«Мектепке жолда» жомарттық танытыңыз

309

«Жақсылық жасауға асығайық». Бүгін дәл осындай үндеумен республикалық «Мектепке жол» атты акция басталды. Бұл шара аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан оқушылармен, жетім, ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға қолдау көрсету мақсатын көздейді. Осы санаттағы оқушыларға көмектесуге барлық тұрғынның еркі бар.

Қалдаровтар отбасы жәрдемақымен ғана өмір сүреді. Отағасы Жанғали 3-топ мүгедегі болса, әйелі Эльмира 1-топта. Олар үшін, екі бірдей баланы мектепке дайындау өте қиын. Былтыр тұңғыш ұлдары Арсенге «Мектепке жол» арқылы көмек көрсетілген. Биыл ортаншысы Елжан 1-сыныпқа барады.

Жанғали Қалдаров, отағасы: «Былтыр ұлымның барлық шығынын демеушілер көтерген. Жеңілдеп қалған едік. Биыл тағы сол акциядан үмітіміз бар. Әйелім екеуміздің жәрдемақымыз неге жетеді? Жомарт жандар биыл да табылатын шығар».

Арсен былтырғы ағалардың жомартығын әлі ұмытпаған. Мектепке қажетті құрал-жабдықтарын базар апарып, арнайы сатып әперген ағаларды биыл да асыға күтеді. Жас болса да, ата-анасына жаны ашиды.

Арсен Жанғалиұлы:»3-сыныпқа өткенімде базарға ағалар апарып, киіндірді. Көп дәптер, қалам әперді. Екі сумка, екі қалпақ әперді. Биыл да әперсе, анашым мен әкешіме оңай болатын еді».

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп жасындағы балалардың білім ошағына түгел баруын қамтамасыз ететін «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл да жалғасын тапты. 60 күнге созылатын іс-шараға әрбір азамат қатыса алады дейді мамандар.

Лесхан Қойлыбаев, ОҚО Білім басқармасының бас маманы:«Тамыз айында жалпы оқумен қамту айлығы қатар жүріп, барлық мектептердің мөлтек аудандарына аулаларды аралау, жаңа қоныстанған балалар бойынша жұмыстар жұргізіледі. Былтыр 16 712 балаға бюджет қаражаты есебінен және 3758 балаға демеушілер есебінен материалдық көмек берілді. Сонымен қатар, 60 күнде жүргізілген «Мектепке жол» акциясы бойынша 2092 рет рейдтер жүргізіліп, 23 кәмелетке толмаған балалар анықталып, сабаққа жіберілген. Сондай-ақ, облыс көлемінде аз қамтамасыз етілген отбасының 29358 баласы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Игі дәстүрді жалғастыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан акцияның ағымдағы жылға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, аудандық, қалалық білім бөлімдері мен бекітіліп, таратылады».

Ғалия Жүсіпова, ОҚО Балалардың құқығын қорғау департаментінің бастығы:«Атаулы акцияға облысымыздың барлық тұрғындарын және қоғамдық ұйымдарды, кәсіпкерлерді, меценаттарды, акцияға атсалысуға шақырамын. Әрбір бала білім алуға міндетті. Әлеуметтік себептерге байланысты мектептке бара алмау дегеннің жолын кесіп, алдын алуымыз керек.»

Айта өтейік, былтыр 20 мыңнан аса балаға 232 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Биыл да барлық бала қамтылады деп күтілуде.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=HvQUlAMQYX0[/youtube]