Жаңа нөмір алдыңыз ба?

Республикамыз БҰҰ-ның Жол қозғалысы Конвенциясын ратификациялады. Осы Конвенцияның талабына сай республикамыздағы барлық транспорттық құралдардың нөмірі мен жүргізуші куәлігінің жаңа түрі қолданысқа енгізілмек. Осыған байланысты тамыздың бірінен бастап еліміздегі барлық автокөліктердің мемлекеттік нөмірі өзгеретіні хабарланған болатын.

Қолданысқа енгізілетін су жаңа нөмірдің сол жағында мемлекеттік ту бейнеленсе, ал астында «кz» деген жазу бар. Халықаралық талап бойынша, бұдан былай өңірлердің автомобиль нөмірі латын әрпімен емес, санмен көрсетіледі. Алайда, көшелерден әзірге жаңа нөмір тағып жүрген көліктер көзге түсе қоймады. Дегенмен нөміррді ауыстырудың қаншалықты қажеті бар, бұрынғы номірдің несі жаман деушілер де табылып қалады. Яғни, жаңа нөмірді қолдаушылар да оған қарсы болатын жүргізушілер де жеткілікті. Сонымен, жаңа нөмірді қолдаушылардың кейбірінің пікіріне тоқталсақ: Жаңа мемлекеттік нөмірді тіркеумен қатар, ұрланған көліктерді анықтау, көлік апатын жасап қашып кеткендерді анықтау мәселелері де осы іс-шара кезінде шешілетін сияқты. Себебі жаңа нөмір берілетін кезде барлық көлік жеке-жеке тексеруден өтеді деп ойлаймын.

Ал бұған қарсы пікір білдірушілер: Жаңа нөмір ауыстыру кезінде тағы да біраз шығындалуға тура келетін шығар, себебі, тәуір нөмір алу үшін тіркеу жасайтын құзырлы азаматтардың қолына бірдеңе қыстыру керек болады ғой…

Көліктердің жаңа мемлекеттік нөмірі мен жүргізуші куәлігін қолданысқа енгізуге байланысты ҚР ІІМ-нің Жол полициясы комитетінің төрағасы Берік Бисенқұлов былай деп мәлімдеме жасайды:

– Қазіргі қолданыстағы нөмір бірте-бірте мүлде жойылатын болады. Жаңа нөмірге ие болу барысы республикалық бюджеттен қосымша қаражат алуды талап етпейді. Нөмір алу сол бұрынғы бағада жүзеге аспақ. Ал келесі жылдан бастап, жаңа жүргізуші куәлігін енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол куәлікке мопед, квадроцикл сияқты құралдарды жүргізуге құқық беретін санат та кіреді. Олар да білім алып, жан-жақты сынақтан өтеді. Оған да қосымша шығын керек емес. Куәліктерді дайындау мемлекеттік тапсырыс аясында жасалады. Мұндай қадамға барып отырған себебіміз, Қазақстан Респуб-ликасы БҰҰ-ның Жол қозғалысы Конвенциясын ратификациялаған-ды. Ал мемлекеттік транспорттық құралдардың нөмірі мен куәліктің жаңа түріне көшу – Конвенцияның талабы.

Жұртшылық арасында түсінбестіктер туындап жатқан көрінеді. Айта кетейін, көліктердің нөмірі мен куәлігі жаппай ауыстырылмайды. Қазір қолданыстағы мемлекеттік белгілер сол көлік қайта тіркеуден өткенше сақталатын болады. Мұның барлығы, айтып отырғанымдай, қайта тіркеуден өткен көлік құралы мен жаңа тіркелген көліктерге ғана қатысты. Сол сияқты қазіргі куәліктің заңдық күші де сақталып қалады. Ал оның мерзімі аяқталып немесе куәлік енді жаңадан алынған жағдайда ғана жаңа түрі берілетін болады.

Құндызай ҚАЛАУОВА