Бас кеденші бекеттерді аралады

Подпись к снимку
М.Есенбаевтың сапары

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Төлеубайұлы Есенбаев арнайы іссапармен болған еді. М.Есенбаев бұл сапарында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментіне қарасты шекаралық кеден бекеттерін аралап көріп, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Атап айтқанда, бас кеденші «Мақтарал», «Б.Қонысбаев» және «Сарыағаш» кеден бекеттерінде болып, ондағы атқарылып жатқан шаруаларды өз көзімен көріп қайтты.

Комитет басшысымен ОҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы Ж.Ахметов және департаменттің бірқатар құрылымдық бөлімше басшылары сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен жұмыс барысында енгізіліп жатқан тың жаңалықтармен танысты. Әсіресе, М.Есенбаев халықаралық стратегиялық маңызға ие «Жібек Жолы» кеден бекетінің жұмысына ерекше көңіл бөліп тоқталды. «Жібек Жолы» кеден бекетінің бастығы Б.Мыңбаев бас кеденшіге бекетті таныстыруды арнайы жасалған «Жібек Жолы» кеден бекетінің макетін таныстырудан бастады. Екі қабатты әкімшілік ғимаратын түгел аралап көрген төраға кеден бекетінің жолаушыларды өткізу терминалын да назардан тыс қалдырмады.

Бұнда кеден қызметкерлерімен кедендік бақылау бойынша әрбір транзиттік декларациялар және тауарларға арналған декларациялардың жүзеге асырылу барысы бақыланып тұрады. Бұл шара кедендік үдерістерді жүргізу барысында уақытты үнемдеп қана қоймай, кеден органының тікелей жауапкершілігін арттыруға да септігін тигізеді. Терминалдың кіру, шығу дәліздерін асықпай аралаған Комитет басшысы техникалық бақылау құралдарына да жіті көңіл бөліп, олармен жұмыс істеп отырған мамандармен де тілдесіп, олардың біліктілігін байқап көрді. Дәлізге орнатылған мониторлық ақпараттық дүңгіршек пен радиолық құрылғыны кеден саласындағы жаңа бастама, ілгерілеу қадамы деп бағалады.

Ол сондай-ақ осындағы фито-санитариялық, ветеринариялық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлмелерін көріп, олардың бүгінгі күннің талаптарына сай жабдықталғанын атап өтті. М. Есенбаев «Жібек Жолы» кеден бекетінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға берді.

Ерғали Жүсіпбеков, «Жібек Жолы» кеден бекетінің аға маманы