Өнерлі жігіттер сайысты

Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжі оқушылары арасында 8 жігіттің қатысуымен «Жігіт сұлтаны» сайысы өтті
Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік  Қазақстан өнер және дизайн колледжі оқушылары арасында  8 жігіттің қатысуымен «Жігіт сұлтаны» сайысы өтті
Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжі оқушылары арасында 8 жігіттің қатысуымен «Жігіт сұлтаны» сайысы өтті

Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжі оқушылары арасында 8 жігіттің қатысуымен «Жігіт сұлтаны» сайысы өтті. Алты түрлі сайыстың талаптарын орындау арқылы жігіттеріміз тарихтан сыр шертіп, салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың құндылығын дәріптесе, қойылған танымдық сауалдарға жауап беруде қазақ тілінің бай да орамды, шырайлы да, кең тынысты екенін танытты.

Сайыстың «Мен халқымның ұлымын», «Жігіттің көркі өнері» атты бөлімдерінде өнер және дизайн колледжінің оқушылары шын мәнінде «сегіз қырлы бір сырлы» екендіктерін дәлелдей алды.

Тарих, мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық дүниетаным тұрғысындағы сұрақтарға сайыскерлер қорамсақтағы жебеге байланған сұрақтарға жауап бере отырып зерделілік сынынан тосылмастан сүрінбей өтті. Спорттық сайыста өз мергендіктерін байқатып, 16 кг кір тасын көтеру арқылы күш сынасты. Ал «Айшықты ойды тіл айтар» байқауында жігіттер берілген тақырыпқа сай өз ойларын түйіндеп, көпшілік алдында келелі ой, салиқалы сөз саптау арқылы шешендік өнерін көрсете білді.

Сайысқа төрелік еткен қазылар алқасының шешімі бойынша 3-орынды Әміртай Береке, 2-орынды Сапбек Бекзат, ал 1-орынды Әмірбеков Қуаныш иеленсе, Ерназар Әділжан бас жүлде иегері атанды.

Іс-шараны ұйымдастыруға М.Әуезов атындағы ОҚМУ, «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығының бітіруші студенті Самат Пернебеков белсене қатысып, кәсіби дағдыларын қалыптастырып, өзінің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білді.

«Жігіт сұлтаны» байқауын өткізу арқылы қазақ халқының сал-серілік дәстүрін бір жаңғыртып алғандаймыз. Байқау қатысушылары да, көрермендері де өткізілген іс-шарадан тағлымды тәрбие алды деген сенімдеміз.

Рахия Темірханова, 

Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжінің оқытушысы