Голландияға ұзатылған қызғалдақ

Оның сұлулығы өзіне сор болып жабысқан сыңайлы

2002 жылы Нидерланды корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Н. Назарбаевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ жайында ағынан жарылып, былай депті: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Гүл саудасында да ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін де сіздің елге қарыздармыз».

Оның сұлулығы өзіне сор болып жабысқан сыңайлы
Оның сұлулығы өзіне сор болып жабысқан сыңайлы

Ақиқаттың негізінде өрбитін аңыз-әңгімелер жаугершілік заманда бабаларымыздың қаны тамған жерге араға бірнеше жылдар салып қып-қызыл қызғалдақтар жайқалып шыққан дейді. Осылайша, қан майданнан қалған қызғылт дақтар уақыт өте келе гүл падишасы – қызғалдаққа айналыпты. Аңыздың түбінде әйтеуір бір шындықтың жататыны рас емес пе? Олай болса, қызғалдақтың отаны деген мәртебелі атаққа қазақ жері талассыз ие бола алады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қыз­ғалдақтың отаны Қазақстан екенін ғылыми тұр­ғыдан жан-жақты дәлелдейтін жаңа ту­ынды жарыққа шыққан болатын. Биолог, ботаник ғалым Анна Иващенконың «Қазақстанның қыз­ғал­дақтары және өзге де жуа тұқымдас өсімдіктер» атты бұл кітабы баз біреулер үшін анау айтқан жаңалық болмас, әрине. Алайда онда бізге таныс һәм бейтаныс қызғалдақтың тарихы мен өсу процесі, кө­­беюі секілді жайлар талданып жа­зылған.

Жалған түкті қызғалдағы
Жалған түкті қызғалдағы

 

Шымған қызғалдағы
Шымған қызғалдағы

– Менің қызғалдақтар табиғатын зерт­тегеніме қырық жылдай уақыт болды. Қа­зақ халқы ежелгі дәуірден бері дала гүлі қыз­ғалдақты құрметтейді және оның көр­кіне қызығып қана қоймайды. Шипалы қасиеті бар өсімдік әсіресе оңтүстік өңірде емдік мақ­сатқа кеңі­нен пай­да­ланылады, – дейді Анна Ан­дрей­қызы.

Ғалымның айтуынша қызғал­дақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Қазақстаннан – Түркияға, одан әрі Голландияға жеткен көрінеді. Дала қызғалдақтары еліміздің барлық об­лыстары мен аудандарында баршылық. Алайда, мамандарды бұл күндері қыз­ғалдақтың келешек тағдыры қатты алаңдатып отыр. Бүгінде «Қызыл кітапқа» қыз­ғалдақтың 18 түрі енгізілген екен. Өкі­нішке қарай, тізім мұнымен бітер емес. Сон­дықтан да дала гүлдерін жүйелі түрде қорғау бүгінгі таңдағы басты мәселе бо­лып тұр.

Жалған қос гүлді қызғалдақ
Жалған қос гүлді қызғалдақ
Кауфман қызғалдағы
Кауфман қызғалдағы

 

Қызғалдақтың кешегісі бәрі­мізге белгілі ғой, ал енді бүгінгі қал-жағдайына мамандар қатты алаңдаулы. Қызғалдақ гүлі «Қызыл кітапқа» енгендіктен, ерекше қорғауға алынған. Жоғалып, құрып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды қалай қорғау керектігін үйретіп жатудың өзі тым артық дейді олар. Десек те, біздің елде экологиялық сауат ашуды қажет ететін жағдайлар өте көп. Егер азамат қызғалдақты жұлу кезінде қолға түссе, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 290-бабымен оның үстінен қылмыстық іс қоз­ғалады. ОҚО Ішкі істер басқармасындағылар Түлкібас ауданына қа­расты Қызыл төбешік дейтін жердегі грейг қызғалдағы ерекше қорғауды қажет ететіндігін айтады. Және сол төбеден өзге аймақтан бұл гүлді кездестіре алмайды екенсіз. Ерте көктемде осы жерде сұқ көз бен сұғанақ қолдар кө­бейетін көрнеді.

Және осындай фактілер саны жыл сайын артуда. Әсіресе, мейрамдар қарсаңында қыз­ғал­дақтың «жау-лары» күрт көбейеді екен. «Аяусыз жұлу­дың ке­сірі бірнеше жылдардан кейін қыз­ғалдақтардың жаппай жойылуына алып келе ме деген қауіп бар. Осы жағдайды бол­дырмау үшін тырысып-ақ жатырмыз. Шындығында, браконьерлікпен күресу үшін салынатын айыппұлдың көлемі өте аз. Ер­теңгі күні өкініп қалмас үшін сұғанақ қолдарға қатысты қатаң шара­лар қолдануымыз қажет сияқты», – дейді табиғат қорғаушы полицейлер.

Грейг қызғалдағы
Грейг қызғалдағы
Түркістан қызғалдағы
Түркістан қызғалдағы

 

Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің аймағында қызғалдақтың бір­неше түрі кездеседі екен. Олар Грейг, Кауфман, Шымған, Түркістан, жалған түкті, жалған қосгүлді, кү­мән­ді деп ата­латын қызғалдақтар. «Мен эколог маман ретінде мерзімді басылымдар арқылы оқырмандарға «қыз­ғалдақты жұл­маңыздар» деп әрдайым айтып жү­ремін. Өйткені олардың пиязшығына зиян келетін бол­са, ол жерден дала гүлі қайта шықпайтынын біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті қызғалдақ ұрығын қайта шашқан күннің өзінде оның өсіп-жетілуі үшін кем де­генде 10 жыл керек болады. Біздің ұлттық парк ұжымының қызметкерлері жыл сайын «Парктер шеруі» табиғат акциясын өткізуде табиғи қызғалдақтарды сақтау жөнінде жергілікті тұрғындардың, жастар мен мектеп оқушыларының арасында үгіт – насихат жұмыстарын жүргізуге көп көңіл бөледі», – дейді қызғалдақтың жойылып бара жатқанына алаңдайтын эколог маман Шолпан Анарбаева.

Күмәнді қызғалдағы
Күмәнді қызғалдағы

Егер қызғалдақты гүл падишасы дейтін болсақ, грейг қызғалдағын қызғалдақ падишасы деу әбден жа­расымды болар еді. Өйткені грейг – қызғалдақтың ең әдемі және табиғатта ең аз кездесетін түрі екен. Оның қалың көкшіл жапырақтары мен 12-15 см дейін жететін бокал тәріз­дес гүліне сұқтанбайтын жан кемде-кем. Қызғал­дақ­тың бұл түрі тек өзінің әсемдігімен ғана емес, емдік қасиеттерімен де ерекшеленеді. Мәселен, гүлдің пиязшығының құрамында 40-60% крахмал мен қант бар. Оның кей бөліктерін жергілікті халық бас ауруы, бауыр ауруларын емдеуге де пайдала­натын көрінеді. Өкінішке қарай, оның сұлулығы өзіне сор болып жабысқан сыңайлы. Себебі өте сирек кездесетін жағдайға жетіпті.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

P.S. Қазақ жерінен сонау Голландияға ұзатылған қызғалдақ осылайша жыл өткен сайын өз отанында құрдымға кетіп барады. Тарихын білмегендіктен, балалар әуестеніп жұлса, бір сәрі, ал оларға тыйым салып отыруы керек ересектердің өзі қызғалдақ ғұмырын жалмауға даяр тұрады. Сол қызғалдақты жұлмай тұрып, қызғалдақ сөзінің төркіні «қызғылт дақ» жайлы әрбіріміз ойланып көрсек қой, шіркін…

 

Анна Иващенко
Анна Иващенко

Анна Иващенко, биолог, ботаник

– Қызғалдақ – бұл біздің мақтанышымыз, байлығымыз. Қызғалдақ – адам тәрізді өсімдік. Өмір сүру ұзақтығы да адамдардыкіндей. Үлкен қалалардың маңайында қызғалдақтардың көрінбей кеткені неліктен деп ойлайсыз? Өйткені адамдар қызғалдақты аяусыз жұлып жатыр. Грейг және Кауфман қызғалдақтары Ақсу Жабағылы қорығында 1926 жылдан бері қорғалып келеді. Бұл Қазақстандағы, Орталық Азиядағы ең ескі қорық. Осы қорықтың сыртында да қызғалдақтар бар. Дәл солар адамдардың аяғынан, қолынан қырылып жатыр. Күзетшілер мен табиғат қорғаушылардың айтуынша қызғалдақты заңсыз жұлған адамға акт толтырып, сотқа жолдау үшін екі куәгер мен әкімдіктің бір өкілі болуы керек екен. Осындай қиындықтардан кейін қызғалдақтар жойылмағанда қайтсін.

 

Шолпан Анарбаева
Шолпан Анарбаева

Шолпан Анарбаева, «Сайрам-Өгем» ҰТП-нің қызметкері

– Қазіргі таңда таулы аудандар және далалы жерлердегі жергілікті тұрғындар мен табиғатта демалушылар осы қызғалдақтарды жұлып, залал келтіруде. Осылай жалғаса берсе бұл қызғалдақтардың жойылып кету қауіпі бар. Сондықтан аудандар мен ауылды жерлердегі әкімдіктер бұған аса назар аударып, қорғауды күшейту қажет. Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді қорғау баршамыздың міндетіміз.

Жалпы, табиғат қорғау ісін жандандыру мақсатында Республика көлемінде, оның ішінде әсіресе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы өтуде. Осы шаралар аясында сәуір айының соңында Түлкібас ауданында табиғи қызғалдақтарды сақтау, оны халық және жастар арасында насихаттау жөнінде іс-шара өткізу белгіленіп отыр. Мұның қызғалдақтарды қорғауға көмегі тиері сөзсіз. Біздің қызғалдақтар селекциялық мақсатта өсіру үшін өте бағалы болып табылады.Голландияда жасалған сұрыптаулардың нәтижесінде қызғалдақтардың көптеген сәндік әсем сорттары шығарылған. Тек Кауфман қызғалдағының өзінен 200 сорты алынған.