Шымкент аруы мен серісі анықталды

400

Шымкентте «Miss and Mister Shymkent-2012» байқауы өтті. Оңтүстіктің ең сұлу бойжеткені мен ең сымбатты бозбаласын анықтаған байқауда 18 жас сынға түсті. 15 пен 20 жас аралығындағы жастар қатысқан байқау жеңімпаздары Алматыда өтетін республикалық конурста шымкенттің намысын қорғайды.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас-ау. Бұл байқауға 18 жас 3 айға жуық дайындалды. Дефиле, танго, заманауи би үлгісіне машықтанды. Бірі жоғарғы оқу орнының студенті болса, енді бірі әлі мектеп қабырғасында оқиды.

Әлия Сапарбек «Мисс және мистер Шымкент – 2012» байқауының ең жас қатысушысы. 15 жасар бойжеткен 10-шы сынып оқушысы. Қатаң іріктеуден өткен сұлу кіл мықтылар жиналған сыннан тек бабы мен бағы келіскендер ғана бәйге алады деп түйеді.

«Менің байқауға қатысам деген ойым болған жоқ. Кастинг жайлы естімеппін де. Модельдік агенттік мектебінде өтетін сабаққа келіп, іріктеуден өтіп кеттім. Болашақта заңгер болсам деп армандаймын. Біздің отбасы заңгерлер әулеті десек те болады. Апам да, анам да заңгерлер. Ал сұлулық сыны өз-өзіңе деген сеніміңді артыра түседі. Бірінен бірі өткен сұлулардың арасында мықтылығымды ең алдымен өзіме дәлелдегім келді.»,-дейді Әлия Сапарбек.

Ал жігіттердің төресі атағына шымкенттік 8 жігіт таласты. Сөйтіп, бас жүлдені 16 жасар Жандос Тасболат иеленді. Жандос қазақ-түрік техникалық лицейінің оқушысы, жасы 16-да. Ешқандай қиындыққа мойымайтын ол республикалық, әлемдік додада Оңтүстіктің намысын қорғай алатынына сенімді. Ал бойжеткендер арасында бақ сынасып, бәйге алған Жазира Нұрымбет «Шымкент аруы – 2012» бас жүлдесіне лайық деп танылды.

Сән үлгісін көрсету, go-go, танго аталымдары бойынша өткізілген байқаудың мақсаты жастардың бойына сұлулық, тектілік, үлкен мәдениеттілікті қалыптастыру дейді ұйымдастырушылар. Аймақтық «Fashion House» байқауының директоры Изольда Ким біздің сұлулардың бұған дейін де республикадан бөлек, әлемді аузына қаратқандығын айтады.

Оңтүстікте 14 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың жүлдегерлері – Шымкенттің ең сұлу бойжеткені мен ең сымбатты бозбаласы облыс намысын республикалық додада қорғайтын болады. Бірақ бір түйгеніміз, жүзден жүйрік атану үшін бұл байқаудың форматы бойынша, терең білім, ұшқыр қиял керек емес сияқтанып кетті. Өйткені байқауда сыртқы кескін-келбет, сымбатқа аса мән берілген.

Бір қуантатыны, ашық-шашық киім киіп, жартылай жалаңаштанған жоқ әйтеуір. Ұлттық нақыштармен көмкерілген біркелкі киім үлгісін киіп, ұлттық бояуды қанықтағысы келгендей бұл байқаудағы. Не десек те, сыр мен сымбат сынында талап сондай екен деп жалаңаштанған қазақтың қай аруына болсын әбүйір әпермесі анық. Ұйымдастырушылар осыны ұмытпаса игі.

Ал Оңтүстіктің атынан республикалық додаға түсер «Шымкент аруы -2012 » Жазира Нұрымбетова мен «Шымкент серісі -2012» Жандос Тасполатқа, бүлдіршіндер арасында өткен байқау жеңімпаздары Маржан, Даяна, Нұрайға сәттілік тілейміз. Жеңіспен оралыңыздар дегіміз келеді.

Изольда Ким, аймақтық байқау директоры: «Іріктеуде тек қана сыртқы түр келбетке қана назар аударып қоймай, олардың ақыл-парасатын да байқадық. Бұған дейін осы байқаудың жеңімпазы Ольга Сидоренко тұңғыш рет әлемді мойындатқан болатын. Бүгінгі жеңімпазда да халықаралық байқауларда бағын сынайтын болады».

Әлия Пернебек, «Miss Pretty» атағының иесі: «Өз-өзіме деген сенімділігімді, батылдығымды баптау үшін де осы байқауға қатысып отырмын. Жан-жақтылық пен жан мен тән сұлулығын талап ететін сынға қатысудың өзі үлкен мәртебе».

Жандос Тасполат, «Mister Shymkent-2012» бас жүлде иегері: «Мен Шымкенттің намысын республикалық додада қорғауға дайынмын. Өзіме сенімдімін. Мектепте сабақ үлгерімім де жақсы, өнерге деген қызығушылығым да зор. Келешекте экономика саласының маманы болуды армандаймын».