Шымкенттік балалардың алғашқы легі жазғы лагерьге аттанды

Жетім және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан 170 оқушы «Ақ-су» лагеріне тегін жолдамамен осы жылдың көшін бастап аттанды. Биылғы лагерьлер мектеп оқушылары үшін би марафондарында өнер көрсетумен есте қалатындай. Өйткені, бұл маусымда би үйірмелерінің түр-түрі жұмыс істемек.

Наталья РОМАНОВА, облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығының жанындағы «Ақ-су» лагерінің директоры: «Бұл маусымда оқушылар балалар мен жасөспірімдер орталығының жанынан құрылған түрлі үйірмелерге қатысу арқылы уақытын қызықты өткізе алады. Бұл кезең балалардың есінде би маусымы ретінде қалады деп ойлаймын».

«Жаз-2012». «Ақ-су» сауықтыру лагеріндегі алғашқы маусым осылай аталады. Лагерьдің жетекшілері болса, маусым бойы балалардың іші пыспай, демалыс көңілді өтетініне сенімді. Алғашқы маусымдағы демалысқа келген оқуышының бірі Кирилл Стопаренко сауықтыру орталығына жыл сайын барады. Және әр келгенде өзі үшін бір жаңалық ашып кетеді. Айтуынша, бұған дейін ол «Робинзон» лагерінде демалған екен. Балақайға, әсіресе, ондағы шомылу хауыздары мен тамақтандыру үрдісі ұнаған. Енді бұл сауықтыру орталығынан да жаңа достар мен жағымды әсер алып қайтатынына оқушы сенімді.

Айта өткен жөн, осы жазда бұл лагерьге тағы бір мың бала келеді. Ал бірінші маусымның демалушылары 15 маусымда үйіне оралады. Одан соң, 17 маусымнан бастап суретшілер үшін екінші кезең есігін айқара ашады. Үшінші маусым тіпті қызықты болады дейді ұйымдастырушылар. Ол кезең мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жасұландар» қатарына кіретін спортшыларға арналады екен.