенттер қатарына қабылданатын. Ал биылғы жылдан бастап колледж түлектері кешенді тестілеуден өтеді деген сөз бар. Әлі толығымен нүктесі қойылмаған мәселе болса да, бұл дұрыс жасалған шешім деп ойлаймын. Егер ЖОО-на талапкерлерді білімінің сапасына қарай қабылдауды мақсат тұтсақ, онда бұл бағыт өте орынды болмақ.

– ЖОО-на қабылдау емтихандары кезінде кімге жеңілдіктер жасалуы тиіс деп ойлайсыз?

– Соңғы мәліметтерге қарағанда, кейбір интеллектуалды мектептерді бітірген түлектер ҰБТ-дан босатылады. Бұл мәселеге де ойланып қараған дұрыс сияқты. Себебі нағыз интеллектуалды адам ешқандай білім сайысынан қашпауы керек. Ол кезкелген сынақтан сүрінбей өте алатыны белгілі. Оларға ешқандай жеңілдіктің қажеті жоқ деп ойлаймын. Қалай болғанда да, ҰБТ-да таразыны тең ұстау керек-ақ. Бұл менің жеке пікірім, ал кімге жеңілдік жасалуы керектігін бұл мәселемен арнайы айналысатын мамандар анықтай жатар.

– ҰБТ-да жоғары балды сатып алу туралы не айтасыз?

– Сұраныс бар жерде міндетті түрде ұсыныс болады. Ата-ана өз перзентінің қандай жолмен болса да, ЖОО-на түсіп, мамандық алып шығуын қалайды. Сондайда, жасыратыны жоқ, әркезде келеңсіз оқиғалар орын алып отыратыны рас. Бірақ биылғы жылы осындай жағымсыз жағдайлардың жолын қырқатындай әрекеттер жасалып жатыр. Мысалы, министрліктен келетін өкілдер санын көбейтіп, тестілеу өтетін аудиторияларға бейнебақылау қондырғылары орнатылып, ұялы байланыс қызметтерін тежейтін құрылғылар орнатуды қолға алып отыр.

– Әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан – Құндызай ҚАЛАУОВА.