Қоғамдық көліктердің сапасыз қызметін билік партиясы сынға алды

Көлік секторының жұмысын жүйесіз, меңгеушісін шарасыз деп шешті Ө.Мелдеханов
Көлік секторының жұмысын жүйесіз, меңгеушісін шарасыз деп шешті Ө.Мелдеханов

Қоғамдық көліктердің мәселесі түбегейлі шешілетін күн қайсы? Неге айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпқа нүкте қойылмай келеді? Шымкенттегі жолкіренің 45 теңгеге көтерілгеніне 3 айдан асты. Бірақ тасымалдау сапасының жыры күннен күнге өршіп барады. Қызығы сол, тасымалдау сапасы тұралап тұрса да, 1 қазаннан бастап, 45 теңгеге тағы 5 теңге қосылмақ. «Нұр Отан» партиясының Шымкенттегі филиал өкілдері осындай уәжін ортаға тастап, келелі жиын өткізді.

Осылайша, «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» керін киді бұл жиын. Ортақ дау – автобустардың сапасыз қызметі. Бұған «Нұр Отан» партиясының серкелері бір ай жасаған бақылау кезінде де көз жеткізген.

Бекайдар Төлегенов, «Нұр Отан» ХДП Шымкент филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Біз де бір ай бақылау жүргіздік. Сіздердің берген есепте қоғамдық көліктер 23:00-ге дейін жүреді деп жазылған. Алайда, біздер тексеру барысында оның олай емесіне көз жеткіздік. 19:30-20:00-ден кейін автобустар мүлдем тоқтайды екен. Сіздердің жазуларыңыз бойынша, автобус аралығы 8-10 минут болуы керек болса, нөмірі 13, 17б, 20, 42, 89, 58, 9, 14, 44, 18А көліктерінің қатынау аралығы 30-50 минутты құрайды. Ал 8-бағыттағы көлік тіпті шыққан да жоқ. Неге ондай?

Ерсейіт Бұхарбаев, Шымкент қалалық ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімінің көлік секторы меңгерушісі: «Сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс. Бізде монтиринг жүргізіп жатырмыз. Ол бойынша тасымалдаушыларға айыппұл салып, шара көріп жатырмыз. Және келісім-шарттарды бұзып жатырмыз. Алайда, сол келісім-шартты бұзғанымызбен қайтадан сол тасымалдаушыға конкурс болғанға дейін осында қызмет көрсетіп тұр деп өзіне айтуға мәжбүр болып жатырмыз. Өйткені, оның орнына жаңкадан келетін инвестор немесе компания болмай тұр бізде. Біздің бар ойымыз – жолаушылардың наразылығын тудырып алмау».

9 бағыт бойынша 6 тасымалдаушымен қазір тиісті келісім-шарт бұзылған. Демек, кезекті конкурсқа дейін қызмет етіп жүрген осы көліктер сапасыз қызметті жасап жүргендердің көшбасшысы болуы мүмкін. Бір қызығы, автобустарға жауапты бөлім тасымалдаушы көліктердің күнделікті шығуы жайлы түрліше мағлұмат берген. Билік партиясының көліңіне күдік ұялатқан да осы жәйт.

Ермек Дәрменов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Шамамен бір айдың ішіндегі есеп бойынша сіздер бізге біресе былай, біресе олай жауап бересіздер. Яғни, бүгін жолаушы тасымалдаушылар көбейіп кетсе, ертең тым түсіп кетеді. Мұны сіздің өзіңіз де білесіз және өзіңіз осылай ұйымдастырып, реттеп отырсыз. Менің білуімше, тендер ойнатылғанда олай жасалынбайды. Мәселен, 26-бағыттағы автобуста 15 автобус болса, сол 15 автобус тоқтамастан жүріп тұруы керек. Егер одан азайды ма, сіздер қадағалау керексіздер. Көбейді ме, демек қалтаға жұмыс жасалып жатыр деген сөз».

Бұл сауалға Ерсейіт Бұхарбаев автобустардың бекітілген кестеден артық шығарылмайтынын хабарлады. Бұл жолаушылар ағымының аз-көптігімен жасалып жатқан шаруа-мыс. Шағын аудандардың көбейіп, көшелердің созылуы да мәселенің осылайша ушығып, бағытты тендерсіз өзгертуге әкеліп соғып жатқаны рас дейді көлік секторының меңгерушісі.

Бұл істі «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов жүйесіз жұмысқа бағалады. «Бұл жемқорлыққа тікелей жол» – деді ол. – Жүйе жоқ, команда жұмыс істемейді. Содан соң, іс осылай кері кетеді. Тасымалдаушы компанияларға шара көре алмайтын шарасыз басшысың» – деді ол.

Жүйенің жоқтығынан Айқап, Асар, Ақтас, Тұран, Сайрам шағынаудандары мен Шәмші Қалдаяқов көшесінің және Гулисман көшесінің жұрты автобустармен қамтылмай келеді. Мұны Ерсейіт Бұхарбаев болашақта бөлінетін субсидия қаржысымен шешілетінін айтады. Осы ретте арнамызда бірнеше рет көтерілген Таскен бағытына дейін қатынауы тиіс 89 автобустың бағытына не себепті толық бармайтыны жөнінде тағы да сұрау салдық. Сөйтсек, мәселе сотқа өтуіне байланысты шиеленісіп кеткен екен. Бір ай мерзім ішінде шешіледі деді Е.Бұхарбаев.

Автомобиль жолдары бөлімінң көлік секторы қоғамдық көліктерді жаңартуды жыл сайын 20 пайыздап қолға алмақшы. Жарқын мысал ретінде ол жыл басынан бері 22 автобустың осы жүйе бойынша жаңарғанын алға тартты. Дегенмен, жұмысты жүйесізге балаған нұротандықтар бұған сенбейтінін аңғартты. Айтпақшы, жиында сөз алған депутаттың бірі Еркін Сатқанбаев, Шымкент үшінші қала статусына ие болады деп әр жақтан саябақ сала бергенше, ең қажетті осы тасымалдау ісіне бюджет бүйрегін бұрып, қаржы бөлсе екен деген шынайы ниетін де жасырып қалмады.