Республиканың көңілді тапқырлары күлкі дәруменін сыйлады

468
ОҚО әкімінің жүлдесі үшін КТК ойындары өтті

 

«ОҚМУ» құрамасы Оңтүстікте КТК ойындары дамып жатқанын айтады

Шымкентте көңілді тапқырлар клубының көңілді кеші өтті. Оңтүстік өңірінің 85 жылдығы құрметіне орай « Облыс әкімінің жүлдесі» үшін өткен республикалық деңгейдегі шара еліміздің ең таңдаулы құрамаларының басын қосты. Сонымен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылған құрамаларды атап өтсек: Алматы қаласынан «Жас Нар» құрамасы, Қызылорда қаласынан арнайы келген «Тереңөзек» және Атырау қаласынан «Сағыз» қатысты. Ал бұл күні Шығыс Қазақстан облысының намысын «Нұр-Зайсан» құрамасы қорғады. Тараз қаласынан «Тараз-2000», Қарағандыдан «Болашақ» құрамасы келген. Ал жергілікті құрамалардан «Шымкент құрамасы» (Шымкент Университеті), «Авиценна жастары» («Авиценна» медициналық колледжі), «Шымкент жастар құрамасы», «Ассорти» (Түркістан қаласы), «Мардан-Ұландары» (Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық Институты) жолдама алған. Жалпы саны 22 құрама «Жайдарманның» жарқын сахнасын жандандырды. Айта өтейік, жиналған көрермендерді мерекемен құттықтау үшін аталған іс-шараға Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Г.Тағаева, «Нұр Отан» ХДП ШҚФ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ө.Мелдеханов келіп, алғысөзбен ашық деп жариялады.

Облыс әкімін әзілге қосқан «ОҚМУ» құрамасының «Жайдарман» сахнасында өнер көрестіп жүргеніне 4 жыл болған. Өткен жылы облыс әкімінің жүлдесін жеңіп алған жас әзілкештер Оңтүстікте көңілді тапқырлар клубы ойындарының анағұрлым дамып, маңыды мәселерді қаузап, өзге өңірлерге үлгі болып жүргенін айтады.

ОҚО әкімінің жүлдесі үшін КТК ойындары өтті

«ОҚМУ» құрамасы: » Оңтүстік – өнер Ордасы, өнердің  қаймағы бұзылмаған мекені! Бұл сөзімізге ешкім «комментарий» айта қоймас деп ойлаймын. Дәл қазіргі уақытта Оңтүстікте КВН ойындары өте қарқынды дамып жатыр деп мен айта аламын. Себебі, біз өте «актуальный» мәселелерді қамтып, сол ащы шындықты әзілге қосамыз. Осылайша күлдіріп қана шындықты жеткізе аламыз деп ойлаймын. Ал көбісі бүгінде «Бұрын 2000 жылдардағы КВН қызық өтуші еді, қазір Оңтүстік құрамаларының ойындары онша емес» дейді. Әрине, ол кездегі КВН-ді мойындаймыз. Алайда мысалы ол заманда көп әзілге арқау болған дүниелер – қалада жарық жоқ, су жоқ немесе көшелер жаман деген маңыз. Ал қазір Аллаға шүкір, анау айтқан мұндай жағдай емес қой, барлығы жақсы. Оңтүстіктің әлеуметтік жағдайы да жақсарған кезең. Сондықтан біз қазіргі замандағы маңызды проблемаларды қосып, әзіліміздің салмағына баса назар аударамыз. Тағы бір айтарымыз – ол кездегі КВН-нің өз көрермені, ал біздің өз көрермендеріміз бар. Сондықтан бұлай қауесет таратудың қажеті жоқ. Оңтүстікте КТК ойындары өте жоғары дамып жатыр деп біз еркін айта аламыз. Себебі, Оңтүстіктің ойыны өзге облыстардағы КВН ойындарына қарағанда да әлдеқайда мән-мағынасы да тереңі мазмұнда болып тұрады. Бұл пікірімізді көрермендер де растайды деп ойлаймыз».

Жайдарманның шымкенттік достары осылай есептейді. Ал «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен бұл пікірге келіспей отыр.

Есен Елеукен, «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті: «Оңтүстікте қазіргі уақытта КВН өнері кенжелеп қалған жайы бар. Бұрындары даму барысы жақсы еді. Қазір өзге өңірлермен салыстырсақ, тіпті көңілге қонымсыз. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында, жалпы көрермендер де жергілікті командалармен өзге облыстың командаларын салыстыра қараса, осы жол арқылы Оңтүстіктің командалары тәжірибесін жоғарылатып алдағы уақытта бір жетістікке жеткізу турасында қолға алынып отыр. Менімше, жаңа бір толқын келуі керек. Бұрынғы ойнап жүргендер ізін суытып, жаңа толқын керек. Сосын жаңа бағыт керек. Себебі, бір сарында бір деңгейде тұра беруіне болмайды ғой. Сол жаңағы айтып отрмын ғой, 2000 жылдардағы бір сарын, бір деңгей сол күйінде қалып қойды. Ол үшін «стил»-болмысты өзгерті қажет. Ол үшін ішкі құрылысты өзгерту қажет. Ұйымдастырушылардан бастап, көрерменнің көзқарасын қоса және КВН-ге деген насихаттың, сайып келгенде барлығын жан-жақты өзгерту қажет. Ең бастысы білім деңгейі! Өкінішке орай, соңғы уақытта КВН-де ойнап жүрген жастардың білім деңгейі көңілден шықпайды. Кез келген дүниеде білімді адам болғанда да ғана жақсы бір туынды шығады ғой. Сол сияқты білімдіден жақсы музыкант шығады, білімдіден жақсы спортшы шығады, білімдіден жақсы журналистер шығады, білімдіден жақсы жазушы-ақын шығады. Ал осындай ізденімпаз, жауапкершілігі мол, жан-жақты бағытта көп оқитын, көп ізденетіннен жақсы «Жайдарманшы» шығады. Міне, осылай. Әйтпес сахнаға шығып алып маймыл боп шығып күлдіру «Жайдарманға» жат дүние! Ең бастысы саналы-мәнді әзілмен, көрерменнің көңілінен шығу! Біздің мақсатымыз да осы! Ал бір осы облысқа тәнті болатыным, «Жайдарманның» қандай ойыны болса да әкімдері, депутаттары жауапкершілікпен келіп қатысады. Бұл да болса қуантарлық жәйт. Себебі, жастар қаумыы қоғамдағы өзекті мәселелерді осы КВН-дерінде ғана астарлап болса да жеткізеді емес пе?! Бұл жастардың шығармашылығына деген үлкен құрметін аңғартас керек-ті. Ал еліміздің өзге облыстарында мұндай шенеуніктер келмейді де.

Осылайша, жас өнерпаздар Күлкінің дәруменін сыйлады замандастарына. Ал көрермен қауым кімнің жеңіс тұғырынан көрінетінін топшылап отырды.

Алтынбек Досалиев, көрермен: «Мен жерлестерімнен үлкен үміт күтіп отырмын. Соның ішінде әАвиценна жастары» құрамасынан. Себебі, өте қызықты әзілдерін ұысынып отыр. Және қоғамдағы маңызды мәселелерді де әзілдеріне тамаша қоса алды. Сол құрамаға жақтасып отырмын. Жеңіске жетеді деп ойлаймын».

Назгүл Төлеева, көрермен: «Әрине, КВН өте жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Маған Шығыс қазақстандық команда «Нұр Зайсан» қатты ұнады. Сонымен қоса шымкенттік «ОҚМУ» құрамасының әзілдері де керемет! Әсіресе, жерлестеріміздің «Бекжан» базары мен Темірланды су басқанын әзіл арқылы жеткізгені және облыс әкімінің киімдері жайлы әзілдері қатты ұнады. Сондықтан осы құрамалардың бірі жеңіске жететініне сенімдімін!»

Ия, көрерменнің пікірі осылай болды. Сонымен, бас жүлде (200 мың теңге) облыс әкімінің кубогін Алматы қаласынан келген «ЖасНар» құрамасы жеңіп алды. 1-орынды (150 мың теңге) қызылода қаласының құрамасы «Тереңөзек» иеленді. 2-орынға (80 мың теңге) Атырау қаласынан «Сағыз» құрамасы лайық деп табылды. 3-орынға (50 мың теңге) Шығыс Қазақстан облысынан «Нұр Зайсан» құрамасы қанағат тұтты.

«Үздік ойыншы» номинациясы (30 мың теңге)«Тереңөзек» командасының ойыншысы Қармырзаев Бақытбекке бұйырды. Өкініштісі – біздің өңір өткізген республикалық өнер додасында ешбір жергілікті құрама топ жара алмады.