Мың құбылған баға ұнға жетті

561
ұнның бағасы қымбат

Екі аптадан бері Шымкент қаласында ұн бағасы көтеріліп, нан қымбаттап отыр. Мамандар мұны биылғы жиын-терімнің әлі толық аяқталмағанымен түсіндіруде. Оған қоса биылғы астықтың түсімі жылдағыға қарағанда аз.

Қала ор­тасындағы көтерме сау­да нүктелерінде жоғары сұрыпты бидай ұнының бір қабы 3500 теңгеден сатылуда. Бұған дейінгі бағасы 2700 теңге болатын. Яғни, жақсы ұндардың бағасы бірден 1000-1200 теңгеге көтерілген. Бағаның тым қымбаттауы сатушылардың өздерін де алаңдатады.

Ғалымжан сатушы: «Ұнды қымбат алып жатырмыз. Үсітінен ары кетсе 150-200 теңге көреміз.Бұрын бірден екі қаптан алатын алушыларымыз бір қап ұнмен шектеліп қалуда. Келеді де, біз әдейі қымбаттатып отырғандай айқайлай жөнеледі.Ондай уәждерін диірменге барып айтсын.»

25 келілік қаптағы ұнның бағасы – 2300-2500 теңге аралығында. Ұнның тым қатты қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасын әжептеуір қағып жатыр.

Күлия Тасбауова, қала тұрғыны: «Бұл жерде саудагерлердің кінәсі жоқ. Олар да балаларының нәпақасы үшін 200 теңгедей қояр. Мейлі, бірақ 25 келілі ұндардың 2500 теңгеден сатылуы масқара, сұмдық?!»

Фатима, қала тұрғыны:»Өткенде ғана арзандайтын болды деген еді, қайда арзан ұны? Күннен-күнге бағасы ұшып барады. Неге халықтың жағдайын ойламайды?»

Ұн бағасының күрт қымбаттап кеткенінен халық тұтынатын нан өнімдерінің бағасы да өсуде.

Күлия Тасбауова, қала тұрғыны:»Күз болмай жатып, ұн жоқ. Қымбатшылық жағадан алды. Қиналып жатқан-қазақ. Өйткені әр қазақтың үйінде 5-6 бала бар. Олар күніне 5-6 лепешка жейді. Оның да кішкентайы 50 теңге. Халыққа қиын болды».

Жангелді МАХАШОВ, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы:»Бидай өнімі былтырғыдай болмай отыр. Сол себептен бағасы шарықтап тұр. Дегенмен де, наубайханаға беріліп жатқан 2300 теңгеден басқа, облыс әкімшілгі қала әкімшілігімен жұмыс жүргізіп жатыр. 50 килолық бір қап ұнды 2500 теңгеден халық көп шоғырланатын сауда орындары мен базарларға қоға жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені халық арасында өздері үйлерінен нан пісіріп, күн көретін азаматтар бар. Наубайханалар біздің дүкендерге жеткізеді. Ал жалпы халық арзан ұн сауда үйлерімен келісілген соң, таратылатын болды. Ендігі аптадан бастап, осы жұмыс жүзеге асатын болады».

Билік басындағылар келесі аптадан бастап, халық көп шоғырланатын жерге 1-сұрыптағы ұн арзандатылған бағамен, яғни 2500 теңгеден сатылады деп мәлімдеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=7tv9zX-6LqM[/youtube]