Оңтүстіктен «Қазақ барысы» қашан шығады?

Ендігі кезекте, Олимпиада ойындарының бағдарламасына ендіруден үмітіміз бар

Жақсы істің жалғасын тапқаны қандай жарасымды. Еліміздегі қазақ күресінің белді балуандарын анықтайтын «Қазақстан барысы» турнирі осындай жақсы іске айналғаны мәлім. Берері мол бәсеке. Жыл сайын көкжиегі кеңейіп жатқандығы да қуантарлық. Бірақ көңіл түкпірінде сығалаған өкінішімізді жасырғымыз жоқ. Ашығын айтсақ, балуандық өнерге тарихы бай Оңтүстіктен қазақ «барысы» шығар емес. Тіпті, жүлденің сыңғырын есту «бақыты» да бұйырмай тұр.

Балуандардың бабы да, бағы да келісер емес
Балуандардың бабы да, бағы да келісер емес

Төл өнерімізді әлемдік аренаға шығару үшін жоталы жұмыстар жасалып-ақ жатыр. Жер-жерде өтіп жатқан тартысты турнирлердің ауқымы кеңейген. Қаражат та аз бөлініп жатқан жоқ. Қимыл-қозғалыстың арқасы шығар, бекзат өнерімізді ФИЛА-ның (Дүниежүзілік күрес түрлері қауымдастығы) құрамына енгізіп тастадық. Ендігі кезекте, Олимпиада ойындарының бағдарламасына ендіруден үмітіміз бар. Жер-жаһанның әр қиырында әлем чемпионаты мен құрлықтық чемпионаттардың тұсауы кесіліп жатқандығын бұған дейін де жазғанбыз. Қуантарлығы сол, төрт құрлықтың балуандары сұлу күресімізге машықтанып алыпты. «Бәрекелді» деуден басқа айтарымыз жоқ. Кейінгі кездері жауырыны қақпақтай балуандардың басын қосып жүрген «Қазақ барысы» турнирі думанды мерекеге айналып үлгерді.

Апайтөс балуандардың өнерін тамашалауға бәріміз «көк жәшікке» телміретін болдық. Ал биылғы турнир бұрынғыдан өзгерек. Ерекшелігі сол, Президенттің жүлдесіне арналған турнирге үш кезең бойынша іріктеу жүргізіледі. Әуелі ақпан айында ауылдық, кейіннен наурызда аудандық-қалалық деңгейде балуандар сүзгіден өтеді. Сәуір айында облыстың дарындарын іріктеу жоспарда екен. Сонымен қоса, үшінші рет өткелі жатқан турнирдің ажарын ашуға «Нұр Отан» ХДП-сы да белсене кіріспек. Финалдық бәсеке әдеттегідей қыркүйекте емес, Астананың 15 жылдығына орай 30 маусымда өтеді.

Ендігі кезекте, Олимпиада ойындарының бағдарламасына ендіруден үмітіміз бар
Ендігі кезекте, Олимпиада ойындарының бағдарламасына ендіруден үмітіміз бар

Расы керек, бәсірелі бәсекеде өзге өңірдің өрендеріне есеміз кетіп жүр. Бізге қарағанда қоңсы Қызылорда мен Жамбыл облысының балуандары алымдылау сыңайлы. Шығыста да қимылы ширақ жігіттер жетерлік. Ал Оңтүстік ұландары ше? Бәсі биік додада жігіттеріміздің аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қалатыны несі? Жыл сайын Нұрзат Бекасылов пен Сабыржан Әбілдаұлының сайысқа қатысқаны болмаса, жерлестеріміз жүлденің ауылына жақындай алар емес. Іріктеуден іркілмей өтіп, тартысты турнирде төбе көрсеткеніне тәубе дейтін секілдіміз. Бағалы жүлдені жыл сайын қызылордалық Ұлан Рысқұл, Тараздың тарланы Бейбіт Ыстыбаев һәм шығыстың шымыр жігіттері бөліске салатындай. Жарыстың алдында да «сенімді» сөйлейтін солар.

Айтқан сөздерін іс жүзінде дәлелдеуге тырысып бағады. Өкінішке қарай, Оңтүстік балуандарының бабы да, бағы да келісер емес. Ығай мен сығайлардың арасында шаң жұтып, жігері жасып қайтатынын несіне жасырайық. Балуандық өнерді меңгерген бабамыз Қажымұқан Мұңайтпасовтың сүйегі жатқан өңірде білекті балуанның жоқтығы ойлантарлық.

Оңтүстікте Қажымұқанның ізбасарлары болмай тұр
Оңтүстікте Қажымұқанның ізбасарлары болмай тұр

Дегенмен, ұлттық өнерімізді дамытуда қол қусырып отырмағанымыз рас. Ауыл-аймақта, қала мен ауданда епті балуандарды іріктеу турнирлері өтуде. Деңгейі жоғары бәсекелерді Шымкент төрінде қабылдап та жатырмыз. Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған турнирдің өзі жыл сайынғы мереке. Оған қоса, журналистер қауымы да білек сыбана кірісіп жүргенін білеміз. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін әр ауданда өтіп жатқан турнир де айтулы оқиғаға айналды. Аңғарғаныңыздай, балуандардың пісіп-жетілуі үшін барлық мүмкіндік бар. Осындай қошемет-қолдау бола тұра, балуандарымыздың «Қазақ барысы» атана алмай жатқаны ұяттылау емес пе? Әлде, балуандарымызға намыс жетпей жатыр ма…

Тағабай ҚАСЫМ