«4-шағынауданның» жұрты жаяу жүр

Негізінен, "4-шағынауданға" 10 автобус қатынайтын. Бірақ оның қазір 4-уі ғана жүруде дейді мамандар. Автобустардың арақашықтығы 30-40 минутты құрайды. Ал жергілікті жұрт болса, төрт автобус тұрмақ, төрт бағыттағы көлік те төбесін көрсетпейді деп ашынады.
Негізінен, «4-шағынауданға» 10 автобус қатынайтын. Бірақ оның қазір 4-уі ғана жүруде дейді мамандар.

Сайлау бітті, қу кетті. «4-шағынауданның» тұрғындары өз округінен сайланған депутаттарына өкпелі. Неге десеңіз, аталған шағынауданға 6-7 айдан бері қоғамдық көлік қатынамайды.

Жергілікті жауаптылардан қайыр болмағасын, жергілікті жұрт депутаттарына да сенуден қалған. Енді болса, шағынаудан халқы қалаға қатынау үшін алдымен 20-30 минут жаяу жүруге мәжбүр.

«4 шағынаудандағы» жалғыз аялдамаға жұрт жиылмағалы жарты жылдың жүзі болды. Жо-жоқ. Жұрттың бәрі жеке көлік алып, байып кеткен жоқ. Осы жолмен қатынайтын «103»-бағыттағы қоғамдық көлік бір күнде көзден ғайып болды. Жергілікті жұрт жаяу қалды. Әсіресе, оқушылар.

Раушан ЖАНБОСЫНОВА, «4-шағынаудан» тұрғыны: «Бес балам бар. Үлкендер студент болып кеткен енді. Кішкентайым, төртінші балам – бірінші сыныпқа барады. Бұл жердің балалары негізінен №23,50 мектепке барады. Ал ол жаққа №110 автобусқа шыққан күннің өзінде, Абай саябағынан түсіп, жаяу «Жаңа шаһар» аялдамасына дейін жүруіміз керек. Жарайды, ол жақтан күнде автобус болса, жаяу жүруге болады. Ал біз күнде жарты сағат жаяу төменге түсеміз де, №50 – мектепке барамыз. Ал балаларды қайтарда амал жоқ таксимен алып қайтамыз. Өйткені, балам әлі кішкентай. Өздігінен үйге келе алмайды. Жарайды, қазір күн жылы, күн суытқаннан соңғы жағдай қандай болатынын өзіңіз елестете беріңіз».

Жаяу жүруден ығыр да зығыр болған халық жергілікті атқамінерлердің де есігін қаққан. Бірақ қайыр жоқ. Сөзін сөйлер депутаты болса, қарасын да көрсетпеген, сайланып болған соң, әрине.

Клара МҰРАТОВА, «4-шағынауданы» тұрғыны: «Сайлаудың кезінде мұғалімдер, ойбай, осы депутатқа дауыс бер деп жанұшыра жүгірді. Cайланып алған соң, міне қоғамдық көлік те қатынауын қойды. Айтады ғой, «Есегі судан өткенше» деп. Осы мәтел шындыққа айналды қазір».

Сапасыз қызметі үшін қызмет көрсетуші Галиев компаниясына шағынауданда қатынауға тыйым салынған. Бар-жоғы 4 автобусы ғана қалғанын тасымалдаушылар да шарасыздықтан мойындайды. Сондықтан мәселеге нүктені қалалық көлік және коммуникация секторы ғана қоюы мүмкін.

Абай ТҰРХАНОВ, Шымкент қалалық ТҮКШ, көлік және коммуникация секторының бас маманы: «Жолаушылар ағынының аздығына байланысты, жолкіре аз болған соң, өзін-өзі ақтамаған соң, біз ол компаниядан бұл бағытты алып қойдық. 103-бағытты уақытша басқа тасымалдаушыларға берейік десек, ешкімнен сұраныс жоқ. Енді, Галиев компаниясы Қытайдан тағы да жаңа 10 автобус алып келді. Алайда, олар сәл нашарлау шыққан соң, жұмысқа кірісе алмай отыр. Тасымалдаушылар көліктерді жөндеуге беріп, екі-үш күнде бағытқа шығуға уәде беріп жатыр. Сондықтан, бұл мәселе екі-үш күнде шешіледі».

Тасымалдаушылардың сөзінше, көлік бөлімі 103 автобус қожайындарына өзге бағытпен жүруді бұйырып жатқан көрінеді. Бірақ бұл біз үшін тиімсіз дейді автобус айдаушылары. Бұрынғы сызбамен қызмет етуді қалайды. Бірақ оны көлік және коммуникация бөлімі зерттейміз деп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=jb8MM1gNK7U[/youtube]