«Талапкерлер тест кезінде өз-өзіне қол жұмсады» деген ақпарат жалған болып шықты

Қазақстан бойынша ҰБТ-ге қатысты дау-дамай басылмай тұр. Ата-аналар ең алдымен полиция қызметкерлерінің аудиторияға кіргізер алдында өз балаларын шешіндіріп тексергендеріне наразы. Тест сұрақтарына жауап берген оқушылардың нәтижеге де көңілдері толар емес.

Шағымдануға келгендердің барлығы бірдей қабылдана бермейді. Оған қоса биылғы ЖОО түсудің шектік балын жинағандардың қарасы аз. Кейбір жерлерде, мысалы, Астанада тест тапсырған түлектердің жартысына жуығы межелі балды жинай алмапты. Ал енді кейбір оқу орындарында тест сұрақтары мен дайын жауаптарды ашық түрде сатып жүрген мұғалімдер бар деген қауесет тарап жүр.

Тараз қаласында оқушы қыз тесттің нәтижесін күтпей, дәрі ішіп, өзіне-өзі қол жұмсамақ болған.

Ал ОҚО-да Шардара ауданы мен Шымкент қаласында оқушылар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактісі орын алды деген ақпарат жалған, деп мәлімдеді облыстық білім басқармасының басшылығы.

«Біз барлық аудандық, қалалық білім бөлімінің бастықтарымен хабарласып, байланыста отырмыз. Өз-өзіне қол жұмсады деген мәлімет бізге тіркелген жоқ. Ондай жағдай орын алған жоқ. Ал Шардарадағы дарын мектебінде оқитын оқушы бал жинай алмай, терезеден секіріп кетіпті деген нше түрлі сыбыстар шыққаннан соң, директорымен тікелей хабарластым. Бұл де жалған ақпарат. Ондай жағдай орын алмаған деген нақты жауап алдым»,-деді, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Серік Әуесханов.