ЖОО-да мемлекеттік емтихан тапсырылуда

Оқушылардың дирижерлік етуі

Қаламыздағы жалғыз саз колледжінің оқушылары мемлекеттік емтихан тапсыруды бастады.  Ұлтық аспаптар бөлімінде, қобыз, қылқобыз, домбыра, прима қобыз бен бас домбыра , шертер аспаптары бойынша маман иесі болып шығатын бітірушілер төрт жыл алған білімін бес пәннен сынақ тапсыру арқылы дәлелдеп шығатын болады.

Түлектер алғашқы мамандық пәнінен емтихан тапсырарда өздері игеріп шыққан аспапта жеке жеке алты шығарманы орындаса, әдістеме пәнінен саз мектептерінде сабақ беру әдісін көрсетеді. Екі үштен бірігіп, жұптасып ойнап, ансамбльде туынды ойнайды. Қобызшылар бөлек дайындығанын паш етсе, домбырашылар бөлек өнерін көрсетеді. Биыл колледжді аяқтап жатқан 22 оқушы үшін ең жауапты әрі қиын сынақ ансамбльде дирижерлік ету болып отыр.

«Ансамбльдің ішінде домбыра, бас домбыра мен бас қобыз, қыл қобыз бен прима қобыз, прима мен баян,  акардион мен үрмалы аспаптар, контрабас бар. Құрманғазы атындаы консерваторияның оркестрінің құрамында қандай аспаптар бар болса, бізде де солар бар. Әр оқушы өзінің алған мамандығы бойынша емтихан тапсырады»,-дейді саз колледжінің ұлттық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Күмісай Толыбаева.

Бір ерекшелігі, бітірушілердің он төрті  қарымы мен қабілетіне орай өз мамандығымен қоса, дирижерлікті алып шығады.  Республикалық пән олимпиадасының жүлдегері Қайралиев Қайырбек домбыра мамандығы бойынша үздік бітірушілердің бірі. Онымен қоса, дирижерлікті де екінші курстан бастап, игере бастаған.  Ол ансамбль құрамындағы алу, алпыс адамды бір арнаға тоғыстырып, игере білу, ондағы аспаптардың үнін сезіне білу үлкен еңбек пен аса сезімталдықты талап етеді дейді.

«Мен Құрманғазының «Серпер» деген күйі мен Кенжебек Күмісбек ағамыздың «Аяулым менің, мекенім» атты әніне дирижерлік жасаймын. БҰл екі шығармаға бір жыл бойы дайындалдым. Дирижерлік ету өте қиын. Мәселен, ансамбльдегі жетпіс адамның орындайтын партиясын білу керек және сол аспаптарда өзің де ойнай білуің  керек. Оған қоса бүкіл музыканы іштей жан-тәніңмен сезіне білуің керек. Егер барлық күш-жігеріңді салса, бірдеңе шығадды. Ал жалқаулыққа басып, «бардым-келдіммен» ойнып шықсаң, ойдағыдай ештеңе шықпайды. Сондықтан әр нәрсеге аса ұқыптылықпен қарап, бар жаныңмен кірісіп жасау керек»,- дейді Қайырбек. 

Мемлекеттік емтиханда Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториядан арнайы келген еліміздің халық әртісі Ғафик Есімов төрелік етуде.  Ал кәсіби музыкалық білім алып шығатын оқушылар музыка пәнінің ұстазы болып қызмет ете алады. Ал қалағандары Алматыдағы ұлттық консерватория мен Астанадағы өнер Академияға жолдама алып, білімін жалғастырады.