«Назарбаев» мектебіне ниеттілердің жартысынан азы ғана сынақтан өтті

271
Сынақ бітті, нәтиже осындай
Сынақ бітті, нәтиже осындай

Оңтүстікте үздік деп мақтаған оқушылардың масқарасы шығып жатыр. Нағыз білімділерге арналған Презеденттік мектепке іріктеудің соңы білім деңгейін айқындап берді. Сынақ тапсырған 2 мыңнан аса оқушының бірде бірі жоғары балл жинай алмай қалды.

Балқан Қасымов, комиссия төрағасы: «Жетінші сыныптардың көрсеткіші төмен. Әсіресе, биология пәні бойынша білімдері төмен. Жалпы алпыс балл жинаған ешкім жоқ. 50 балда санаулы ғана».

Оқушылар да өздерінің мұндай жаман нәтиже көрсететін ойламаса керек. Жаппай аппеляциялық комиссияға шағымданып жатыр. Міне, мұнда жиналғандардың қарасы тым қалың. Бірақ ұпайды түгендеу барлығына бұйыра қоймады. Ал Гауһар Сайдасова қызының дұрыс жауап бергенін дәлелдеп, екі балын қостырып шықты.

Гауһар Сайдасова, ата-ана: «Биологиядан екі балл жетпей қалған. Бірақ қызым тестте дурыс жазған, ал жазбаша шатасып кеткен, бір сөз. Соны ауызша сұрап, баланың білімін бағалап екі балл қосып берді».

Жанар Жаманқұлова, «Назарбаев» зияткерлік мектебі ДББҰ департамент директорының орынбасары: «Жоғары бал жинаған оқушы жоқ. Шектік балдан өткенімен жарқырап көзге түскені болмады. Біз оңтүстіктен жоғары нәтиже күткенбіз».

Ата-аналардың бірі баласының өте алмағаны үшін күйіп жүрсе, енді бірі «жіберілді» дегенді оқып, сүйінші сұрауда. Алайда, бөрікті аспанға лақтыруға ерте дейді мамандар. Соңғы нүктені республикалық комиссия қояды.

Жанар Жаманқұлова, «Назарбаев» зияткерлік мектебі ДББҰ департамент директорының орынбасары: «Жіберіледі» дегенмен оның нүктесін республикалық комиссия қояды. Мысалы үшін, биология саласы бойынша ашылатын төрт қазақ сыныбына 96 оқушы аламыз, ал бізде өткендер үш жүзден асады. Сондықтан «Өркен» гранты кімге беріледі, оны білім министрлігі шешеді».

Нағыз мықтылар оқиды деген мектепке түсушілердің сынағы қаймақтарды қалқып алды, расында. Балалардың білімін саралаған комиссия, ертеңнен бастап, оқытушылардың біліктілігін байқамақ.