Шымкентте 44 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

400
Алтын белгі иегерлері

Қала әкімі Қайрат Молдасейтов «Алтын белгі» төсбелгілерін салтанатты түрде табыстады.

«Қиял әлемі» техносаябағына жиналған бітіруші түлектердің көңілі көтеріңкі болды. Биыл қаламызда 5 мыңға жуық оқушы мектеп бітірді.

Салтанатты түрде «Алтын белгі» иегерлерін марапаттаған қала әкімі Қайрат Құсейінұлы 44 түлекке төсбелгілерін табыс етті. Сондай-ақ, үздік атестатқа ие болған 23 оқушы да дәл осындай марапатқа ие болды. Ата-аналары мен ұстаздар аманатын арқалай ұшқан жас түлекке ақ жол тіледі, қала басшысы.

Қайрат Молдасейтов, қала әкімі: «Осы мектеппен қоштасу сәтінде кеудесіне алтын белгі тағып, үздік атесттат алған оқушылар-ертеңгі біздің болашағымыз. Биыл 330 бітіруші 101 балдан жоғары жинады. Оның ішінде 124 балл-1 оқушы, 123 балл-2 оқушы, 122 балл-4 оқушы, 121 балл-10 оқушы, 120 балл-10 оқушы жинаған. Ия, ҰБТ қатаң әрі адал өтті. Былтырғыға қарағанда жетістігіміз төмен. Бұдан шығатын қорытынды оқушылардың дайындығын тағы да пысықтау қажет. Биылғы түлектерге ақ жол тілеймін».

Жас түлектердің ұлағаттты ұстаздарға деген алғысы шексіз. Көңілдерінде қуаныш. Олар сән-салтанатымен мектеп вальсін биледі.

Дәл осы күні қаламыздағы барлық білім ордалары бітіруші түлектеріне куәлік тапсырды. Қаламыздағы Т. Рысқұлов атындағы №25 мектепте екі түлек Алтын белгіге ие болса, 5-еуі үздік атестат алды.

Еламан Төребек, «Алтын белгі» иегері: «Осы алтын белгімді қорғап шыққаныма дән қуаныштымын. Ұстаздарым мен ата-анама мың алғыс. Құрдастарыма ақ жол тілеймін».

Жанна Ерғалиева, «Алтын белгі» иегері: «Мен ұстаздар аманатын ақтағаныма қуаныштымын. Білімімді дәлелдеп, төсбелгіміді қорғап шықтым. 11 жыл оқытқан мектеп ұжымына мың алғыс. Енді есепші мамандығын таңдап отырмын. Арманыма жетер жол алыс емес сияқты. Сол үшін де, оқу керектігін ескерткім келеді».

Биылғы бітіруші түлектер еліміздің абыройын асқақтатуға өз үлесін қосады деп сенеміз, болашақта.