Апатқа ұшыраған АН-72 ұшағының қалдықтары 50 метр жерге шашылған

189
Ан-72 ұшағынан дым қалмаған
Ан-72 ұшағынан дым қалмаған
Ан-72 ұшағынан дым қалмаған

Бұл ұшақ апаты кешкі сағат 18-ден 55 минут өткенде Сайрам ауданында орын алды. Ұшақ Астанадан Шымкентке бет алған болатын. Өкінішке орай, діттеген жеріне жете алмай, апатқа ұшырады.

Ан-72 ұшағы кеше сағат 18.55-те радардан ғайып болады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әскери техника аспанда барынша төмен ұшқан. Бұл кезде жаңбырдың арты қарға айналып, бұрқасын боран басталған болатын. Оның артынша құйындатып жел соғады. Қаладағы әуежайға 20 шақырым жетпей, Сайрам ауданының аспанында айнала қалықтаған ұшақ жерге құлап, жарылады.

Апатқа ұшыраған ұшақтың қалдықтары 50 метр жерге шашылған. Сау-тамтығы қалмаған техника әбден бөлшектеніп кетіпті. Бортта болған 7 экипаж мүшелерінен бөлек, тағы 20 жолаушы оқиға орнында қаза тапты.

Оқиға орнында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара қызметі, ішкі істер департаменті, дәрігерлер тағы сол сияқты бірқатар мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлер жүр. Олар тексеру және анықтау жұмыстарын бастап кетті.

Мұхтар Алтынбаев: «Бұл жағдайда бір нәрсені дөп басып айту қиын. Қазір түрлі нұсқаларды қарап жатырмыз. Мүмкін экипаж мүшелерінің қателігінен, ауа райының қолайсыздығы, техникалық ақаулар, әуедегі сапарда құс немесе басқа да бір денелермен соқтығысуы да әбден мүмкін. Осы сияқты жағдайларды қарастырып жатырмыз. Енді оның барлығын қара жәшікті көріп, содан соң ғана анықтаймыз. Бұл өте ауыр оқиға. Мен қаза болғандардың туыстарына қайғырып көңіл айтамын.»

Қазір ұшақ апаты бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Анықтау жұмыстары кеше түнде басталып кеткен.