Шымкентте Бөкей оқулары өтті

496
Көркемсөз байқауына 20 үміткер қатысты
Көркемсөз байқауына 20 үміткер қатысты
Көркемсөз байқауына 20 үміткер қатысты

Бүгін Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінде көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы XV облыстық байқауы өтті.

Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында туған. Оралхан Бөкей – әдебиетімізге өз өрнегімен келген жазушы. Оның «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Өз отыңды өшірме», «Құлыным менің», «Зымырайды поездар», «Қар қызы», «Кісікиік», «Сайтан көпір», «Кербұғы», т.б. шығармалары бар. Биыл тірі болғанда 70 жасқа толар еді. Оралхан Бөкейдің көптеген шығармалары неміс, болгар, ағылшын, араб, қытай, жапон, ТМД халықтарының тілдеріне аударылған.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу мақсатында Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы XV облыстық байқауын өткізуде.

Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы байқауы республика көлемінде он бесінші рет өткізілуде. Республикалық байқауға Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан үміткерлер жүлдесіз оралған емес. Мысалы, 1999 жылы М.Оразметов (облыстық әзіл-сықақ және сатира театры директорының орынбасары) 1 дәрежелі дипломды, 2000 жылы М.Айтжанов (облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісі), 2005 жылы Г.Сазанбайқызы (облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының актрисасы) Бас жүлдені, 2011 жылы Оспанов Сейілхан (Түркістан қаласы) З-орынды иеленді. 2012 жылы Шырайлым Молдаш (Төле би ауданы) «Көркем сөз оқу шебері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Байқауға облыстағы аудандық, қалалық байқаулар мен оқу орындарында өткен байқауларда жеңімпаз атанған 20 үміткер қатысуда.

Жалпы қорытынды бойынша, бас жүлдені Сауырбаев Нұрлыбек Зұлфухарұлы (Сарыағаш ауданы), 1 орынды Тленшиев Абай Сейфуллаұлы (Ордабасы ауданы), 2 орынды Омарова Альбина Жасұланқызы (Түлкібас ауданы) мен Мырзамұратова Ақмарал Нұржанқызы (Шымкент қаласы), 3 орынды Дүйсенбиева Гүлім Жұмаханқызы (М.Әуезов атындағы ОҚМУ) мен Баратбаев Ермұрат Сүйінбайұлы (Шардара ауданы) жеңіп алды.

Облыстық байқауда бас жүлдені жеңіп алған үміткер Қазақстан Республикасы халқының тіл фестивалі аясында қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысы, Катон Қарағай ауданында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.