ОҚО-да бар 158 су қоймасының тек алтауында құтқарушылар қызмет етеді

377

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысында 158 ірі су қоймасы болса, соның ішінде тек алтауында ғана судан құтқарушылар бар. Салдарынан, қазіргі таңда орын алып жатқан қайғылы жағдайлардың барлығы дерлік сүңгуірлер жоқ жерлерде орын алуда дейді мамандар. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін таяуда қаламыздағы ірі су қоймасы – Тұлпарда арнайы рейд өтті.

Көңіл көншітпейтін деректер – шомылу маусымы басталғаннан бері өлкемізде 21 адам суға кеткен. Ең сорақысы сол – олардың арасында 11 жас бала бар. Суға тұншығу оқиғаларының көбісі Сырдария өзеніне тіркелген. Яғни, 8 адам дарияның түпсіз терең суына батып, мәңгіге көз жұмды. Қайғылы жағдайлардың орын алуына табиғат аясына демалуға келген адамдардың өздері кінәлі.

Қазір сала мамандарының қарамағында 11 сүңгуір мен 2 құтқарушы ит бар. Олардың жеткіліксіз екені даусыз. Сондықтан, көпшіліктің түсіністігі мен көмегі қажет. Келеңсіздіктердің алдын алу үшін Төтенше жағдайлар департаменті облыс басшылығымен бірлесе отырып таяуда үлкен жиналыс өткізген болатын. Онда аудан-қалалардың әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.