Оқулыққа ақша бөлмеген аудандар бар

220

Оқу жылы басталғалы екінші апта болса да облысымызда оқушыларға оқулық жоқ. Былтыр да жағдай осындай еді. Сала мамандарының айтуынша, 2011 жылы 1, 6, 11-сынып оқушылары білім басқармасының кепіл болуымен оқулыққа қол жеткізген екен. Ал биыл… Биыл жағдай тіпті нашар. Мамандар қыркүйектің 15-іне дейін оқушылардың қолына оқулық тиюге тиіс екенін жақсы түсінеді. Бірақ…

Бар мәселе жекелеген кей аудан басшыларының оқулық үшін мектептерге бюджеттен қаржы қарастырмауынан болып отыр. Рас, облыс бойынша оқулыққа деп бюджеттен 1 млрд. 156 млн. 850 мың теңге қарастырылған. Бұл жетпеген. Әсіресе Қазығұрт, Мақтарал аудандары мен Кентау қаласының әкімдіктері оқулыққа қаржы бөлуді маңызды шаруа деп ұқпаса керек-ті. Президент Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында» деп жатқанда, аталған аудан басшылары жас ұрпақтың сауатын оқулықсыз-ақ ашуға болатындай көріп отыр.

Масқара болғанда, сол Кентау қаласының әкімдігі оқулық үшін бюджеттен бөлінген қаржыны қаладағы «Жылуэнерго-орталықтың» былтырғы қарызын жабу үшін аударып жіберген. Мұны естіген кентаулықтар «биыл оқулықсыз қалдық» деп дау көтеріп жүр. Қала әкімі Бақытбек Байсаловтың «Бұл кемшіліктің орнын тез арада жабамыз, бюджеттен оқулыққа тиесілі 19 млн. 242 мың 500 теңгені бөлеміз» деп уәде еткелі де біраз уақыт өтті. Мектеп оқушыларының оқулықпен 100% қамтылуына жергілікті аудан, қала әкімдері жауапты дейтін болсақ, бұл жауапкершілікке жүрдім-бардым қарайтын әкімдерге қолданылып жатқан шараның жоқтығы да мәселенің түбегейлі шешілуіне кедергі болып отырғаны рас.

2012-2013 оқу жылына оқулыққа 1 млрд. 156 млн. 850 мың теңге бөлініп, оған 2 млн. 208 мың 322 дана оқулық, оқу-әдістемелік кешендер алынған. 

Самарқанды су алдыра бергіміз жоқ. Барды бар деп айтуға тиістіміз. Білім және ғылым министрлігінің арнайы бағдарламасы негізінде былтыр облыстағы 4,6,11-сынып оқушылары оқулықпен түгел қамтылса, биыл 1,7,8-сыныптар осындай қамқорлыққа ие болмақ. Сонымен бірге бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы, Отырар, Бәйдібек аудандарында мектеп оқушыларын оқулықпен қамтамасыз етудің екінші кезеңі аяқталыпты. Ақша бөлгендер оқулық алып жатыр.

Оқулыққа қатысты айта кететін тағы бір олқылық, кей мектептердің қолға тиген оқулықты баспасына қарай бөліп, «бізге мына баспанын оқулығы керек» деп шіренетіні бар. Бірінші кезекте тегін оқулықпен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасының ұл-қыздары, көп балалы жанұя мүшелері қамтылатыны белгілі. Ал өзгелері оқулық жетпеген жағдайда қара базардан сатып алуға мәжбүр. Ата-ана қалтасынан қаржы шығарып, (мемлекетімізде тегін білім беру, оқулықпен қамту Үкіметтің негізгі міндеті бола тұра) сатып әперген кітабын шығарған баспасына қарай қабылдамай қою қаншалықты заңды әрекет?! Оқулық жылда неге жетіспейді?

– Біздің облыста оқулықтардың жетіспеуінің себебі, лицензиялық қамтамасыз ету бойынша 25 кітаптан келу керек болса, біздің тапсырысымыздың орнына 22 оқулықтан келіп тұр. Ал 3 оқулық өзбек пен тәжік мектептеріне қатысты мәселеден туындауда. Өзбектің оқулығын шығармайды. Бұйрыққа қосып бермейді. Сондай-ақ жаңа оқу жылында тәжік мектептерінің де оқулықтары басылып, ол үшін Тәжікстаннан арнайы мамандар да шақыртылды. Бірақ ол оқулықтардың қашан қолымызға тиетіні белгісіз, – деп түсіндіреді облыстық білім басқармасындағы кітап қоры бөлімінің бас маманы Айтгүл Сәулебаева.

Биыл облыстағы 1,7,8 сынып оқушылары мен тәжік тілді мектептер оқулықпен 100% қамтамасыз етіледі.

Ашығын айтайық, оқулыққа қатысты жоғарыда айтылған сауалдарға нақты жауап табу қиынға соқты. Сала мамандарының кейбірі жаңылтпаштап, мәселенің нақты неден туындап отырғанын тап басып түсіндіре алмағаны рас. Бәлкім, жыл сайын оқулыққа қатысты мәселенің түйіні тарқатылмайтынының себебі де осында шығар…Кім білген?! Әйтеуір ата-ана баласы үшін осы күндері оқулық іздеп сабылып жүргені анық.

Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА

 

  • Сіз не дейсіз?

Жанат Тажиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы:

– 1,4,6,7,8,11 сыныптың оқушылары оқулық сатып алмаса да болады. Өйткені мектептер толық қамтылып отыр. Ал қалған сынып оқушыларының ата-аналары бөлшек сауда желісі арқылы өздері сатып алулары қажет. Отбасылық жағдайы төмен оқушылар арнайы құжаттарды мектептерге өткізу арқылы тегін оқулықпен қамтамасыз етіледі. Ал оқулықтың баспасына келер болсақ, білім беру бағдарламасы барлығында да бір. Альтернативті оқыту жүйесіне еніп отырмыз. Кейбір мектептер де «Алматы», енді бірінде «Атамұра», «Мектеп» баспасынан оқытылып жатқан жайы бар. Сондықтан да мектептің ата-аналарымен бірлесіп, қай оқулықты мектеп қажет деп табатын болса, соны алу керек. Кез-келген оқулықта жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар. Себебі бағдарлама бір, оқу жоспары бір, ішіндегі сағат саны бір.

Айтгүл Сәулебаева , ОҚО білім басқармасының кітаптар қоры жөніндегі бас маманы:

– Былтырғы жылға қарағанда биылғы жылы кейбір аудан-қалалардың әкімдері түсіністікпен қарады.Мысалы, Шымкент қаласы толық 100 % қаржысын бөліп отыр. Мектептерінің 1-сыныптары оқулықтарының бәрін алды. Ал 7-8 сыныптар алдағы күндері кітаптарын алады. Одан кейін Бәйдібек, Шардара ауданы, Ордабасы ауданы оқулықпен дер кезінде қамтыды. Қалған әкімдер қаржыларын жеткізбей отыр.