Шымкентте ВИЧ-ке қатысты тағы да шу шықты

233
ВИЧ-ті жұқтырған балалардың аналары мемлекеттен дәрі талап етіп, көз жасы көл болуда

Шымкентте ВИЧ-ке қатысты тағы да шу шықты. ВИЧ-пен өмір сүруші балалардың ата-аналары «мемлекет бізді тым арзан дәрілермен ғана қамтып отыр» деп наразылық білдірді. Салдарынан науқас балалардың дерті асқынбаса, аурудың беті қайтпай тұр. Ал дәрігерлер болса ата-аналардікі құр сандырақ деп азар да безер. Осыдан тура 6 жыл бұрын Оңтүстiкте балалардың ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны есімізде.

Бүгінде Оңтүстіктегі 200-ден астам бала жазықсыз жапа шегіп отыр. Сондықтан, ВИЧ-ті жұқтырған балалардың аналары жиналып балаларының өміріне араша сұрауда. Көз жасы көл болып отырған ата-аналардың айтуларынша қажетті дәрілерді өздері сатып алып жатса керек. Дәрігерлердің тегін таратқаны арзанқол, ем-дом жүрмейтін препараттар дейді.

Ата-ана: «Менің балам 2006 жылы, қаламыздағы №1 ауруханада жатқан кезде Вич инфекциясын жұқтырды. Сондықтан, ең болмағанда дәрі-дәрмекпен лайықты қамтамасыз етілгенін қалаймын. Күні бүгінге дейін өзім қосымша қымбат дәрілердің барлығын балам үшін сатып алып келдім. Тіпті дәрі сатып алған түбіртектерге дейін сақтап жүрмін. Себебі, мен сияқты көп балалы анаға қымбат дәрі сатып алу деген өте қиын. Тамағымызды жырып, сол балаға дәрі әпереміз. Көз алдымда көз жұмғанын қаламаймын перзентімнің. Ал мемлекет ет бауыры баламды осындай айықпас дертке шалдықтырып алып, енді келіп дәрі беруден де бас тартып отыр. Ендеше, мен мемлекеттен баламның денсаулығын талап етемін. Қашанғы көз жасымыз көл болып, есік-тесіктерді аңдып жүреміз. Жуырда ғана облыс әкімінің алдына арнайы бардық. 6-7 ай сайын кездесіп тұрамын, – деген әкімнің сөзі құрғақ уәде болып шықты. Кімге барып, не айтырымызды білмей дал болып жүрміз”.

Ата-ана:”Баламның денсаулығы жанымды жегідей жеп жүр. Себебі, дәрі-дәрмектерді қосымша өзіміз сатып алып жүрміз. Тапқан табысымыз осы баланың дәрмектеріне жұмсалады. Таңданатыным сол – менің балам осы бір ауруды сатып алғандай мемлекет көмек қолын созудан қашады. Сонда перзентім қоғамнан шет қалуы тиіс пе?! Әлде бұл өмірмен қош айтысқанын өзім тамашалап тұруым керек пе?! Қашанғы мұндай бассыздыққа шыдап жүре бермекпіз?! Сондықтан, еш болмаса сапалы дәрілер беріп, баламның денсаулығына назар аударса екен деймін”.

Бұл ата-аналардың айтуынша ВИЧ-ке шалдыққан 200 ден аса отбасының басындағы басты қайғысы осы. Ал дәрігерлер болса мұны жоққа шығарады. Кіл мықты дәрілермен қамтып отырмыз дейді. Тіпті ТМД елдеріндегі ең сапалы дәрі тек Қазақстанда ғана бар дегенді де тілге тиек етті.

Еркін Құрманбекұлы ВИЧ-ті жұқтырған балаларға тек сапалы дәрілер ұсынудамыз дейді

Еркін Құрманбеков, Ал ана мен бала облыстық оңалту орталығының бас дәрігері: “Ата-аналарды түсінбеймін, қосымша қажет болғандәрілерді неге бізден келіп сұрамайды. Адамның иммундық тапшылық вирусына шалдыққан бұл балалардың ешқайсысын дәріден қағып отырған жоқпыз. Францияның ең сапалы деген түпнұсқаларымен емдеудеміз. Шымкенттегі фармкомпанияның ұсынып отырған дәрілері халықаралық стандарттарға жауап беретіндіктен, қолданысқа енгізгенімізді жасырмаймыз. Ата-аналардың жайын түсінемін, әрине, балаларының сапалы дәрілермен айыққанын қалайды. Бірақ қуатты дәрілерді бірден қолдансақ, кейін ағза үйреніп кетеді де әсері болмай қалады”. 

Ата-аналардың мұндай қиындыққа тап болғанын балалаларды СПИД-тен қорғау ұйымы да растап отыр. Тіпті дәрігерлер 5-6 айлық балаға арналған дәруменді 7 жасар балаға беріп, мазақ еткен дейді. 

Жаннета Жазықбаева, ОҚО балаларды ЖИТС-тен қорғау ұйымының төрайымы: “Мемлекет әрине, дәрмектер беріп отыр. Алайда арзанқол дәрілермен ғана қамтамасыз етіп отырғанын жасырмаймын. Мәселен, 50 доллар тұратын дәріні беруде. Ал бренд – түпнұсқа дәрмектердің құны 500 доллар. Ендіойлап қараңызшы, 5-6 айлық балаға арналған дәрумендерді де осы балаларға ұсынуда. Бұдан кейін не уәж айтарымды білмеймін мен. Көзімізді бақырайтып қойып, мұндай дәрілермен ем-дом жасаңдар дейді олар. Алайда, ата-аналар перзенттерінің қамы үшін қымбат болып отырған дәрілерді өздері арнайы тапсырыспен алдыртуда. Бұл ата-аналардың қолында тіпті дәрілерді сатып алған түбіртек те бар. Айта өтейін, әр жылы әкім ауысқан сайын бізде бір “жыр” пайда болады. Себебі, анау әкім келіп “дәрі мәселесін шешемін, біржолата дәрілермен қамтамасыз етемін “ дейді де құрғақ уәдемен қайтарады. Салдарынан, жазықсыз балақайлар жапа шегуде. Ендеше, ата-аналардың да, біздің де талап ететініміз біреу – осы дәрі-дәрмек мәселесін біржолата тұрақты шешіп берсе екен. Аты суық ауруды жұқтырған балалардың қоғамнан шет қалғанын қаламаймын. Денсаулықтарының да қадағаланғанын қалаймын. Себебі, бұлардың еш жазығы жоқ қой”.

Мамандар Шымкентте шығарылған дәрілердің беріліп жатқанын растайды. Бірақ оның сапасы нашар деп дабыра қағудың қажеті жоқ деген пікірде. Ал қайғыға тап болған аналардың бұл сөздерге сенгісі жоқ. Қымбат дәрілерді сатып алып қалтасы әбден қағылған олар енді жергілікті биліктен көмек күтіп отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=BiFalZh-5yc[/youtube]