Бірлікте бірлігі жарасқан тірлік көп

Мақтарал ауданында әлеуметтік нысандардың қатары толығып келеді. Мысал ретінде Бірлік ауылын алуға болады. Мұнда мемлекет қолдауымен бірнеше жекеменшік балабақша халыққа қызмет көрсетуде. Жақында медициналық тірек те іске қосылмақ. Жарты жылда осындай тірліктерді тындырған ауыл әкімі атқарған жұмыстарымен таныстырды.

Бірлік ауылдық округінде дәл осындай үш балабақша ашылған. Ал «Балтабай Ұлман» атындағы мектепке дейін тәрбие беретін жеке меншік нысанда қазір 50 сәби бар. Екі топқа төрт тәрбиеші дәріс береді. «Балапан» бағдарламасының аясында пайдалануға берілген мекеме бүлдіршіндермен толыға түсуде. Ақысы да аса қымбат емес, айына 4 мың теңге. Әлеуметтік жағдайына қарай жеңілдіктер де қарастырылған. Оның үстіне меншік иесіне мемлекет әр бала үшін айына 11326 теңге датация беріп отырады.

Ақмарал ТЕЛҚОЖАЕВА, балабақша меңгерушісі: «2011 қараша айынан бастап ашылдық. Содан бері жұмыс жүргізіп келеміз. Біздің балабақшада 50 бала тәрбиеленіп жатыр. Ай сайынғы балалардың төлемақысы 4 мың теңге».

Дәл осы төңіректен медициналық бекет те бой көтеріп келеді. Оның құрылысына қазынадан 25 млн. 732 мың теңге бөлінген. 1 сәуірде басталған құрылыс 1 тамызда аяқталуы тиіс болатын. Мердігер кестеден кешігіп жатқанын жасырмайды. Сондықтан нысанды 15 тамызда елдің игілігіне тапсырамыз деп сендіреді. Ең бастысы, құрылыстың сапалы жүргізілуі.

Жүсіп МЫРЗАБЕКОВ, прораб: «Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясының өкілдері, жалпы техбайқаушы мамандар келіп, құрылыстың сапасын тексеріп жатыр. Нәтиже жаман емес. Жақсы деп жатыр».

Тындырылған бұл тірліктерден бөлек, атқарылатын жұмыстар да жетерлік. Ауыл әкімі оған әрекеті бар екенін ашып айтты.

Әслім ЕРКІНОВ, Бірлік ауылдық округінің әкімі: «Ауданда бүгінгі күні газ құбыры өтетін үлкен магистраль салынып жатыр. Бұйыртса, келер жылы ауылдарымыздың бәрі көгілдір отынмен қамтылады деп болжап отырмыз. Ал біздегі ауызсу мәселесі әлдеқашан шешілген іс».

Жарты жылдық жұмыстық нәтижесі осындай. Бұл тірліктер қарқынын жоғалтпаса, жылдың қорытындысы қомақты болары сөзсіз.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=A1KSU0Wvl-M[/youtube]