Мақташыларға техника жетіспеуде

1 тонна мақтаның бағасы қазір, мақта зауыттарында, бар болғаны, 75 мың теңге болып тұр
1 тонна мақтаның бағасы қазір, мақта зауыттарында, бар болғаны, 75 мың теңге болып тұр

Жылда еткен еңбегінің өтеуі болмай мазасы қашатын Оңтүстік Қазақстан облысының дихандары үшін биылғы күз берекелі болды. Мақта өнімі жылдағымен салыстырғанда 5-6 центнерге артық болары анық.

Алайда техниканың аздығы мен терімшінің тапшылығы мол өнімді ысырапсыз жиып алуға мүмкіндік берер емес.

Жерді өңдеудің жаңа әрі тиімді әдіс тәсілдерін қолдану биылғы өнімнің молдығына негіз қалады. Көктемде мақта шиті бұрынғыдай соқамен жыртылған жерлерге емес ұзын қазықтармен терең қопсытылған алқаптарға егілді. Оған қоса Шардарадан тартылған жаңа каналдың арқасында егістік судан тарықпады.

Гауһарбек Нұрманов, шаруа: «Өнімділік жақсы. Жыл сайын әр гектардан 25-30 центнерден өнім алатын болсақ, биыл 25 гектар жерден 45 центнерден мақта алдық. Әлі 7-8 центнер бар».

Дегенмен, қиындық та жоқ емес. Қазір ауданда жүруге жарамды 183 мақта теретін комбаин ғана бар. Олардың көпшілігінің әбден тозығы жеткен. Амал жоқ, шаруалар бейнеті ауыр әрі шығыны көп болса да мақтаны қолмен теруге мәжбүр.

Мақсат Орынбаев, шаруа: «20-30 гектар жеріміз бар. Оны 15-20 адам теріп жатыр. Ол өте аз. Мұнша адаммен бір-бір жарым айға дейін тереміз».

Қажетті техниканың санын көбейту мақсатында жергілікті билік комбаин шығаратын шетелдік зауыттармен бірқатар келісімдер жасасқан. Келер жылдан бастап МТС-тер ашу жоспарлануда. Әзірге бағынбай тұрғаны – мақтаның бағасы. Былтыр сапасына қарай ақ алтынның бір тоннасы 90 мен 107 мың теңгенің аралығында сатылса, биыл – бар болғаны 75 мың теңге. Осыған орай мақта бағасын көтеруге байланысты үкіметке бірнеше ұсыныс та жасалды.

Серік Тұрбеков, Мақтарал ауданының әкімі: «Әкімшілік шығыны көп «Қазақстан мақтасының» бір тонна мақтаға олар 10 мың 163 теңге деп есептеп отыр. Ал егер мақта корпорациясы соны дұрыс есептеп 25 тонна емес өзінің толық қуатындағы 60 мың тоннаға шаққанда 4 теңге болар еді. Сонда бағаға 6 теңге қосуға болар еді».

Жалпы, биыл жергілікті шаруалар 257 мың тоннадан астам мақта жинап аламыз деп жоспарлап отыр. Бүгінге дейін соның 70 пайыздан астамы терілді. Ауа райы қолайлы боп тұрса, жиын-терім қарашаға дейін толық аяқталмақ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=9kP5-2VF-EY[/youtube]