Жүргіншілерге арналған жерасты өткелдері салынады

Темірлан тасжолы бойында, Бекжан базары жақта жаяу жүргіншілердің жер асты өткелі салынады. Қазіргі кезде құрылыс компаниясы дайындық жұмыстарын бастады.

Осы маңдағы көлік қозғалысының ретсіздігінен шаршаған тұрғындар жол полициясына талай рет шағымдаған болатын.  Темірлан тас жолында жыл соңында жер асты жүргіншілер жолы пайдалауға беріледі деп жоспарлануда.

Абай Тұрханов, ТҮКШ бөлімінің бас маманы: «Жол полициясының қызметкерлерінің анықтауы бойынша, бұл мұндағы жаяу жүргіншілер жолында ретсіздік жиі орын алады. Көлік иелері бағдаршамға да тоқтамайды. Арнайы қойылған белгіге пысқырып та қарамайды. Әйтеуір қалаған жеріне тез жетуді көздейді бәрі».

Жер асты өткелінің құрылысына облыстық қазынадан 54 миллион теңге бөлінді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары 2013 жылдың соңында 5 құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді деп уәде беруде. Ал бұл тұрғындарды қуантпады. Олар оданда бұрынғы жер асты жолдарын қалдырып, соны жөндесе дейді. Мәселен Көктем базары маңындағы жерасты жолында қорқынышты фильм түсіруге болады дейді жергілікті тұрғындар. Мұнда қараңғы, иесіз қалған дүкендерді көресіз. Осы жерден бірнеше ай бұрын дүңгіршекті жалға алған Бахадыр Шаңқараев та мұны растап отыр.

Бахадыр Шанкараев: «Жер асты жолында клиент те жоқ. Адам аз. Басында Еурападағыдай болады деп армандаған едім. Мына жердің өзі қорқынышты ғой. Сауда да жоқ.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер жер асты жүргінішілер жолдарының жекеменшікке жалға берілгенін айтады. Сондықтан тазалыққа солар жауап беруі тиіс. Мұндағы көрініске қарап, кәсіпкерлердің ат ізін салмайтынын аңғару қиын емес. Ал қыстың күндері мұнда қараңғы, көктеммен  күзде суға толады. Болашақтажаңадан салынатын жер асты жаяу жүргіншілер жолдары да осындай күй кешпесіне кім кепіл. Олай болмасын деген үмітіміз бар.